Әлі есімде. Анам қолымнан жетелеп мектепке әкелген. Жүрегім лүпілдеп, қобалжып, мектеп табалдырыған әрең аттағанмын. Мені алғаш қарсы алған жылы жүзді ұстаз жүрегіме мәңгілік ұялап қалғандай. «Келе ғой, айналайын, тосылма. Анасының аузынан түсіп қалғандай әп-әдемі, сүйкімді қыз екен. Үлкен әпке, ағаларына тартқан зерек екенсің, жақсы оқып кететінің жүзіңнен білініп тұр. Жарайсың, мектеп табалдырығын алғаш аттауыңмен!» — деп жылы құшағына тартты. Маңдайымнан сипап, бетімнен сүйді. Сол сәттен-ақ Замира ұстазымды жақсы көріп кеттім. Мен осылай мектепке келіп, сынып бөлмесіндегі партаға отырдым. Кішкентай кезімнен-ақ әріп тануға, есеп шығаруға талпынысым жақсы болды. Өзімнен үлкен бауырларымның да көмегі тиді. Ал, әр күнгі сабағын жан-тәнімен өткізіп, әрқайсымызды балапанындай баурап, білімге жетелеген Замира Бекбаевадай ұстазымның жақсы қасиеттерін айтып тауыса алмайтын шығармын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — дегендей шәкірттеріне білім беруде жалыққанын көрсетпейді. Аққұба әдемі жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрады. Әрқайсымызға ақылын айтады. «Сендерге осы бастан айтарым – адал болыңдар, біреудің ала жібін аттауға болмайды. Ата-анаға көмектесу деген – үлкен өмірге бейімделудің басы болып табылады. Қыз балаға ақыл мен көрік қана емес, он саусағының барлық іске бейім болғаны жарасады. Сондықтан сабақты жақсы оқысаңдар, бір уақыт ата-аналарыңа, үй шаруасына көмектесіңдер, күндерім! Сонда жақсы адам болып бой түзейсіңдер»,-деп үнемі айтып отыратын. Замирадай ақылды, парасатты, сондайлық білімді, жиғаны жетерлік ұстазымнан айналайын! Мұғалім деген ұлы істің, мәртебелі мамандықтың ең биік екенін алғашқы ұстазымнан байқадым.
Ендеше, апай жамандық көрмесін. Бақытты ұзақ ғұмыр кешсін.
Мехруза Анарқұлова,
Сайрам ауданы, №89 «Қайнарбұлақ» жалпы орта мектебінің
8 «Ә»-сынып оқушысы.