Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАЗЫҒҰРТ: АГРОӨНДІРІСТЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ

ҚАЗЫҒҰРТ: АГРОӨНДІРІСТЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ

Соңғы жылдары ғаламшарымыздың түрлі аймақтарында су тапшылығы орын алуы мүмкіндігі туралы жиі-жиі айтылуда. Тіпті, су ресурстары қазіргі уақытта геосаясаттың құралына да айналып бара жатыр. Өйткені, су – барлық ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы, адамзат тіршілігінің кепілі.
Су ресурстары дегенде, әрине, біз ең бірінші тұщы сулар жайлы, оның ішінде жылда жаңарып, қалыптасып отыратын өзендер, ағын сулар – жаңғырмалы суларды айтамыз. Әр өңірдің ерекшелігіне келгенде, климаттық өзгерістер бізде де байқалуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласында үнемдеу, тиімді пайдалану технологиялары аса маңызға ие. Бұл орайда Қазығұрт ауданында атқарылып жатқан шаралар жеткілікті. Аудан әкімі А.Абдуллаев егін шаруашылығында осындай шараларға үнемі баса мән беруде.
Аудан көлемінде жеміс-жидекті бау шаруашылығымен айналысатын шаруалар жеткілікті. Жалпы ауданымызда жеміс-жидек және жүзімнің көлемі 2000 гектардан асып жығылады. Аталған сала бойынша шарулар жаңа технологиямен жұмыс жасап жатқанына біраз жылдың көлемі болды. Оған тіпті көз де үйреніп кетті. Ол жеміс-жидек бауында – тамшылатып суғару әдісі болып табылады.

Тамшылатып суғару қондырғыларын қолдану да аса қиындық тудырмайды. Соңғы кездері ағын судың тапшылығы туындап жатқаны жасырын емес. Аталған технология қаншама ағын суды үнемдейді және жемістер аз ғана сумен толыққанды қажеттіліктерін қанағаттандырады. Сонымен қатар аталған тамшылатып суғару қондырғылары арқылы жеміс дарақтарына қажетті қоректік компонеттер де беріледі.
Қызылқия ауыл округінде орналасқан «Аманкелді» ЖШС-і (құрылтайшысы Нұрлан Құралов) 530 га жеміс және 120 га жүзім, Шарбұлақ ауыл округіндегі «Береке» АШӨК-і 50 га жеміс бауы және «Бірлік» АШӨК-і 70-га жеміс бауы (басшысы Арман Жүлдебеков), Шарбұлақ ауыл округіндегі «Бірлік-2020» шаруа қожалығы (Әділ Батырбеков), Жаңабазар ауыл округіндегі «Сейдалы» шаруа қожалығы (басшысы Ғани Сапаралиев), Қақпақ ауыл округіндегі «Азия жеміс» ЖШС-і (басшысы Әнуар Қасымбеков) 72 га жеміс бауы және көптеген шаруалар қазіргі заманғы тамшылатып суғару әдісіне көшкені, ауданда тамшылатып суғаруды қалыпты деңгейге түскендігін көрсетеді.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында ендіріліп келе жатқан жаңа технологиялардың бірі – ол жаңбырлатып суғару технологиясы. Бұл салада алғашқы қарлығаштардың бірі – Қызылқия ауыл округінде орналасқан «Қазығұрт агро сервис» ЖШС-і (басшысы Марат Ибраимов) болып табылады.
Бұл шаруашылық он жылдың көлемінде ресейлік жаңбырлатып суғару қондырғыларын алып келіп, жоңышқа алқаптарында аталған технологиямен жұмыс жасап келеді.
Қызылқия ауыл округінде 2018-жылы «Қараша-Агро» ЖШС-і (басшысы Жандос Балтаев) 3 бірлік италиялық жаңбырлатып суғару қондырғыларын алып келіп іске қосқан. Сонымен қатар, ағымдағы 2022-жылдың мамыр айында Жандос Балтаев және 3 бірлік жаңбырлатып суғару қондырғыларын әкеліп, пайдалануда. Бұл әдіс те ағын суды өте көп үнемдеуге септігін тигізеді. Және бір алқаптан бес ретке дейін жоңышқа және табиғи шөптерді орып алуға мүмкіндік береді. Осындай заманауи тамшылатып, жаңбырлатып суғару техногиялардың арқасында шаруалар мол өнімге қол жеткізіп отыр және былтырғы 2021-жылғы құрғақшылық кезінде аудан шаруалары мал азықтық дақылдарды өз керегінше өндіріп алды.
Және бір ауыл шаруашылығы саласында енді қолданысқа ендіріліп келе жатқан Сарапхана ауыл округіндегі «САУ-АС» ЖШС-і (басшысы Қалаубаев Асылхан Сәулеханович) қолға алған заманауи өнеркәсіптік жылыжай құрылысы. Бұл жылыжайда маусымдық ғана емес, жыл он екі ай көкөніс өнімдерін өндіруге болады. Жылыжайдың қабырғалары плеенка емес, поликарбонат материалдарынан жасалған.Яғни, суыққа төзімді және жылуды ұзақ мерзімге сақтау қабілеті жоғары. Ал егу тәсіліне келетін болсақ, топырақ қоспалары әр түрлі өсімдіктердің түрлерінің сипаттамалары мен қажеттіліктерін ескере отырып, топырақта қолданылады. Топырақ қоспаларынсыз гидропоникалық немесе аэропоникалық өсіру әдістерін қолдануда. Гидропоникалық парниктік технологияны қолдану арқылы өсімдіктер топырақтың функцияларын орындайтын арнайы тірегіш субстратты сіңіретін қоректік қоспалардың су ерітіндісінде егіледі. Аталған заманауи жаңа технология жыл он екі ай мол өнім алуға септігін тигізеді.
Суғармалы егістік жерлерде және бір заманауи жаңа технологияның бірден-бірі – Тұрбат ауыл округінде «Илаш ата» шаруа қожалығы (басшысы Хасанов Тохтамурат) Польша мемлекетінен әкелген картоп егу құралы. Бұл технология өте тиімді, әрі еңбек өнімділігін жылдамдататын және егу процесі кезінде стимуляторлық қоспа тыңайтқыштарын да қоса береді. Шаруалар қолмен апталап егіп келген картоп дақылын бір-ақ күнде егіп жатыр. Сондықтан, өнімділігі өте жоғары.
Ауданымызда астық бойынша «Сапа-2002» ЖШС-і (басшысы Нұржан Аширов) инновациялық жаңа технологияға бетбұрыс жасап, 4 жылдан бері нольдік технологияны қолданып, астық егуде.Яғни алдыңғы жылғы егістік алқапты жерді жыртпай тікелей егуді қолға алған. 2019-жылы аталған агротехнологияны сапалы атқару мақсатында Бразилиялық нарқы 12,4 млн. теңгеге тікелей егу дәнсепкішін сатып алды. Шаруашылық 2021-жылы нольдік технологияны 1000-гектардан асаалқапқа енгізіп, әр гектарынан 21,0 мың теңге үнемдеп, жоғары өнімге қол жеткізді. Ал ағымдағы 2022-жылы 2000гектардан аса гектар егістік алқабын аталған тікелей егу технологиясымен орындап шықты.

Аталған тәжірибе ауданымызда қолдау тауып «Тілеуберді» шаруа қожалығы да нольдік агротехнологиямен жұмыс атқаруда. Италиялық тікелей дәнсепкішті «Тілеуберді» шаруа қожалығы да 30,0 млн. теңгеге сатып алған.
2020-жылы Бразиялиялық тікелей дәнсепкіштерді «Үш бастау» Ө/К-і, «Сапар» шаруа қожалығы да іске қосқан.
Бұл атқарылып жатқан жұмыстар аудан шаруаларының ауыл шаруашылығы техникаларының, яғни паркінің жаңаланып жатқандығын көрсетеді.
Аудан шаруаларының жоғарыда аталған жаңа инновациялық технологияларды игеріп, өндіріске қосқанның нәтижесінде астық өнімі жаман болмайды деген болжамымыз бар.
Қазығұрт ауданының шаруалары осындай жаңа заманауи технологияларды өндіріске енгізудің арқасында жылда облыс көлемінде жоғары жетістіктерге жетіп жүр. 2021-жылдың қорытындысымен — Түркістан облысында астық өндіруден және тамақ өндірісіне инвестиция тартудан, сондай-ақ, қой шаруашылығын асылдандырудан озат аудан атанып, мерейі үстем болды. 2021-жылдың қорытындысымен «Шарбұлақ» өндірістік кооперативінің төрағасыӘшір Ерәлі Нұржанұлы Түркістан облысы әкімінің «Озат астық өндіруші»номинациясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен наградталды.
Аудан шаруалары ағымдағы 2022-жылдың қорытындысымен де жоғарғы жетістіктерге жететіндігіне сеніміміз мол.

М.ЖОЛДАСОВ,
Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі.

 

 

 

Пікір жазу