Қазақстанның қарқынды дамып, ең озық отыз елдің қатарына қосылуының тағы бір алғышарты – жұмыссыздықпен күрес. Бүгінде бұл өзекті мәселенің оң шешімін табуы үшін мемлекетте түрлі бағдарламалар қабылданған. Соның бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған» Ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр.
Ағымдағы жылы жоба аясында республикада 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы ретте Сайрам ауданында азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне айқын басымдық беріліп келеді. Себебі аймақтың халқы жыл санап ұлғайып келеді. Осы ретте сайрамдықтарға екі қолға бір күрек табуға Ұлттық жоба септігін тигізіп келеді. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған жастардан бастап, бала күтімінде отырған аналар, жұмыссыз өзге де азаматтар бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылып келеді. Оның ішінде мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар, біліктілігін арттырып жаңа жұмыс орнын тапқандар, кәсіптік оқуды игеріп бизнес бастағандар, грант алып кәсібін кеңейткендер де бар.
Аталмыш ұлттық жобаны іске асыру жоспарына сәйкес, 5370 азаматты бағдарламаның белсенді іс-шараларымен қамтамасыз ету көзделген. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4927 азамат қатысып, жоспар көрсеткіші 92 пайызға орындалғанын көрсетеді. Ауданда «Жастар практикасына» 500 адамды қамту жоспарланса, 650 адам жолданды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша 266 адам болса, жолданылғаны 271 адам. Қоғамдық жұмыс орындарына жоспарға сәйкес 1050 адам болса, 1158 адам қамтылды. Алғашқы жұмыс орындарына 30 адам жоспарланса, 65-і орналасты.
Бұдан басқа, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында жоспарланған 5 орыннан 4-уі, «Күміс жас» жобасына 60-ы жоспарланып, 67-і жолдама алды. Тұрақты жұмыс орындарына 3000 адам жоспарланып, жолданғаны 2504 адамды құрады.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 10 адам жоспарланып, бүгінгі күні 163 адамға артты. Кәсіптік оқытуға 227 адам жоспарланған. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа 222 адам жоспарланса, ұсынылғаны 45 адам болды.
Орталық тарапынан жергілікті халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету барысында нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, нағыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дейді Қадыр ақын. Сондықтан қай-қайсымыз, әсіресе, жастар «жұмыс жоқ» деген сылтауды ысырып қойып, іздену керек, еңбектену қажет. Оның үстіне мемлекет жұмыссыздарға «балық орнына қармақ беретін» «Еңбек» секілді бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Ендеше, қолыңнан іс келіп тұрғанда, күш-жігерің барда қолдауды барынша пайдалан!