1 қыркүйек «Білім күні» мерекесімен қатар еліміздің тарихында жаңа бір саяси ахуал орын алды. Халық жыл сайын үлкен үмітпен күтетін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» деп аталды. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңа-шылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық бағыты нақтылыққа сүйену керектігін меңзеп, экономика халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі тиістігіне тоқталды. Президент 5 бағдар бойынша алға жылжу керектігін атады. Олар: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп. Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырған мемлекет басшысының бұл айтқандары көңілге қонды.
Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 128 мың грант бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі IT, инженерия, металлургия, құрылыс секілді техникалық мамандықтарға арналды. Былтыр мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде техникалық және кәсіби білім беруді белсенді дамыту бойынша тапсырма берген еді. «Техникалық және кәсіби білім беруді белсенді дамыту керек. «Жас маман» жобасының аясында біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартамыз. Тегін кәсіби техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтып отыр», — деді Қ.Тоқаев. Кәсіби мамандарды дайындауда Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырудың негізгі міндеті – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру. Тәжірибе барысында болашақ маман өзінің кәсіби мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтай бастайды. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, іскер, бәсекеге қабілетті маман даярлауда әрбір білім алушыны жан-жақты ізденуге, өздігінен тың жаңалықтар ашуға, қай салада болмасын, ғылыми жұмысқа деген бейімділігін қалыптастыру көзделуде.
Қазіргі таңда біздің колледж ұжымы экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Қазір кез келген жүйе, оның ішінде оқу-білім саласы үздіксіз жаңару үстінде. Бұрынғы дәстүрлі жүйе өзгеріп, оқу үрдісінде түрлі жаңа технологиялар, сабақты түсіндірудегі неше алуан жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Осыған орай, біздің колледжге де дуальдық, модульдық, жүйесі енгізіліп, студенттер өз кәсіби білімін шыңдауда.
Гүлнұр Амирова,
Е.Сарманов атындағы колледждің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.