Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Бұрымыңды жайма, қызым!

Бұрымыңды жайма, қызым!

Мерекелік демалыста ауылға бардым. Тоқсанға таяп қалған әжем күншуаққа қыздырынып, шашын тарап отыр екен. Жұқарып кеткен бурыл шашын асықпай тарап өріп, төбесіне иілгіш доғал тарағымен түйді. Кейін киіміне жабысқан, жерге түскен шаштарын жинап жатып: «Балам, қарашы, шаш қалып қалмасын», – деді. «Неге?» дегенімде: «Шаш аяқтың астында қалса немесе құс іліп кетсе бас ауыруына шалдықтырады», – деді.
Иә, «Бұрым — қыздың көркі» дейтін бабаларымыз қыз бойындағы бар сұлулықты бір бұрымға сыйдырған. Мұның мән-мағынасы тереңде. Өйткені халқымыз шаштың киесі бар деп сенген. Сондықтан қыз баланың шаш қою үлгісіне ерекше назар аударған. «Сүмбіл шаш – сұлудың екінші жамалы» деген сөз бар. Ал, қазақ қоғамында байырғы ақсақалдар шаштың қою немесе жұқалығына, реңіне қарап адамға мінездеме берген. Шашы көмірдей қара, жылқының қылындай ширақ, қатты болса, ондай адамды тікбақай, айдалы дейді. Ал сұйық, қоңырқай болса, жұмсақ, жылы сөзді, шашы артына қарай бітіп, маңдайы кең болса, ел ұстайтын көсем, шашы қасына мініп тұрған маңдайы тар адамды күншіл деп бағамдап отырған.
Бұрымды – біріншіден сұлулық үшін, екіншіден тәрбие құралы ретінде қарастыруға болады. Қыздың әрбір әрекетін бағып отыратын асыл аналар үйде отырып сырттағы қызының олпы-солпы жүрісі мен дөрекі әрекетін тектеп, денесін тік ұстап, салмақты, майда жүруге тәрбиелеген. Қыз бойжеткенде оған міндетті түрде қос бұрым қояды. Бұрым – өрілген ұзын шаш. Қос бұрым қою “жалғыздық Құдайға ғана жарасады” деген сенімнен, “қосағымен қоса ағарсын” деген тілектен туған. Қос бұрым – қыздың назы мен бостандығының белгісі. Қыз баланың шашын әжелер ортасынан емес, маңдайынан сәл қиғаш жарып тараған. Оған себеп те бар. Әйел заты бұл дүниеден қайтқанда ғана шашын маңдайдың дәл ортасынан жарып, екі омырауын жауып қояды. Ұзатылған қыз шашын екеу етіп өріп, үйден шығарда бұрымын артқа тастап шығады (Қыз қылығының артта қалғаны және болашақта сүйгенімен қос бұрымдай егіз, тату-тәтті болсам деген ниетте).
Күнделікті қазан-ошақ, ас-сумен тіршілігі біте қайнасқан әйел затына ас үйдегі тазалықты сақтау аса маңызды. Бұрымның да бұған қатысы зор. Сонымен қоса қыз баласының бұрымы ешқашан кесілмеген. Бабаларымыздың қалыптасқан дала заңында әлдекім әйелдің бұрымын кессе, дене мүшесін кескенмен бірдей саналған. Сол себепті бұрым үшін құн төлеткен. Әйел еріне опасыздық жасағанда, оның бұрымын кескен. Ал ол ауыр жазамен, тіпті, өліммен тең.
Халқымыз «Әйел мінезді еркекте қуат жоқ, еркек мінезді әйелде ұят жоқ» десе, Бұхар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?!», – деп толғайды. Ал, ақын Ақұштап Бақтыгереева: «Өмірде қыз болу бар да, қазақ қызы болу мүлдем бөлек», – дейді. Әрине, «елу жылда ел жаңа» демекші бүгінде қыздардың шаш үлгісі де заман ағымына сай жаңарды. Алайда, ұзын шашын бос қойып, жайып жүрген аруларымыз енді оны не үшін жинау керегін білсе ойланар дейміз.
Өкінішке қарай, бүгінде қоғамдық орындарда шашын жайып алған «қаралы сұлуларды» жиі кездестіреміз. Негізінен тарихта қара жамылған үйдің әйелдері ғана жеті күнге дейін бұрымын тарқатып жүрген. Бұрымын тарқатып, екі бүйірін таянып жылау, үлкен қайғы-қасіреттің болғанын білдірген.“Екі бүйіріңді таянба, шашыңды жайма, жамандық шақырма” деген тыйым осыдан қалған.
Шымкент қаласы, Ләззат КӘДІРБЕК,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері

Пікір жазу