Президентіміздің жуырдағы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын тыңдай отырып, мемлекетіміздің алдағы даму жоспарынан тағы да жақсы хабардар болдық. Жолдаудан Қазақстан халқы үлкен үміт, жақсылыққа ұмтылыс, жаңалық күтіп үйренгені рас. Президент Жолдауы негізгі бағдарламалық құжат ретінде еліміздің даму келешегіне бағыт-бағдар беріп, барша Қазақстан жұртын ел келешегінің дамуына жұмылдыруға бағытталып отыр.
Өзім қарапайым халықпен күнделікті етене байланыста болғандықтан жұмыс барысында әңгімелесеміз, пікірін тыңдаймыз. Сонда байқағаным, халыққа Жолдауда айтылған ұлт денсаулығын қамтамасыз ету, еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру, білім беру жүйесі, зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту, «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін өзгертуге байланысты айтылған жоспарлар ерекше ұнаған секілді. Өйткені Президент халықтың жағдайы мен мемлекет дамуына жауап беретін әрбір сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазақ «бала – бауыр етің» дейді. Өзім де отбасында бала тәрбиелеп отырған ана ретінде әрине балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Осы орайда мемлекет басшысы «Біз 2023-жылғы 1-қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024-жылғы 1-қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын» – деп айтып өтті.
2023-жылдан бастап отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады.
Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып әйелдердің зейнет жасын 2028-жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырды. Бұл да халықтың ішінде талқыланып, айтылып жүрген келелі мәселеге түйінді жауап болды.
Жолдаудан – нақты іске демекші, Үкімет те Президент Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекітті. Жоспарды 5 негізгі бағыт бойынша іске асыру экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжатта күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керектігі айтылды. Жүктелген іске жауапкершілік танытсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болатыны да ескертілді.
Сөз жоқ, Президент Жолдауын жалпы еліміздің өркендеуі жолындағы ауқымды сын-тегеуріндерді еңсерудің мүмкіндігі және жолы деп білемін. Еліміздің дамуы алдындағы барлық міндеттердің Президентіміздің бағыт беруімен жемісті жүзеге асырылатынына кәміл сенемін. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.
Перизат ЫРСАЛЫ,
Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты.