Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі мемлекеттік қызметшілердің сауаттылығына, біліктілігі мен білімділігіне, жауапкершілігіне, отансүйгіштік қасиеттеріне байланысты екені белгілі. Дүние жүзіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресте өте жақсы деңгейде яғни тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, барлығы да мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру, қатаң талап қоюмен қатар олардың жалақысын елдегі-өңірлердегі түскен салықпен, бизнес саласындағы орташа жалақымен байланыстырып қойған. Демек, әр өңірдің экономикалық жағдайлары көтерілген сайын, мемлекеттік қызметшілердіңде еңбекақысын көтерсе, сайып келгенде сыбайлас жемқорлықпен күресті азайтуға немесе онымен күресті көтеруге ынтасы арта түсер көріністерді көруге болар еді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында мүдделер қақтығысы «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін» деп айқындалады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда.
Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.
Гүлмира УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.