Суретші-кескіндемеші, фотосуретші — Бертаев Бейбіт Нарынбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында 1987 жылдың 1-мамыр айында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағын ОҚО Түлкібас ауданының Шақпақ баба елді мекенінде өткізді. Тылсым табиғаттың сұлулығына қызыққан оқушы кезінде болашақта суретші болуға бел байлаған. Аңсаған арманына жету үшін тау-тасты қағаз бетіне бейнелеп, сабақ үстінде мұғалімнің портреттік бейнесінде салуға қызықты.
2004 жылы Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығына оқуға түсіп, оқу барысында бірнеше көрмелерге қатысып, Астанада өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды.
2008 жылы «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының кескіндеме саласы бойынша «Шақпақ баба өңірі» тақырыбында диплом қорғап, аталған оқу орнын аяқтады.
2008 жылы ОҚО Шымкент қаласындағы Академиялық Инновациялық Университетінің «Өнер» кафедрасында оқытушы қызметін атқара бастады.
2009 жылы Академиялық Инновациялық Университетінің «Дизайн» мамандығына магистратураға оқуға түсіп, 2011 жылы «Болашақ дизайнер мамандарын өрнек өнері арқылы көркем шығармашылыққа оқыту әдістемесі» атты тақырыппен диссертация қорғады.
2012 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің «Өнер» кафедрасында магистр-оқытушы қызметін қайта жалғастырып, оқу орнына өз үлесін қосып, марапаттарға ие болып, тынымсыз еңбек етті.
2015 жылы қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облыстық Бейнелеу өнері музейіне арнайы шақырылып, бұқаралық және экскурсиялық бөлім меңгерушілік қызметіне тағайындалып, 2017 жылы ғылыми бөлім меңгерушілігінде ауыстырылды. Қазіргі таңда осы қызмет бойынша бірнеше көрмелер ұйымдастырып, халық назарына ұсынып жүр. Сонымен қатар, шет ел мемлекеттері Финляндия, Эстония елдерінде, музейдің жоспарға сай іс-шараларында, облыстық өнер ұяларына арнайы шақыртумен шеберлік кластар көрсетіп, өзінің кескіндеме өнеріндегі қылқалам шебері екенін байқатты.
Облыстық Бейнелеу өнері музейінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оспанов Айнабек Мыңжасарұлымен өнер жайында бірнеше лекциялар тыңдап, кескіндеме өнерінің қыр сырын меңгеріп, өнер жолында тынымсыз еңбектің арқасында өз қолтаңбасымен ерекшелене түсті. Сұлулықты көре білген суретші шарықтаған шабытын қенеп бетіне түсіруге асығып, шығармашылық жұмыстарын жеке шығармашылық көрмесіне дайындауда.
Сондай – ақ соңғы жылдары әлеуметтік желі парақшаларында оңтүстік өңірінің көрікті орындары мен киелі жерлерін насихаттауда 100 – ден аса мақала жазып, фотоөнерде де өзінің белсенділігін байқатып, 5000 мыңнан аса фотосуреттер жариялады. Осындай бір-бірімен тығыз байланысты өнерді өн бойына ұлық еткен суретші өнер әлемінен қысқа уақыттың ішінде өз орнын таба білді. Мерейлі міндеті мемлекеттік қызметпен қатар бос уақытын өнерге арнаған суретшінің алдағы уақытта елімізге деген маңызды жоспарлары көп.
Өнердегі жетістіктері: IX – Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты (2006 жыл), Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Бұл біздің таулар» фестивалінің суретшілер конкурсында ІІ-орын иеленгені үшін дипломмен марапатталды. (2015 жыл), «Қазығұрт – береке, бірлік бастауы» республикалық байқау. ІІ-орын иеленгені үшін диплом және сертификат, Эстоно-Казахское сообщество «Атамекен» Алғыс хат. Шеберлік класын көрсеткені үшін. (Эстония. Таллин. 2016 жыл), XIV-ші TURKSOY фотосуретшілер кездесуінде арнайы алғыс хатпен марапатталды. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Жас қолөнер шебері» байқауына қатысып, ынталандыру сыйлығымен марапатталып, сертификат берілді.