Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТОЛЕРАНТТЫ ТҰЛҒА, ТОЛЕРАНТТЫ ҚОҒАМ

ТОЛЕРАНТТЫ ТҰЛҒА, ТОЛЕРАНТТЫ ҚОҒАМ

Толеранттық – [ лат. tolerencia – төзімділік] – айырмашылықтарды мойындау, сыйлау; өзінен өзге сенімдегі, көзқарастағы, мінез-құлықтағы басқаның құқын мойындау арқылы қақтығыстардың шешімін табу мүмкіндігін іздестіруге апаратын адамның күнделікті тұрмыста басшылыққа алып отыратын өнегелік жүріс-тұрыс ережесі. Көбіне толеранттық ретінде өзгелердің кемшілігіне кешіріммен қарау, төзе білу, басқаны қабылдай білу түсініледі. Толеранттық жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың басқа адамдармен немесе әлеуметтік топтармен қарым-қатынасынан көрініс табатын психологиялық немесе әлеуметтік- психологиялық мінез-құлқы ретінде; қазіргі қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі ретінде; тәуелсіздікке, дербестікке, идеяларды зорлықпен таңуға жол бермеу ретінде; адам еркіндігін шынжырлайтын діни, этникалық, нәсілдік нанымдарды жоққа шығарушы ретінде қарастырылады. Басқалардың пікіріне, сеніміне, тәртібіне шыдамдылық көрсету. 1995 ж. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бекіткен толеранттықтың принциптер Декларациясында толеранттылық былай қарастырылады.

Толеранттылық түсінігі туралы ең алғашқы ойлар антикалық заманда басқа діндер мен сенімдерді түсіну, қабылдау ретінде пайда болады. Сократ индивидті космостан бөліп алуға ең алғаш талпынады, ол тұлға аралық қатынасты табиғаттан тыс күштердің болжауы ретінде емес, тұлғаның ерік-жігері мен мінезіне байланысты қарастырады. Сократ, алғаш индивидтің әлеуметтік мінез-құлқының феноменін, оның мінез-құлқын анықтайтын мотивтерін түсіндіреді. Платон мектептеріндегі шығармаларда еңбектегі шыдамдылық жақсылық үшін, қайғыдағы шыдамдылық жақсылық үшін деп «төзімділік» түсінігін сипаттайды. Бұл жерде қайғы рушылықты айтып тұрған жоқ, керісінде сабырлық, өзін ұстай білу, рухтың күшін баяндап тұр. Жалпы, Платонның көзқарасы бойынша, толеранттылық – ақыл-ойдың өзін-өзі қорғауы» деген. Қоғамның табысты дамуы үшін төзімділік міндетті екенін айтып өткен.

Діни төзімділіктің екі сатысы бар. Біріншісі – бір діннің екінші дінге деген төзімділігі болса, екінші сатысы – бір діннің ішіндегі ағымдары мен бағыттары арасындағы төзімділік. Мысалы, мұсылмандар мен христиандардың қатынасы бірінші саты деп алсақ, екінші сатыға ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының арасындағы құрметті келтіруге болады.

Қазіргі кезде әлемдік дәрежеде екінші сатыдағы төзімсіздіктің орын алуы жиі байқалады. Мысалы, ислам атын жамылған радикалды топтардың дәстүрлі исламдық бағыттағы мәзһабтарды кәпірге шығаруы және оларды ең бірінші дұшпаны ретінде насихаттауы осының айғағы. Нәтижесінде мұсылман үмбеті мен олар мекендейтін елдерде дүрдараздықты күшейтуде.

Асылында, діни төзімділіктің жарқын мысалын исламнан көруге болады. Құран кәрімдегі «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз» деңдер» («Анкабут» сүресі, 46-аят) деген бұйрық мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен көркем мәміле жасауы керектігін айтып тұр.

Ал, мұсылмандардың өзара татулығы жайлы Құранда «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) және «…Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аяттарда бөлініп, қырқысудан тыйылу жайлы айтылады.

«Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп атап көрсеткен Елбасымыз. Сондықтан «Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ. Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дегендей, расында, Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында «бірлік» категориясы ең негізгі құндылық болып табылады. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел. Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

Жалпы, төзімсіздіктің қай түрі болмасын ел тыныштығы мен болашағы үшін қауіпті. Сондықтан өзгенің пікірі мен сенімін, дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу ертеңіміз бен келер ұрпақ үшін қажетті дүние.

Әрине, төзімділік деген өз дәстүрің мен сеніміңді жоғалтып, өзгеге қосыла салу деген емес.

 

Тыныштық Сейілбекқызы,

Шымкент қаласы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 

Пікір жазу