Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада алғаш рет Аортаның аневризмасы кезінде абдоминальды аортаға стент-графт эндопротезін орнату отасы жасалды. Күрделі ота Нұр-Сұлтан қаласындағы «University Medical Center» Корпоративтік Қоры интервенциялық радиология бөлімінің меңгерушісі Виктор Викторович Землянский және №2 ауруханасының бас дәрігері Асқар Муратович Рахматалиевтің қатысуымен өтті.
Операция жасалған науқас 1951 жылғы қала тұрғыны. Егде жастағы кісі аяғының ауырсынуымен
және аяқ тамырларының шағымымен келген. Қосымша зерттеу барысында іштік қолқаның аневризмасы анықталған. Аневризма үлкен және оның жарылу қаупі болғандықтан, науқастың өмірін аман алып қалу үшін жедел түрде ота жасау қажет болған.
Операция барасында хиругтар науқасқа тіліксіз іштік қолқаға стент-графт орнатып берді.
«Операция сәтті өтті. Жоспарлы түрде жатқызылып, ота жасалған науқас 3-4 күн ішінде ауруханада болады. Жағдайы жақсарған соң үйіне қайтарылады. Алайда дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Мұндай оталар алдағы уақытта аурухана қабырғасында көптеп жасалынатын болады»- дейді Асқар Рахматалиев.
Аорта – адам ағзасының қабырғалары тығыз және мықты болып келетін ең үлкен қан тамыры. Алайда, кейбір жағдайларда, олардың қабырғалары әлсіреуі мүмкін және бұл жағдайда олар кеңейеді, немесе аортаның аневризмасы туындайды. Мұндай жағдайда аорта жыртылуы мүмкін. Мұндай дерт көбіне алпыс жастан асқан ер азаматтарда кездеседі. Аорта аневризмасының жыртылуы – жиі қолайсыз нәтижеге әкелетін ауыр асқыну болып табылады.. Сондықтан ауруды ерте кезеңде анықтап, емін табу өте маңызды.
Жалпы бұл ота қалай жасалады десеңіз: Эндопротез (стент-графт) – металл каркаспен қапталып тоқылған полиэстерлі түтік, ол аневризмаға зақымдалған тамырдың айналасындағы тіндерге хирургиялық араласусыз орнатылады. Стент-графт әлсіреген тамыр қабырғасын нығайту үшін қолданылады және аневризманың жарылуын болдырмайды. Қолқаға стент-графтты эндопротездеу – бұл тіліксіз және жалпы наркозсыз жасалатын эндоваскулярлық ота және іш қуысы тілініп жасалатын отадан кейінгі оңалту кезеңі ұзақ болатын дәстүрлі хирургияға балама (альтернатива) болып табылады.
1 млн астам халқы бар Республикалық маңызы бар қала, мұнда жыл сайын аорта аневризмасына хирургиялық араласу қажеттілігі артып келеді. Сондықтанда мұндай шеберлік сабақтары интервенциялық хирургияның дамуына ықпалын тигізеді, сонымен қатар дәрігерлер хирургиялық араласудың жаңа әдістері мен технологияларын қолдану бойынша тәжірибе алмасып біліктілігін арттырады.
© Didarbek.kz