Күзде судың температурасы бар болғаны 7-8 градусты құрайды, егер қайық аударылса балық аулаушы суға түсіп, киімі сол сәтте су болып, оны төмен тартады, ал салқын су қимылды қиындатады. Мұндай жағдайда аман қалу өте қиын.
Осыған орай мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
— қайықпен балық аулаудағы басты шарт – құтқару кеудешесін кию, сақтықты сақтау;
— жүзе білу;
— су айдынына шығар алдында қайықтың, ескектің және ескек тұтқаның күйін тексеріңіздер;
— қайық үрлемелі болса, қақпақшадан ауа кетуінің бар-жоғын тексеріңіздер. Ол үшін шұраны сумен сулау жеткілікті;
— қайықтағы өзіңіз отыратын орындықтың маңын толтырмаңыз: қажетті құрал-саймандарды және жабдықтарды борттың бойына жинақы орналастырыңыздар.
Үрлемелі қайықта аяқтың үстіне ештеңе қоюға болмайды. Олар әрдайым заттардан, жабдықтардан және түрлі арқандардан бос болуы қажет;
— қайыққа көп жүкті тиемеңіздер. Онда судың жиналмауын қадағалаңыздар;
— қатты желге және толқынға қарсы қайықты бүйірімен ұстамаңыздар;
— қайықтың үстінде балықты тұрып аулауда аяғыңызды орнықты қойып, қайықтың ортасына орналасыңыз. Үрлемелі қайықта тұла боймен тұрып балық аулауға үзілді-кесілді тыйым салынады;
— резеңке қайықтың бортында немесе тақтайында отырып, қармақты дайындауға және қалқып жүрген қайықта ұйықтауға болмайды;
— алкоголь ішімдігін тұтынуға үзілді-кесілді тыйым салынады.
Егер сонда да қайық аударылған болса, онда сабырлық сақтауға тырысыңыз. Төңкерілген қайық орнықты болмайды, оған мінудің қажеті жоқ. Жай ғана одан ұстап, аяқпен қарқынды жұмыс істеп, жағаға шығыңыз.
Н.БЕКМАҒАНБЕТОВ,
Сайрам аудандық № 23 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау майоры.