2022 жылға дейін бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық қызметке келгеніне бір жылдан асқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекет үшін маңызды бағдарлама аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында ой толғайды:
«Шынында, тарихи жерлермен қоса, Елбасымыздың айтқаны киелі жерлер, әулие жерлер Оңтүстікте көп. Олардың барлығы тізімге алынды. Жағдай жасалады, көпшілігінде жаңғырту жұмыстары басталып та кеткен. Мысалы, Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана», «Бәйдібек баба» басында арнайы кешендер салынды, туристер келгенде олар үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сондай-ақ Ордабасы үш бидің – Әйтеке би, Қазыбек би мен Төле бидің бас қосқан жері ретінде күллі қазақ үшін киелі. Бұған да туристер ағылады, сондықтан алдағы уақытта Ордабасы аумағы үлкейтілмек. Ел бірлігі, мемлекет тұтастығы үшін ұлтына қызмет етіп, кейінгілерге үлкен өнегелі жол салған үш бидің ескерткішін үлкен таудың етегіне қойсақ па дейміз, олар алыстан көрініп тұратындай болса екен. Қазығұртқа байланысты да арнайы жоспарымыз бар. Яғни, осындай әулие жерлердің барлығын қамқорлыққа алып, дамыту жоспарда бар.
Айта кетейін, бұған дейін түрлі мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқаратын азаматтардың, кәсіпкерлер мен мәдениет және өнер қайраткерлерін арнайы шақырып, солардың қатысуымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты іс-шараны өткізген едік. Оның барысында 296 өңірлік жобаны жүзеге асыруға 3,9 млрд. теңгені бөлу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, өңірлік комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдар өкілдері кірді. Комиссия жанынан іске асырылатын жобалардың ерекшеліктері бойынша алты жұмыс тобы құрылған. Облыстық іс-шаралар жоспары және тиісті медиа-жоспарлар бекітілген. Бүгінгі күнге дейін осы бағдарлама аясында бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының салтанатты ашылу барысында 22 түркі тілдес елдің өкілдері 35 киіз үйден жасалған этно ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысты. «Наурызнама» іс-шарасы аясында Есім хан атындағы орталық алаңда түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерінің театрлық көрінісі өтті. Отырар ауданында жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен «Алаш» этноауылын салып берген. Бұған қазір қазақстандықтар ғана емес, АҚШ, Польша, Франция, Германия, Түркия туристері де келіп жатыр. Осындай этноауыл жобасы Шымкент қаласында да жеке кәсіпкер тарапынан жүзеге асырылуда. ТҮРКСОЙ фотосуретшілерінің кездесуі өтті, олардың нәтижесі бойынша шығармашылық еңбектердің көрмелері өткізілді. Жыл соңына дейін де көптеген іс-шаралар жоспарда бар.
Өңірдің 8 ортағасырлық ескерткіші туралы деректі фильмдер түсіріліп жатқанын да айта кеткім келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне туристердің көптеп келуіне байланысты және ежелгі тарихты визуализациялау үшін кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың бюсттерін қоюды жоспарладық. Бұдан бөлек, ежелгі Отырар мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын жол құрылысын салу жоспарда бар. Оны біз ұлттық қолөнершілеріміздің тұрақты қолданыстағы шеберханасы ретінде безендіруді көздеп отырмыз. Ал, Шымкент ескі қалашығының аумағында Ашық аспан астындағы мұражай салынады. Ол жерде Шымкент қаласының тарихы және қазақ халқы мәдениетінің ескерткіштері бейнеленеді.
Сол сияқты Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз ескі қалашығын, сонымен қатар Абылай хан ордасы болған Ханқорған ескі қалашығын халық жадында қайта еске түсуіне ерекше көңіл бөлінуде.
Ғалым-шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі тарапынан Түркия және Таяу Шығыстың басқа елдерінің кітапханаларында еңбектері бар, біздің ұлы бабаларымыздың – әл Фарабидің – 30, Сайрамидің – 3, Ясауидің – 5 еңбегінің библиографиясы дайындалды. Ағымдағы жылдың соңына таман Шымкентте «Ежелгі Жетіген құпиялары» атты 13 сериялық тарихи-танымдық фильмінің және «Отырарды қорғау» және «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерінің тұсаукесері өтеді деп күтілуде».