Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамдық сананы жетілдірудің 6 бағытын жүзеге асыру аясында 428 түрлі жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық қызметке келгеніне бір жылдан асқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекет үшін маңызды бағдарлама аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында ой толғайды:
««Туған жер, туған ел» дегенде біз шынымен ішкі туризм мәселесіне де үлкен көңіл бөлуге тиіспіз. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл ретте мәселен, Қасқасу аймағында аспалы жолдар салу жұмыстарын атап өтуге болады. Оны жалғастыру бойынша жобалар жасалып қойған. Бұл жобаға тек қана мемлекет емес, жеке инвесторларды да тарту мәселесі қаралуда. Қазір іздестіріп жатырмыз. Болашақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жоба міндетті түрде жүзеге асады, әрине, ол үшін біраз уақыт қажет.
Ақсу – Жабағылы да шетелдіктер үшін аса тартымды мекен. Жалпы туған жерді көркейту, ата-мекеніне қамқор болу ең алдымен сол елден шыққан мықты азаматтардың, тұлға мен қайраткерлердің де қасиетті парызы. Біз де оңтүстікте туған атақты азаматтарды қадірлеу арқылы өз елімізді қадірлейміз. Өткеніңді қадірлесең, болашақ сені де құрмет тұтады. Ал біздің өткеніміз кімдер? Біздің өткеніміз — бұл әлі күнге ұрпақ жадында есімі мәңгіге сақталып, жатталып келе жатқан ата-бабаларымыздан бастау алады. Ескі көнеден басталады. Ұлтты ұлықтау әл Фараби, Арыстан баба, Ясауиден басталады. Барша қазаққа әйгілі Майлықожа, Сүгір жырау сияқты әр кезеңнің өз тұлғалалары бар.
Оңтүстік Қазақстанда Ордабасы биігі бар. 18 ғасырда үш жүздің басын қосқан қасиетті жер. Тарихта жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес үшін барша қазақтың басын қосқан жері. Сол секілді Құлтөбе, Мәртөбелер де бар.
Біздің өңірге ғана емес, тұтастай ұлтқа мақтан тұтатын азаматтарымыз жетерлік. Олардың арасында белгілі ғалымдар, академиктер, өнер мен шығармашылық адамдары бар. Мәселен, режиссер Сатыбалды Нарымбетов – Оңтүстікке белгілі азамат. Өмірзақ Айтбаев – академик, профессор, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов сияқты қаншама ақын-жазушыларымыз, үлкен тұлғаларымыз осы киелі мекенде өмірге келді.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында 800-ден аса тарихи ескерткіш бар, сол арқылы біз Қазақстандағы ең көп тарихи археологиялық орны бар өңір саналамыз. Мәселен, Ордабасының басында Сақ қазындылары бар. Бұл өте көне дәуірдің, біздің эрамызға дейінгі бесінші ғасырға тиесілі дүниелер. Ал, бергісі ғұн дәуірі, көне түркі дәуіріндегі орта ғасырлар болып кете береді. Көптеген қалашықтар, елді мекендер бар. Зерттелгендерімен қатар, әлі де ашылмағандары баршылық. Исфиджап шаһары, Сауран, Фараб, Оқсыз, Ханқорған сияқты қалаларды алыңыз, әрқайсысы бір-бір тарих. Бұлардың ішінде ЮНЕСКО тізіміне кіргендері бар, әлемдік мұралар деңгейінде қорғалады».