«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында дайындалған 95 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық қызметке келгеніне бір жылдан асқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекет үшін маңызды бағдарлама аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында ой толғайды:
«Шымкентте ортағасырлық қалалар көп болғаны белгілі. Солардың барлығының бір орталығын жасап, көпшілікке арнайы көрсету үшін жағдай жасау қажет деп ойлаймын. Осыған байланысты ортағысырлық қалалардың тізімі жасалып жатыр. Бұл біздің тарихи жәдігерлеріміз, оларды қорғап, мәдени-рухани мұрамыз, байлығымыз есебінде елге көрсету – бұл да негізгі мақсаттың бірі. Айта кетерлігі, ондай нысандардың барлығы дерлік қазірдің өзінде мемлекет қамқорлығында. Туристер барып жатыр. Биылдың өзінде былтырғыға қарағанда келуші туристер саны 55 мыңға дейін артқан. Ішкі туризмде де ілгері өзгеріс бар. Осындай үдерісті одан әрі дамыту үшін енді әрбір ескерткіш бойынша біз нақты жұмыс істейтін боламыз.
Елбасының бағдарламалық мақаласындағы айқындалған тағы бір маңызды мәселе ол – ұлттық код, яғни салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызды жаңғырту. Ата-бабамызға тән өмір салтымыз, дәстүріміз бар. Біз оны жалғастырмасақ, онда қазақ болудан қаламыз. Бұл салада да оңтүстік кәдімгі қаймағы бұзылмаған қалыптасқан жер. Соны дамыту үшін де ауқымды істер қолға алынған. Қазіргі күні салт-дәстүрлер орталығы әрбір ауданда жұмыс істеп тұр, этникалық қалашықтар да бар. Орталықтарда ғана емес, шалғайдағы әрбір ауылда, әрбір мектепте кішігірім музейлер ашылуда. Екіншіден, салт-дәстүрмен байланысқан бұқаралық шараларды, кәсіпкерлікті де дамыту маңызды іс. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары – асық ату, аударыспақ, көкпар, қазақ күресі. Бұлардың бәрін өзіміз дамытпасақ сырттан оны ешкім де елемейді. Сосын ұлттық киімдер тігу, қолөнерді дамыту, жүннен киіз басып, алаша мен кілем тоқу дәстүрі жаңғыртылуда. Ұлттық тағамдар дайындау істері де қолға алынған. Бізде қазір кез келген ауданға барсаңыз, құрт, ірімшік, жент, қолдың майы дайындалады. Барлық жерден таба аласыз. Шетелдік туристер де бұған қызығады. Енді бұларға жағдай жасап, заманауи үлгіде серпілуіне көмек берсек. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының рухани жаңғыру туралы бастамасы ұлттық кодымыздың әрбір саласын дамытуға мүмкіндік берген мақала болып отыр. Соған сай қазір барлық мүмкіндіктер, еркіндік берілді. Жолдар ашылды. Яғни, жұмыс өте көп жалғастыра береміз».