Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Оқу-өндірістік комбинаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде оқытылатын мамандықтарда кәсіптік-өндірістік практикалар кестеге сәйкес жүргізілуде. Оқушыларға арналған оқу практикасы нақты кәсіп саласының ерекшелігіне және болашақ мамандықтың кәсіби құзыреттілігіне байланысты барлық мамандықтарда өткізіледі.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру» мәселесі аталып көрсетілген. Жалпы білімнің басты үш міндеті бар, олар: баланың өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, және оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы үш міндеттің ішінде қоғамдық даму күрделенген сайын баланы жастай алдағы кәсіпке бағдарлай әзірлеу – ең көкейкесті мәселеге айналып отыр. Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу.
Өндірістік практика не үшін соншалықты қажетті және тиімді?
Оқушы кәсіпорынға жұмысқа барғанда, болашақ жұмыс орнын сырттай көруге және танысуға мүмкіндік алады.
Өндірістік оқыту жүйесінде өндірістік практика келесі маңызды қызметтерді атқарады: теориялық білімдерін кеңейту және тереңдету, дағдыларды, біліктілікті қалыптастыруға және олардың қызметін ұйымдастыру жағдайында нақты шешім қабылдап, оларды орынды қолдана біледі; болашақ маманның танымдық, шығармашылық белсенділігі дамиды, коммуникативті және психологиялық, ойлау қабілеттері дамиды; болашақ маманның әлеуметтік белсенді тұлға ретінде тұрақты қызығушылығы, мамандыққа деген сүйіспеншілігі қалыптасады; болашақ маманның кәсіби бағдар деңгейі, кәсіби қажеттілік және кәсіби қызметке даярлық дәрежесі анықталады.