Бүгін Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде күзгі жиын-терімді қорытындылау және ауыл шаруашылығының еңбеккерлерінің құрметіне орай, «Алтын күз — 2022» мерекелік іс-шарасы аталып өтілді.
Іс-шараға келген қонақтар мен тұрғындар мәдениет үйінің кіреберісінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығының биылғы жетістіктері туралы дайындалған арнайы бейнероликті тамашалады.
Содан кейін Ұлы Жібек жолы бойынан сауда, мәдениет пен өнер адамдарының өңірден жүріп өткен керуеннің көші мен тарихы сахналанды.
Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында елеулі үлес қосқан сайрамдықтарды құттықтап, марапаттады.
— Құрметті ауыл шаруашылығының еңбеккерлері! Бүгін ауданымызда «Алтын күз — 2022» дәстүрлі мерекесі аталып өтуде. Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп, еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын-терімнің қызу уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлеріміз үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Өйткені, төккен тер мен еткен еңбектеріңіз көп. Бұл ретте, игі дәстүр бойынша «Алтын күз» мерекесі ауданымызда аталып өтуде. «Алтын күз» тек той тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл сайрамдықтар үшін табысты болды. Аудандағы басты сала агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда. Соңғы 3 жылда 1,2 есеге артық өнім өндірілген. Ал, 2022 жылдың 10 айында 108 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық өнім алынған. Жаңадан 103,3 га жерге тамшылатып суғару жүйесі ендірілсе, 10,4 га жерге жылыжайлар салынып, 35 га жерге қарқынды бау егілді. Биыл егіс көлемі 52,8 мың гектарға жеткізілді. Шаруалар тарапынан күздік бидай, арпа толығымен жиналып біткен. Былтыр «Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу» жобасы 280 гектарда жүзеге асырылса, биыл бұл көрсеткіш 306,2 гектарға жетті. Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы 75 жұмыс орнымен қамтылған 2,7 млрд теңгелік 4 жоба іске қосылды.
Аудандағы 68 өнеркәсіп кәсіпорынмен 47,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда 12,2 млрд теңгеге артық өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу саласы дамып келеді. Өңдеудің өнеркәсіп саласындағы үлесі 86%-ға жетті, яғни 41 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы, өнеркәсіп саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жыл қорытындысымен өнім көлемін 52,7 млрд теңгеге жеткізу мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Соның бірі кәсіпкер жастарға 2,5% шағын несие беру бағытында жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 161 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Ауданда, әсіресе, ауыл шаруашылық бағытында кәсіпкерлік дамып жатыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 17 мыңнан асты. Салада 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 156,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Көрсеткіштердің өсімі сақталды.
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 175 млн теңгелік 2 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен құны 240 млн теңгелік 4 жоба қаржыландырылған, микрокредиттік ұйымдар арқылы 2494 адам 1,9 млрд теңгеге несиеленді. «Көктемгі әрекет, күзгі берекет» дегендей, ауыл еңбеккерлерімен бірге осындай жоғары нәтижеге жетіп отырмыз. Аудан еңбеккерлерінің жемісті еңбегі облыс көлемінде бағаланып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «ALTYN KÚZ — 2022» мерекесінде жыл қорытындысымен ауданымыз екінші жыл қатарынан үздік болып танылды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін даму көрсеткіштерін орындаудан 1-орын, сонымен қатар ет өнімдерін экспорттаудан, сүт өндіруден және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан деген облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, облыс марапаттарының ішінде ет өнімдерін экспорттаудан озат агроқұрылым «Туран Агро Ет-Сүт» АШӨК және озат мал бордақылаушы «Курбантай ата» шаруа қожалығы болды. Сайрам ауданында игерілмеген шаруашылық пен кәсіп жоқ. Бүгінде отбасымен ұйып жүргізетін шаруашылықпен айналысады. Ата кәсіптен бастаған өңірде ұрпақтарына нәсіп болып қалары сөзсіз.
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған, сапалы өнім өндіру, өнім көлемі, қайта өңдеу, жобаны іске асыру жағынан жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік ауылдық округтері, сондай-ақ озат атанған шаруалар, кәсіпкерлер, сала мамандары марапатқа ие болды.
Алдымен аудан әкімі ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген озат ауыл округтерін марапаттаудан бастады. 1-ші орын Қарабұлақ ауыл округінің әкімі Камилан Абдилахатов, 2-ші орын Қарасу ауыл округінің әкімі Дамир Сыдыков, 3-ші орын Манкент ауыл округінің әкімі Абдугани Сайтмуратовтарға берілді.
Кейінгі марапаттауда облыс әкімінің алғыс хаттарын «Айкан» ЖШС-нің директоры А.Тасқараева, ЖК «Абдукадиров» Н.Абдукадиров, «Озай Зеки» ЖШС-нің директоры З.Озай, ЖК «Алиев» басшысы Б.Алиев, «Алма» АШӨК-нің төрағасы А.Шалқаров, «Zaure Group» ЖШС-нің директоры Ж.Ашықбекова «Экоинвест» ЖШС-нің директоры М.Гелошвили, «Сайрам сүт» ЖШС-нің директоры Н.Жамалбектерге облыс тапсырды.
Келесі кезекте аудандық мәслихаттың хатшысы Шамхат Халмурадов ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек озаттарын аудан әкімінің бағалы сыйлығы белгіленген сертификаттар мен алғыс хаттармен марапатталады.
Олар:
-Озат көкөніс өндіруші – А.Аманов, Көлкент ауыл округі;
-Озат жеміс-жидек өндіруші – Н.Қуатбеков ЖК «Куатбеков», Ақбұлақ ауылдық округі;
-Озат картоп өндіруші – Р.Абдурасулов, Көлкент ауылдық округі;
-Озат инвестиция тартушы – Ж.Ашықбекова, Ақсукент ауыл округі.
-Озат астық өндіруші – А.Каримов, Арыс ауыл округі;
-Озат сүт өндіруші – Абдукаримов Шухратбек Абдисаламович, Манкент ауылдық округі;
-Озат етті қайта өңдеуші – А.Шалқаров, Қарасу ауылдық округі «Алма» АШӨК-тің басшысы;
-Озат жәрмеңкеге қатысушы – Б.Нурунов, Манкент ауылдық округі;
-Озат сүтті қайта өңдеуші – З.Озай;
-Озат жүзім өндіруші– А.Рахматуллаев, Қарабұлақ ауылдық округі;
-Озат мақсары өндіруші – «Ақниет» шаруа қожалығының басшысы Ж.Даубаев, Қарасу ауылдық округі;
-Озат механизатор А.Машатбаев, Жібек-Жолы ауылдық округі.
Іс-шара барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген мамандар және ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін насихаттауда үлес қосқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне аудан әкімінің бағалы сыйлығы мен марапаты көрсетілді. Құрметке бөленгендердің ішінде «Үздік баспасөз қызметкері» Э.Джаппарова «Исфиджаб» ЖШС-не қарасты «Мәртөбе» газетінің жауапты хатшысы; «Үздік телеарна қызметкері» М.Мирсултанов «Елнұр» телеарнасының операторы; «Үздік статистика маманы» Б.Нұршайықова, аудандық статистика басқармасының басшысы; «Үздік статистика маманы» А.Каутов, бас маман; «Үздік ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы саласының маманы» Т.Султанмуратов, Манкент ауыл округі әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы бойынша бас маманы; «Үздік мал дәрігері» Ж.Қапшақбаев, Қайнарбұлақ ауыл округінің ветеринар-дәрігері; «Үздік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Сайрам аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы» мемлекеттік ветеринариялық–санитарлық инспекторы А.Нұрмұратов; «Үздік жер қатынастары саласының маманы» Қ.Сүгірбеков, аудандық жер қатынастары бөлімінің заңгері, «Үздік ауыл шаруашылығы саласының маманы» кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің статисті Л.Умаровалар болды.
Бұдан бөлек, бірнеше шаруа қожалықтарының басшылары, қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлерге аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
Ұласбек Сәдібекұлы ауданның барша агроқұрылымдарына алғысын жеткізіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән-билерімен көпшілікті өздеріне тәнті етті.