Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРҒА БЕЙІМДЕУ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРҒА БЕЙІМДЕУ

Әр ұлттың өзіндік салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары бар. Қазақ халқы қаны таза, көреген, текті халық.
Ұлттық құндылық дегеніміз не?
Әрбір ұлттың өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Әрбір ұлттың қалыптасуында ұлттық құндылықтың алар орны ерекше. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Өйткені сан ғасырдан бері тәрбиелік мәнін жоймай, салт-дәстүрмен астасып, рухани құндылықтар мен ізеттіліктің асқан жоғарылығымен ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ұлттық құндылықтар баланың адам болып қалыптасуында зор маңызға ие.
Сондықтан да ұлттық құндылық арқылы оқушыларды қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуміздің де себебі осында.
Бұл жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз», біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр. Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет болып отыр.
Қазақы мінез, қазақы рух, қазақы менталитет, қазақы тәрбие деген қасиетті сөздерімізді үлкен мақтанышпен сөз қылып айтып жүрсек те, осы ұлтымыз үшін маңызды ұғымдардың түпкі мағынасы өзгеріп, тек сөз күйінде қолданыста қалғандай сезім болады. Біле білсек, қазақы құндылықтарды ішкі мәнін терең түсініп, болмысымызға айналдырып, құнды қасиетімізді бойымызда дамыта білсек, әлемді таңғалдырарлықтай қазақ халқында мол рухани қазына, сарқылмас рухани қуат көзі жатыр. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы.
Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады.
Бала бойына ұлттық құндылықтарды дамытудағы негізгі құралдарға мыналарды жатқызуға болады:
— сыныптағы тәрбие сағаттары;
— баспасөз және қабырға газеттері;
— бұқаралық ақпарат құралдары;
— тәрбие шаралары (пікірталас,тәрбие сағаты,кеш, дәріс, таным-өнеге сағаттары, т.б.)
— кітап оқу;
— мектептен тыс және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру;
— шығармашылық жобалар қорғау;
— қоғамдық ұйымдармен байланыс жасау;
— саяхат жасау;
— үйірмелерге қатысу.
Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту — өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістітерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Тәрбиенің негізі болып саналатын адамзаттық құндылықтардың бірі тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамидарды сүйе білу қажетілі болып табылады.

Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі-сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары. Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана  қол  жеткізуге болады.

Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс, осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың  оны  игеруі барынша  қысқа  мерзімде  атқарылуы  тиіс,  сондықтан тәрбие  ісі  жалпы  адамзаттық гуманистік  бағытта  жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек.
Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Ж.Наурызбаев “Ұлттық мектептің ұлы мұраты” атты еңбегінде жас ұрпақ тәрбиесіне ұлттық мәдени құндылықтарды пайдалану мәселелерін жан-жақты қарастыра отырып, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандырумен болашаққа аманаттау, ұлттық тектестікті сақтау міндеті ең алдымен мектеппен байланысты”-дей келе ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың, мәдениеттік мүдделердің құралы болып табылатын білім беру ісі алдына басты-басты үш міндетті береді: табыстаушылық (ұлттық мәдениетті өркендету, сақтау және дамыту); даралаушылық (адамның, этникалық топтың немесе этностың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін, жеке тұлғаның ерекшеліктерін айқындау); ынтымақтастырушылық (мәдениеттердің өзара бірлігін,  кірігуін, байытуын,    жеке  тұлғаның  әлемдік  және  ұлттық  мәдениет  жүйесіне ұмтылысын   қамтамасыз ету);

Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды жастардың санасына сіңіре білуіміз қажет. Тәрбиенің көзі ата-бабамыздан қалған мұралар мен дана сөздер десек, біз соларды насихаттайтын жүргізушіміз. Бүкіл қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері анық.

 

© Эльмира Байдарбекова

БДО, Инновация және стратегиялық жоспарлау

кафедрасының кәсіби бағдарлау

жөніндегі әдіскері

Пікір жазу