Мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында аудандық ақпарттық-түсіндіру тобы мүшелерінің аудан мұғалімдерімен кездесуі өтті. Кездесуде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Е. Асқаров ұлағатты ұстаздардың мәртебесін жоғарылату жағын ғана емес олардың сапалық құрамын күшейту барысын да баса айтты.
Сондай-ақ Таулы Қарабақ жерінде болған этносаралық қақтығыс, әскери іс-қимылдарына қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарған, қарулы қақтығыс ардагері ардагер Б. Батаев бейбіт күннің қадіріне жетіп, патриоттық рухпен жастарды тәрбиелеуге шақырды. Ел тыныш болса бәрі ақырындап реттелетінін, ол үшін әр сала өкілдері адал жұмыс атқару қажеттігін тілге тиек етті.
Ал татулық пен бірлікті бойтұмар етіп жүрген Б. Айтбаев «Елдегі өзгерістер Мемлекет басшысының реформалар қабылдануынан басталған болатын. Бұл Әділетті Қазақстанды құру қағидаларына негізделеді. Онда отбасы құндылығы, білім мен ғылымға инвестиция салу, ұлтты ұйыстыру, мәдениетті рухани дәстүрді жаңғырту, құқықтық теңдікті сақтау принциптері қамтылған» деп нақты атап көрсетті.
Президенттің айтуынша, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады, мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Сондықтан Президент осы мәселені түпкілікті шешіп, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді тапсырды.
Ал биылдан бастап, бірінші сынып оқушыларының тек мемлекеттік тілде оқуын ел қатты қолдады. Жолдауда бұл мәселе де ұмыт қалған жоқ. Елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады Мектеп формасы барынша қолжетімді болып, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға бюджет есебінен берілетін болады.
«Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады.»-деді Президент.