Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Жолдау — жолбасшымыз: КЕМЕЛ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕЙІК

Жолдау — жолбасшымыз: КЕМЕЛ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕЙІК

Мемлекет басшысының қыркүйектің 1-індегі халыққа Жолдауында адам қамы үшін жасалар көптеген жұмыстар айқындалды. Экономика, салық саласы, өндіріс, әлеуметтік сала бойынша жан-жақты талдау және оны шешуге міндеттерді байқадық. Әрине, бұл жұмыстарды тек қана оқып не айтып қоймай, іске асыруға да тікелей аталысамыз. «Уәде орындалуымен құнды» демекші, Президент айтқан жұмыстар іске асуымен өлшенеді.
Қоғамның байлығы — оның адамдары, еліміздің тұрғындары, ал сол тұрғындардың жұмыс сапасы жоғары болса, оның құндылығы да еселене түседі. Қазақ жері кең байтақ, оның табиғи кен байлақтары да мол деп айтып жатамыз, осы байлықты игере отырып, халқымыздың игілігі мүддесіне пайдалану мәселесін көтеруі көптен бері көкейде жүрген еді. Ұлттық байлықты тең бөлу мен баршаға тең мүмкіндік беру — алдағы уақыттағы ел дамуының стратегиясы болады.Ұлттың денсаулығы қоғамның дамығандығын көрсететін индикатордың бірі — медицинаны дамытуға арналған көптеген жұмыстар атқарылды, бірақ әлі де сапасына халықтың көңілі толмайды. Соңғы жылдары міндетті медициналық сақтандыру механизмі іске асып жатса да, оның жұмысына көпшіліктің наразалығы бар. Себебі, ауырып емханаға барған тұрғынның көпшілігі қалаған қызметін ала алмай, ақылы дәрігерлік көмекке жүгінуге мәжбүр. Міндетті сақтандыру қорында еңбек ететіндердің еңбекақысының тым жоғары екендігіне де наразылықтар айтылып қалады. Келешекте қордың қызметіне өзгеріс жасау керектігін көріп отырмыз.
Жолдаудағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы алдағы уақытта орта білім мәселесін оңтайлы шешудегі басты жұмыстың бірі болмақ. Мектеп педагогының жалақысы өсіп қана қоймай, олардың жұмыс орны, ал балаларымыздың білім алатын мектебінің заманауи жайлы болуы болуы да маңызды. Мысалы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ашылған Binom мектептері осындай үлгімен салынған. 2025 жылға дейін осы типтес жайлы мектептермен 800 мың оқушы қамтылатын болады. Ол білім сапасын жақсартып, оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуына ықпал етеді. 2025 жылға қарай елде жаңадан 1 мың мектеп салынуы керек. Әсіресе, ауылдарда толық кешенді білім ошақтары пайда болуы тиіс. Мұндай тапсырманы мемлекет басшысы жауапты мекеме өкілдеріне халыққа арнаған Жолдауында жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 1 жыл бұрын республикада 800 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бірақ бұл елдегі тапшылық мәселесін шешпейді. Қазір мектептерде әрбір баланы оқу партасымен қамтамасыз етуге қосымша 225 мың орын қажет. 2025 жылы көрсеткіш 1 млн.-ға жетуі мүмкін. Сондықтан Президент алдағы 4 жылда мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Жаңа мектептер құрылысына бюджеттен бөлек, жеке инвесторлардың қаражаты тартылады. Мемлекет басшысы ғылым саласын қаржыландыруға да баса көңіл бөлді. Бұл бағытта қызметкерлердің жалақысы өседі. Әрі гранттық қаржыландыру мерзімі ұзаратын болды.
Педагогтардың құзыреттілігі мен аккредитациялау мәселесі де қоғамда айтылып жүр. Ұстаздардың статусы анықталды, жалақысы өсті. Осыған орай кейінгі жылдары педмамандықтарды таңдаған студенттер саны да көбейіп келеді. «Алтын белгі» иегерлерінің ұстаздық жолын таңдауы қуантады. Мұның бәрі келешекте сапалы ұстаздардың мектепке келуіне оң ықпалын тигізеді.Баланың біліміне бірыңғай есепшоттар ваучерлер мәселесі де айтылды. Ол білімге жұмсалатын мақсатты инвестиция. Жоғары оқуға грант бөлу келешекте ҰБТ нәтижесіндегі көрсеткішке қарай сараланатын болады.
Қарабұлақ ауылындағы мен жұмыс істейтін қазіргі №77 «Тұран» жалпы орта мектебі 1969 жыл «Қыр» бөлімінде бастауыш мектеп болып ашылған. Бұрын бұл мектепке Хамза атындағы бастауыш мектеп деп ат берілген. Мектепке алғаш рет 1970 жылы Нишан Парпиев басшылық еткен. 1971-2009 жылдары мектепті Файзулла Абдуллаев басқарды. Сол кезде білім ордасында 60 бала білім алған. Сол бастауыш мектеп 1987-1988 жылдары 8 жылдык, 1993 жылы орталау мектеп ретінде жұмыс істеді. Файзулла Абдуллаев, Гулистан Задыбекова, Ханай Сайдиганиева, Назира Кошакова, Ниязай Абдусаметова, Мухаббат Халмуратовалар мектептің алғашқы мұғалімдері болған. 2010 жылдан мектепке Ғафуржан Бегмұратов директор болып тағайындалды. 2011 жылы жалпы орта мектепке айналдырылды. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап мектеп жана үлгідегі заманауи ғимаратқа көшті. Қазіргі таңда мектепте 110 мұғалім 700-ден астам оқушыға тәлім-тәрбие беруде. Мектепте түрлі пән үйірмелері бар, заманауи пән кабинеттері, тігін бөлмелері, спорт зал окушыларды еркін білім алуға және спортпен айналысуға зор мүмкіндік береді. 2016 жылы мектептің аты «Тұран» болып өзгерді. Мен осы мектебіммен мақтанамын. Жайлы оқу орны десек те болады.
Жолдауда алдағы уақытта білім алуға жеңілдетілген несие қарастыру да айтылды. Бұл келешек мамандығына жастарымызды бір қадам жақындата түседі. Себебі кейде жастарымыз қаражаты болмағандықтан өзі қаламаған мамандыққа түсіп жатады. Мақсат бір – ол қоғамға адал қызмет ету, елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау, кемел тұлға болатын ұрпақ қалыптастыру.
Раушанбек УБАЕВ,
Сайрам ауданы, «Тұран» жалпы орта мектебі директорының шаруашылық істері бойынша орынбасары.

Пікір жазу