Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚҰНАРЛЫ ЖЕР ГУМУСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

ҚҰНАРЛЫ ЖЕР ГУМУСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында жылыжай, бау-бақша, егін және құрт шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге арналған «Құнарлы жер гумусының артықшылықтары» атты тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинардың негізгі ұйымдастырушылары – ауданымызда құрт шаруашылығымен айналысып, биологиялық табиғи құнарлы жер гумусын өндіріп, оның теңдесі жоқ артықша қасиеттерін насихаттап жүрген қос кәсіпкер Данияр Біләлұлы Байғұлов пен Қарлығаш Тұрысбекқызы Есімбекова болды. Оған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, Сарыағаш ауданының тумасы Битөре Жұмаханов, Түркістан өңірінің Ескі Иқан ауылынан, ЭМ Бактерия мен ЭМ БиоГумның авторы Зухриддин Мухаммедов, Шардара ауданынан жаңартпа ойлап табушы Қуанышбек Каюпов, Алтынтөбе ауыл округі әкімшілігінің бас маманы Асқар Аханов, рабаттық жоғары білімді инноватор, жаңартпа әзірлеуші Сман Досов, сынтастық темір ұстасы, жаңартпа ойлап табушы, ауыл шаруашылығы техникаларын өңдеп жасаушы Бейбітшілік Әліқұлов және Дамира Артықбаева, Бақытжан Пәрпиев, Раушанбек Исламбаев, Дамира Тастанова және тағы басқа жеке кәсіпкерлер қатысты.

Құрт шаруашылығы – ауыл шаруашылығының жаңа саласы болып саналады. Ол – экологиялық таза табиғи тыңайтқыш өнімін шығаратын, өндіргіш технологиясы өте қарапайым, көп шығынды қажет етпейтін өте тиімді кәсіп түрі. Бұл бастама елімізде баяулап болса да бірте-бірте жақсы қарқын алып келеді. Соңғы жылдарда жалпы біздің қоғамдық өмірімізге, қазақ халқы қолданатын ана тілімізге құрт шаруашылығына байланысты биогумус, биотехнология, вермитехнология, вермикультура, вермикомпост, вермикультивация, вермиферма, вермифермер деген тәрізді жаңа сөздер ене бастады.
Биогумус – калифорниялық қызыл шұбалшаңның органикалық қалдықтарды қоректенуінен өңделіп алынатын, экологиялық жағынан өте таза, ешқандай зардап-залалы жоқ табиғи тыңайтқыш түрі болып табылады. Осы биологиялық гумус тыңайтқышының жер-анамыздағы топырақ құнары мен өсімдіктер әлемі үшін орасан зор маңызы, теңдесі жоқ пайдалы, артықша қасиеттері бар. Алайда, оның артықшылықтары тұрғай, гумус деген сөздің не екенін айыра білмейтін қандас бауырларымыз баршылық. Сол себептен де бізге бірінші кезекте халықаралық тілден еніп отырған аталмыш жаңа сөзжасамының мән-мағынасын ашып алған дұрыс. Халықаралық ағылшын тіліне әуел баста латынша humus деген сөз кіріккен. Латын тілінде ол – жер, топырақ деген мағыналарға саяды. Ал, ағылшын тіліндегі humus сөзі – орыс тілінде гумус, перегной, чернозем деген нұсқаларда айтылып ұшырасады. Сонда орыс тілі арқылы ана тілімізде қолданысқа ие болған гумус – қарашірік, қара топырақ, құнарлы жер, қыртысты жер, шірінді деген мағыналарды береді, яғни түрлі өсімдіктер мен жәндіктердің шіруінен пайда болған құнарлы жер қыртысының бөлігін, қарашірінді қабатын білдіреді. Сондай-ақ, құрт (шұбалшаң) шаруашылығымен айналысып, құнарлы жер гумусын өндіретін үлкен ферма иесін вермифермер деп атайды. Латын тіліндегі vermin сөзін ағылшындар verm түрінде қабылдап алған. Аталмыш сөз орыс тілінде верми, червь, червяк деген нұсқаларда кездеседі. Ол үшеуі де құрт деген мағынаға саяды. Мәселен, вермицид – құртжойғы, дождевой червь – жауынқұрты (шұбалшаң), вермикультура – құрт өнімі, құрт дақылы, вермикомпост – құрт қордасы, құрттың жейтін қорегі, құртқа арналған жасанды тыңайтқыш.
Қазығұрт ауданында өткен облыстық семинарды ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың «Құнарлы жер гумусының артықшылықтары» деген тақырыпты қозғағаны да тегіннен тегін емес. Олар биологиялық гумусты насихаттай отырып, қазіргі кезеңдегі еліміз үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі өзекті мәселені көтерді. Өйткені, жердің құнарлы гумус қара топырақ қабаты жылдан жылға химиялық қоспалардың, дәрі-дәрмектердің кері әсер күшінен жойылып, төмендеп барады. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жерлердің құнарын қалайша қалпына келтіреміз деген сауал өз-өзінен туындауда. Шаруа қожалық иелері мен құрт (шұбалшаң) шаруашылығымен айналысатын, биогумус өндіретін кәсіпкерлерді осы сауал мазалауда. Сондықтан да олар жылыжай, бау-бақша, егін шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің басын қосып, жерді өңдеуде өз өнімдері үшін құрттардың (калифорниялық қызыл шұбалшаңдардың) қоректенуі және қалдық шығаруы нәтижесінде пайда болатын, осы вермитехнология нәтижесінде особьтардың (дербес тірі ағзалардың) ас қорыту ферменттерімен, яғни ұйытқыларымен, күрделі органикалық заттектермен байытылған, экологиялық таза және тиімді тыңайтқышты (биогумус) қолданудың артықшылықтарын айтты. Құнарлы жер гумусын қалпына келтірудің түрлі жолдарын көрсете нұсқап, сондай жанашырлықпен барынша дабыл қақты.
Алматыдағы Өмірбек Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының Түркістан облысы бойынша жоба орындаушысы, облысымыздың Жетісай мен Шәуілдір аудандарының фермерлері арасында кеңінен таралған БиоЭкоГум атты биологиялық табиғи тыңайтқыш қоспасының өндірушісі Битөре Молдатөреұлы өзінің ой-пікірін, тәжірибесін ортаға салды. Құнарлы жер гумусын қалпына келтіру жолындағы оның ізденістері көп екен. 2017-жылдан бері биологиялық таза тыңайтқыштарды өндірумен айналысып келген ол соңғы кездері фермерлерге тарқататын өз өнімінің үлесін біршама арттырған көрінеді. Оның шет елдерден алған, жинаған тәжірибелерін семинарға қатысушылар қызыға тыңдады.
Зухриддин Мухаммедовтің әкесі Амирдин агроном болған кісі екен. Ол сол әкесінің жолын жалғастырғанын айта келіп, өзі ойлап тапқан ЭМ Бактерия мен ЭМ БиоГумның артықша қасиеттері туралы сөз қозғады. Бұлар негізінен пайдалы микроағзалар жиынтығы қосылған керемет сұйықтықтар болып саналады. «Осы сұйық биологиялық гумус қоспаларын егін шаруашылығы орналасқан жерге қолдансаңыз, керемет қорек, әрі түрлі кеселге ұрынудың алдын аласыз һәм экотаза өнім аласыз», – дейді жаңартпалар жаршысы.
Сман Досовтың айтуына қарағанда, еліміздегі жердің бестен үш бөлігі құла дала, сахара. Ал, бестен екі бөлігі қолдан суарылмаған, тәлімі жер. Суармалы жерлердің барлығы селитра, аммофос секілді тыңайтқыштар, химиялық қоспалар көп берілген себебінен отырып қалған, шаршаған, сортаң тартқан. Жердің соры шығуы – топыраққа нитраттың жиналуын көрсетеді. Топырақта 68 пайыз пайдалы, 32 пайыз қатерлі микроағзалар болса, жер құнарлы болып саналады. Ол кісі: «Кешегі кеңес заманындағы «Тың жерді игеру» науқанында жерді терең қазып айдау әдісінің кері әсері тиіп, эрозияға ұшырап, пестицид химиялық тыңайтқышын берумен топырақтағы пайдалы бактерияларды жойып алғанбыз. Соны қалпына келтіруші «QUNAR» («Құнар») пайдалы микроағзалар жиынтығын ойлап таптық. Пайдалы микроағзалар оттегісі бар қабатта өмір сүреді.
2010-2015 жылдары ауыл шаруашылығына қажетті жерлердің құнарсыздану мәселесі толғандырып, оны құтқарудың ғылыми жолдарын зерттеп, дүние жүзіне белгілі жапон ғалымы Тэруо Хига еңбегімен таныстым. Оның ферменттеу негізінде алған пайдалы микроағзаларының құрғақ түрінен арнаулы қондырғыда сұйық микроағзаларды қалайша алуға болатын құпиясын, технологиясын үйрендім.
Жапонияда осы пайдалы микроағзалардың адам денсаулығына қажетті екенін зерттеп, бауыр ауруын емдеп жазған. Біз ойлап тапқан «SHIPA» («Шипа») сол микроағзалар негізінде жасалған», – деді.
Өткен жылы шылаушаң өсіріп, биогумус өндіру бағытында бизнес жоспарымен 5 миллиондық грант иегері болған Қарлығаш Есімбекованың мәселесі, оның үй ауласында су тапшылығы бар екен. Соған қарамай, ол өз тірлігін, құрт шаруашылығын жүргізіп келеді. Сонымен бірге, ауданымыздың атына сай, Қазығұрттың өз өнімін шығаруға, биогумусты брендке айналдыруға атсалысуда. Осы жолда бизнес жоспарын түзіп, ізденіп жүр.
Ал, ауданымызда өзінің кезінде білікті агроном мамандығынан шаруашылық басшылығына дейін көтерілген, сөйтіп, егін шаруашылығынан мол өнім алып, толағай табыстарға жеткен әкесі Біләл Байғұловты перзенттік жүрегінің идеалы, басты мұраты тұтқан, үлгі-өнегесі етуден еш жалығып көрмеген, «Біләл ата» шаруа қожалығының төрағасы Даниярдың істеген тірліктері айрықша. Онымен ой-пікір бөліссең, қадау-қадау өзекті мәселелерді қозғайды. Қазығұрттық кәсіпкер ұрпағымыздың болашағы үшін, Қазақстанның экожүйесін дамыту үшін жер-анамыздың құнарлы қабатын қалпына келтіруге шынайы түрде атсалысуда. Ол: «Қазақстан Республикасының кооперативтер мен басқа да экономикалық қауымдастық формалары ұлттық ассоциациясы» ЗТБ (заңды тұлғалар бірлестігі) жанынан 2022-жылдың 21-шілдесінде «Вермифермерлер кооперативін дамыту комитеті» құрылды. Оның төрағасы болып Бақытжан Мырзанұлы Әсембеков тағайындалды. Қазақстандағы құрт шаруашылығы бойынша 12 өкілеттілік құрылу үстінде. Вермифермамыз орналасқан базамыздың ішінде қолайлы қоймалары болып, бар жағдайы жасалғандықтан, инфрақұрылымы сәйкес келгендіктен бір өкілеттілік болып біз ашылып жатырмыз. Негізгі келешектегі алға қойған түпкі мақсатымыз – Қазақстан бойынша биогумус табиғи тыңайтқышын өндірудің ауқымын өрістетіп, кең көлемде көркейте беру, оны брендке айналдыру, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің оң көзқарасын алу, субсидия бөлдіруге дейін жеткізу. Сондай-ақ, жақын уақыттағы жоспарымыздың бірі – Қазығұрт ауданының Шанақ, Сарапхана, Алтынтөбе ауылы округтеріндегі кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, биылғы жылдың күздік бидай егісіне түркістандық әріптесіміз Зухриддин Мухаммедов ойлап тапқан, өңдеп шығарған сұйық ЭМ БиоГум тыңайтқышын қолданып, эксперимент жасағалы отырмыз. Бұл эксперимент арқылы бидайдың химиялық қоспасы жоқ табиғи өнімділігін арттыра аламыз деген сенімдеміз», – деді. Бұл семинардың бір ерекшелігі – қазығұрттық қос кәсіпкердің осындай жарқын мақсаттарының, жаңа жоспарларының бастамасындай әсер қалдырды.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.

 

 

 

Пікір жазу