Қоғамның барлық саласында ерлер мен әйел адамдардың теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет – гендерлік саясаттың стратегиясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қалыптаса бастады. 1998 жылы ел Президенті жанынан Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылып, 2006 жылы он жылға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді.
Бұл құжатта қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру міндеттелген болатын. Ресми дерек бойынша, осы он жылдың ішінде сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайған. Мәселен, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде әйелдердің үлесі 10,4 % болса, он жылдан кейін 27,1 %-ға дейін артқан. Ал барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардағы әйелдер саны 16 пайыздан 22 пайызға көтерілген. Қазір барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің үлесі орта есеппен 50 пайызға жеткен.
2016 жылы ел Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжатта еліміздегі гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі айтылады.
Гендерлік саясат – әйел адамдардың тек билікте, мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда ерлермен тең жұмыс істеуін ғана қарайтын сала емес, сонымен бірге отбасында, күнделікті тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігін, тепе-теңдігін көрсетеді.
2016-2030 жылдарға арналған отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік отбасылық саясат бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірнеше міндеттер жүктелген. Соның бір ғана тармағы – биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу, сонымен бірге еңбек нарығына, қаржылық және басқа да ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға араласуын кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлерде әйелдерге нысаналы қолдау көрсету.
2019 жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткізген жиын барысында үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс жеті міндет қойған болатын. Соның бірі – гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.
Ботагөз МЕДЕШОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының бас маманы.