Ұлыстың ұлы күніне әрі ұлттың үнжариясы Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойына орай Шымкенттің Бозарық шағын ауданында Қазақ радиосы көшесі ашылды. Осынау игі іс-шараға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан келген қала қонақтары мен жергілікті зиялы қауым, тұрғындар қатысты.
Жиында сөз алған Шымкент қаласының бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Наурыз мерекесінің аясында Шымкентте 325 көшеге атау берілгенін айтты.
– 14-24 наурыз аралығында «Наурыз Шымкентте басталады» деген ізгі бастамамен қаламызда үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Күні кеше «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылды. Болашақта сол мектептің түлектерінің даусын «Қазақ» радиосынан естиміз деп ойлаймыз. Наурыз тойының аясында Шымкенттегі 325 көшеге атау берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетовтің ұйытқы болуымен күні 18 наурызда сағат 11.00-де мәслихатта Қазақ радосы көшесі ресми бекітілді. Санаулы 3 сағаттың ішінде осы көшені салтанатты түрде ашып тұрмыз. Шымкенттің қандай оперативті екенін осыдан-ақ біле беріңіздер. Шаһарымыз осы жаққа қарай өсіп келеді. Шымкенттің дамып келе жатқан тұрғын алабында ашылған көшеміз құтты болсын»! Болашақта Қазақ радиосы көшесі Қазақ радиосы даңғылына айналып жатса таңғалмағайсыздар! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жарты ғасырдан астам ғұмырын Қазақ радиосында өткізген ардагер-дикторы, Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова да Шымкенттегі Қазақ радиосы көшесінің ашылуына арнайы келіпті.
«Өзіңнің шыққан босағаң, туған балаңдай боп кеткен радиоңды құрметтеп жатса қалай қуанбайсың?! Қазақты бүткіл дүние жүзіне танытқан, қазақтың әні, сазы мен күйін көрсеткен Қазақ радиосын республикада бірінші болып ардақтап жатқан сіздерге мың да бір Алғыс! Бұл сіздердің еңбектеріңізге қарай атақты даңғыл болатынына сенемін», — деді Сауық Жақанова.
Наурыздың 18-ші жұлдызы Шымкент қаласының тарихында алтын әріптермен жазылатын күн. Себебі, Қазақ радиосының 100 жылдығына орай қаламызда 2,5 шақырымға созылып жатқан үлкен көше ашылды.
–Атаулы датаны тек атап өту емес, мақсатымыз – Қазақ радиосының атын мәңгіге қалдыру үшін көшенің атауын беріп отырмыз. Сауық апамыздың саңқылдаған даусын естіп, нұрлы жүзін көріп, көзайым болып тұрмыз. Сол дауыс, сол бір әуез бала кезімізден құлағымызда қалып қойған. Адам қанша есейсе де, дауыс сол күйі қалады екен. Сандықтай ғана радионы тыңдап өстік. Радионың арқасында ұлтымыздың өзегін, тіліміз бен ділімізді сақтап қалдық. Ұлттың дамуында радионың үлесі орасан. Сіздер барымыз бен нарымызды бір ғасыр бойы осыны дәріптеп келдіңіздер. Осы орайда Шымкенттің ірі қоғамдық орындарында, мектептерінде күндіз-түні Қазақ радиосы сайрап тұр. Енді Қазақ радиосы көшесінде де радионың үні естіледі деген үмітіміз бар. Бұл істің идеологиялық жағынан да мәні зор. Бұл көшеде №131 мектеп пен «Дулыға» балабақшасы орып тепкен. Балабақшаға бара жатқан баладан «Қай жаққа кетіп барасың?» десе, Қазақ радиосы көшесімен кетіп бара жатырмын дейді. Яғни, бүкіл ұрпақ Қазақ радиосымен тәрбиеленеді деген сөз. Әлі-ақ Қазақ радиосы көшесі бойындағы мектептің оқушылары жеңімпаз болады, елдің атын шығарады, — деді Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы.
Жиын соңы ауыл ақсақалдарының «Болашақта осы көшеден Қазақ радиосының дикторлары шығатын шығар», «Қазақ радиосының 100 жылдық тарихы осы көшеге де жұғысты болсын!», «Осы көшеде Қазақ радиосы сайрап тұрсын!» деген баталы тілектерімен аяқталды.
Мөлдір Кенжебай