«Елу жылда – ел жаңа» деген көреген сөз біздің сүйікті Түркістан облысының қазіргі жағдайына дөп басып айтылған іспетті. Өйткені, жаңадан құрылған облыстық аймақ қазіргі таңда экономикасы дамыған, халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып келе жатқан іргелі өңірлердің біріне айналып отыр. Халқымыздың «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қанатты сөзі тағы бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеп келе жатқан еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Сондай сергек серпінмен Түркістан облысы, оның ішінде Сайрам ауданының экономикасы шапшаң дамуда. Сайрам ауданы қазір тек өңір тұрғындарының алтын бесігі ғана емес, ауыл шаруашылығын өркендетіп, экономикасы жағынан еліміздегі аудандардың ішінде алдыңғы қатарға табан тіреген. Бұл тұрғыда аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің де өзіндік үлесі зор. Қай қызметке барса да өз ісін жетік білетін, елдің қамын күйттейтін азамат өзі басшылық етіп отырған ауданның экономикасымен тұрғындарының әл-ауқатын көтере білді. Мемлекет басшысы «Барлық бағдарламалардың нәтижесі айналып келгенде қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, әр отбасының ауқатты тұруын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», — деген болатын. Міне, осы тұрғыда Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталып өткен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлы Түркістан облысының «Алатау» медиа орталығында халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесті. Жиынға қатысушылар өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қанағаттанарлық деңгейде жауаптарын алды. Аудан әкімінің жиында нақты дәйектемелермен келтірген ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері туралы есебін назарларыңызға ұсынамыз.
Қайырлы күн, құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті әріптестер!
Өздеріңізбен еліміздегі саяси салмағы зор, үлкен өзгерістерге бет алған тарихи кезеңде облыс орталығында жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын! Жаңа бастамалар елге құтты, берекелі болсын!
Өңіріміздің оң өзгерістерін, әрбір сәтті қадамын елге паш етіп, өзекті мәселелерін дер кезінде көтеріп, билік пен халықтың арасында алтын көпірге айналып отырған еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін!
Міне, 2022 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды өздеріңізге баяндау үшін арнайы келіп отырмыз. Дәстүрлі есеп беру барысында орындалған жұмыс жайын саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерге де тоқталамыз.
Соңғы статистикалық деректерге жүгінсек, Сайрам ауданының халық саны – 230 мыңнан асып отыр. Жер көлемі жағынан ең кіші аудан болғанымен халық саны жағынан Түркістан облысы бойынша тізімді бастайды. 11 ауылдық округ, 42 елді мекен бар.
2022 жылдың 10 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалуда. Солардың негізгілеріне тоқталайын.
АУДАН БЮДЖЕТІ
Сайрам ауданының биылғы бюджеті – 37,4 млрд теңге. Оның 65,3%-ы яғни, 23,5 млрд теңгесі бюджеттің шығындарын өтеуге жұмсалады. Аудандық бюджеттен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – 5,6 млрд теңге (аудан бюджетінің 15,4%), әлеуметтік салаға – 4,8 млрд теңге (аудан бюджетінің 13,2%) бағытталған.
Ауданның жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылып, атқарылатын іс-шаралар жоспарының алгоритімі бекітілген болатын. Нәтижесінде, 10 айда өзіндік кірісіміз 651,1 млн теңгеге ұлғайтылып, жоспар 112,7%-ға артығымен орындалып отыр.
КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ
Соңғы үш жылда ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 16,5 млрд теңге тартылған.
Тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамту мақсатында биыл да аудандық бюджет есебінен су құбырларының орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, су ұңғымалары қазылды. Жібек Жолы ауылындағы тозығы жеткен су құбырларын ауыстыруға жобалық құжат дайындалды. Ал Қожақорған және Нұржанқорған, Қарабұлақ ауылдарын ауыз сумен қамту үшін әзірленетін желі құрылысының ЖСҚ-сына қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 110,6 млн теңгеге Көлкент ауыл округіне қарасты Ақсуабад ауылында 32 га жерге ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 300 тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылды.
Табиғи газбен 42 елді мекеннің 31-і қамтылған, қамту көрсеткіші 73,8%-ға жетті. Бұл көрсеткішті алдағы 2-3 жылда 100%-ға жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
2022 жылға Ұлттық қордан 6 елді мекенді табиғи газбен қамтуға 1,4 млрд теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Нысандарды аяқтау үшін келесі жылға қажетті тағы 2,4 млрд теңгеге республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Қаржы қаралса, Құтарыс, Қызылжар, Ақсуабад, Оймауыт, Ақарыс, Көлкент елдімекендеріне 2023 жылы газ беріліп, аудан халқын газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 88%-ға жеткіземіз.
Сонымен қатар, биыл 7 нысанға инженерлік-коммуникация желілерін (ауыз су, газ, жол, электр желісі) тартуға 848,4 млн теңге көлемінде қаржы қаралды (Ұлттық қор – 82,0 млн теңге, РБ – 418,5 млн теңге, АБ – 348,0 млн теңге). Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 82,0 млн теңгеге Қасымбек датқа ауылындағы «Көмешбұлақ» мешітінің жанындағы Жаңақұрылыс көшелеріне КТП орнату мен электр желілерінің құрылысы аяқталды.
Өздеріңізге белгілі, Сайрам ауданы халқының демографиялық өсімі тұрақты жоғары. Сондықтан да халықтың өмір сүруіне қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің қажеттілігі жылдан-жылға артып жатыр.
Бүгінгі таңда 106,2 га жер аумағына, нақты 5 нысанға инженерлік коммуникация тарту үшін құрылыс құны 1,1 млрд теңгені құрайтын жобалық құжаттамалар дайындалды. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ
Аудан көлеміндегі 1298,1 шақырым автокөлік жолдардың 59,9%-ы қанағаттанарлық жағдайда.
2022 жылға аудандық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізу үшін 367,8 млн теңге (ОБ-221,2 млн теңге, АБ-146,6 млн теңге) қаралған. Одан бөлек, Ұлттық қордан аудандық маңызы бар 7 көшені күрделі жөндеуге 2,2 млрд теңге бөлінді.
Аудан бюджетінен орташа жөндеу жұмыстарына 13 көшеге 222,1 млн теңге қаралды.
Қазіргі таңда 12 ішкі көше орташа жөнделіп, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Нәтижесінде, жыл соңын жалпы пайдаланымдағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 61,6%-ға жеткізіп қорытындылаймыз.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлеуметтік-экономикалық мәселер бойынша нақты тапсырмалар берді. Аталған өзгерістер жүйелі түрде іске асырылып, әлеуметтік ахуалдың дұрысталуына оң серпін бермек.
Жыл басынан аз қамтамасыз етілген 3235 отбасына 843,2 млн теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек, 2945 балаға 185,9 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді.
Сонымен қатар, «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 77 отбасына демеушілер тарапынан 54,9 млн теңге шамасында материалдық көмек көрсетілсе, 4 отбасына тұрғын үй берілді.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын іске асыру жоспарына» биыл 1,8 млрд теңге қаралып, 10 айда бағдарламаға 9486 адам қатысты.
Оның ішінде 276 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 876 адам жастар практикасына, 1759 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданса, мүмкіндігі шектеулі 388 азамат жұмыспен қамтылды, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 224 адамға 274,4 млн теңге мемлекеттік грант берілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бастау бизнес» жобасымен 1907 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына қатысуда.
Өздеріңіз білесіздер, зейнет жасына екі жыл қалған жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» жобасы бар. Осы жоба аясында 74 азамат жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның экономикалық белсенді халық санына қарай 1419 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жол басында 1160 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған, жоспар 122%-ға артығымен орындалды.
Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі былтырға қарағанда 5,1%-ға төмендеді.
БІЛІМ БЕРУ
Биыл Сайрам ауданындағы елді елең еткізген жаңалық негізінен білім саласында болды. Бюджет есебінен 2022 жылы жалпы құны 2,3 млрд теңге құрайтын 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі Айнабұлақ атындағы жаңа 600 орындық жалпы орта мектебі, екіншісі №62 Анартаев атындағы жалпы орта мектебі қосымша 300 орындық оқу корпусы. 2022 жылға 335,2 млн теңге бөлінген, нысандар келесі жылға өтпелі.
Ал инвесторлар есебінен ауданда 17 жекеменшік мектептің құрылысы басталған. Қазір оның 12-сі пайдалануға берілді.
Атап айтсам;
– Қайнарбұлақ ауыл округі Қасымбек Датқа ауылында кәсіпкер С.Сағындықовтың қаражаты есебінен 300 орындық “Бақдәулет бастауыш мектебі”;
– Манкент ауылдық округінде Н.Сулаймановтың қолдауымен құрылысы жүргізілген жаңа типтік үлгідегі әрқайсысы 1200 орындық «Әл-Фараби», «Ә.Навои», «А.Қарабаев», «Арофат ана», «Д.Қонаев», «Ю.Гагарин» атындағы мектептер;
– Қарабұлақ ауылында жеке кәсіпкер Ф.Рыскуловтың қолдауымен жаңа типтік үлгідегі 419 орындық «Ухуд» жалпы орта мектебі; жеке кәсіпкер М.Ахмедовтің қолдауымен жаңа типтік үлгідегі 225 орындық «Мейірбұлақ» бастауыш мектебі;
– Қарамұрт ауылында жеке кәсіпкер Ш.Шарафутдиновтың қолдауымен құрылысы жүргізілген жаңа типтік үлгідегі 280 орындық «Нұрлы-жол» бастауыш мектебі;
– Ақсу ауылында жеке кәсіпкер Г.Тулепбергенованың қолдауымен құрылысы жүргізілген жаңа типтік үлгідегі 110 орындық «Aqsu Education» бастауыш мектебі;
– Қарасу ауылында жеке кәсіпкер Г.Алматовтың қолдауымен құрылысы жүргізілген жаңа типтік үлгідегі 150 орындық «Smart Kids» бастауыш мектебі іске қосылды.
Елдің ертеңін жалғайтын саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында білім ошақтарының материалдық жағдайын көтеру, аталған саланы дамыту жұмыстары әрдайым басты мақсат болып қала бермек. Жайлы мектеп жобасы аясында мемлекет тарапынан 2022-2025 жылдар аралығында 7 мектеп салу жоспарланған.
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ
Ауданда мәдениет, тілдер мен ономастика саласын дамыту бағытында 236 іс-шара өткізілді. Ірі кітап көрмелері жасалып, виртуалды бейнешолу түсіріліп, фейсбук әлеуметтік желісіне шығарылуда.
Спорт саласында 145 (134 – аудандық, 8 – облыстық, 3 – республикалық) іс-шара өткізіліп, оған 10511 адам қатысты. Қорытындысы бойынша аудан спортшылары 8 алтын, 11 күміс және 16 қола медальға қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында спортты насихаттау мақсатында ауданнан шыққан спорт тарландарымен кездесулер өткізілді.
Сондай-ақ, аудан халқының игілігіне пайдалану үшін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл:
– Ақбұлақ ауылындағы мәдениет үйі, кітапхана және спорттық үйірмелер ғимаратының құрылысы басталды (2022ж- 100 млн теңге);
– 200 млн теңгеге Қарасу ауылындағы спорт кешені ғимараты құрылысының мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі кеш анықталуына байланысты, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталады (2022 ж- 200 млн.теңге);
ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ
Енді Сайрам ауданының басты көрсеткіштеріне тоқталайын. Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 10 айда 202 млрд теңгеге жетіп, өсім 27 млрд теңгеден асты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 11,4%-ға өскен. Жалпы өнімнің 53%-ы ауылшаруашылығы саласына тиесілі болса, 24%-ы өнеркәсіп саласының, ал 5,8%-ы құрылыс саласының үлесінде.
Жоспар бойынша биыл жалпы өнімді 214 млрд теңгеге және былтырғы жылға қарағанда 8,0%-ық өсімге қол жеткізу міндетін қойып отырмыз (2021 ж.- 197 млрд тг).
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Аудандағы басты сала агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамуда. Соңғы 3 жылда 1,2 есеге артық өнім өндірілген. Ал, 2022 жылдың 10 айында 108 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық өнім алынған. Облыс көлемінде ауданымыздың үлесі 11,4%-ды құрап, бүгінгі таңда 2 орынға тұрақтап отыр.
Жаңадан 103,3 га жерге тамшылатып суғару жүйесі ендірілсе, 10,4 га жерге жылыжайлар салынып, 35 га жерге қарқынды бау егілді.
Биыл егіс көлемі 52,8 мың гектарға жеткізілді. Шаруалар тарапынан күздік бидай, арпа толығымен жиналып біткен.
Былтыр “Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу” жобасы 280 гектарда жүзеге асырылса, биыл бұл көрсеткіш 306,2 гектарға жетті. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген, ет өндірісі мен сүт өндірісі де артты.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы 75 жұмыс орнымен қамтылған 2,7 млрд теңгелік 4 жоба іске қосылды:
– Жібек жолы ауыл округінде жеке кәсіпкер Урунбеков «Жібек Жолы»- диірмені (құны-370,0 млн теңге) мен өсімдік майын шығаратын цехті іске қосты (құны – 37,0 млн теңге);
– Қайнарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Юг Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – сүт өңдейтін зауыт («Юг Фуд» сауда маркасымен ірімшік, құны – 100,0 млн теңге) іске қосылды;
– Ақсукент ауыл округіндегі “ЗӘУРЕ” шаруа қожалығы – 6 га жер телімінде өнеркәсіптік жылыжай жобасын (құны – 2232,9 млн теңге) іске асырды.
Осы іске қосылған жобалар ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артуына себеп болып, жыл қорытындысын 119,7 млрд теңгеге жеткізуді межелеп отырмыз.
Ал енді осы саланың өзекті мәселесі – ағын су. Сондықтан аудан көлемінде суармалы егістік жерлерді ағын сумен қамту барысындағы жұмыстар да жыл бойы тоқтамайды. Атап айтсақ, мол өнім алу мақсатында «Ақсу» МКК тарапынан бүгінгі күнге дейін каналдар мен арықтардың жалпы 132 шақырымы тазаланды.
Сонымен қатар, келесі жылы Әсіл, Аламан, Төменгі Аққала, Сай-Манкент елді мекендеріндегі 5 каналды күрделі жөндеуден өткізуге құны 75 млн теңгені құрайтын ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру мәселесін шешу үшін облыстық басқармаға тапсырылды.
ӨНЕРКӘСІП
Аудандағы 68 өнеркәсіп кәсіпорындармен 47,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылға қарағанда 12,2 млрд теңгеге артық өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу саласы дамып келеді, оның өнеркәсіп саласындағы үлесі 86%-ға жетті, яғни 41 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Көрсеткіштің өсу қарқынымен аудандар арасында Сайрам 2 орында.
Құрылыс индустриясын дамытуда кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен 30 жұмыс орнымен газоблок шығаратын зауыт іске қосылды («Корпорация АЯН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі).
Жалпы, өнеркәсіп саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жыл қорытындысымен өнім көлемін 52,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда
ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК
2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының
Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселер бойынша нақты шешімдер мен тапсырмалар берді. Соның бірі кәсіпкер жастарға 2,5% шағын несие беру. Бұл жастарға үлкен қолдау болып табылады, бүгінгі таңда жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 161 азаматқа мемлекеттік грант берілді.
Жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттардың ұсынылуы, өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілердің арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
Ауданда ауыл шаруашылық бағытында кәсіпкерлік дамып жатыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 17 мыңнан асты, салада 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 156,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жоспар бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемін 180,0 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр.
Кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қаржыландыру жұмыстары жақсы жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарлама аясында 175,0 млн теңгелік 2 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен құны 240,0 млн теңгелік 4 жоба қаржыландырылған, микрокредиттік ұйымдар арқылы 2494 адам 1,9 млрд теңгеге несиеленді.
ИНВЕСТИЦИЯ
Аудан экономикасына жыл басынан 32,9 млрд теңгеге инвестиция тартылса, оның 28,9 млрд теңгесі немесе 76% жеке кәсіпкерлер есебінен тартылған. Бюджеттік емес инвестиция көлемінің өсу қарқыны сақталып, соңғы жылдары 1,6 есеге артқан. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша облыс көлемінде аудан 3 орында, үлесі 6,4%.
Көрсеткіштің өсімін қамтамасыз ету үшін экономика салаларына инвестиция тартып, нақты жобаларды жүзеге асыру мақсатында кәсіпорындармен және кәсіпкерлермен жұмыстар жүргізуді жалғастыратын боламыз.
ІШКІ САЯСАТ
Бүгінде ауданда ішкі саяси жағдай тұрақты. Өздеріңізге белгілі, белсенді түрде жұмыс істеп тұрған «Парасат» пікір талас клубының тәжірибесі облысқа таратылды. Қордаланған мәселелерді халықпен бірлесе отырып талқылап, оларды шешудің жаңа бағытын қалыптастыру мақсатында қолға алынған жоба өз жемісін беруде. Биыл клуб мүшелері 3 рет бас қосты.
Былтырғы жылы өз бастауын алған «Ауыл – ел тірегі» жобасы аясында өткізіліп жатқан онкүндік іс шаралары жалғасын табуда. Яғни, алдағы уақытта да жұмысымызға оң әсерін тигізері сөзсіз.
Мемлекет басшысы халық пен билік арасын жақындата түсу керектігі туралы тапсырмасына сәйкес, үш ай сайын халықпен кездесу өткізіп, ауылдарды аралып, шаруалардың жағдайын көріп, көтерілген мәселелер бақылауға алынып, мүмкіндігіне қарай шешілуде.
Сонымен қатар, «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде «Сайрам ауданы» парақшасы іске қосылып, ауданға қатысты тиісті ақпараттар күнделікті жариялануда. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында ашылған «Телеграмм ботт», «WhatsApp» желілері арқылы жұмыстар жүргізілуде.
Өз тарапымнан «TURKISTAN» телеарнасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша тікелей эфирде кеңінен сұқбат берілсе, республика, облыс және ауданға белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ауданның тарихы, руханият пен мәдениетті көтеру, жастар тәрбиесі жайында кездесулер ұйымдастырылды.
Қорытындылай келе ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында, биылғы жылы атқарылып жатқан жұмыстар ауыл шаруашылық және өнеркәсіп саласында жаңа өндіріс орындары мен ауыл шаруашылық өнімдерін тереңдетіп, өңдейтін шағын кәсіпорындар ашу арқылы жұмыссыздықты жоюмен қатар, жергілікті бюджетке түсетін салықтардың түсімін арттыру, ел игілігіне қажетті әлеуметтік нысандар құрылыстарын жүргізуге бағытталып отыр.
Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында көтерілген басты мәселелер- қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға бағытталған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды.
Ендеше, «Бірлігі күшті ел азбайды, Бірлігі күшті ел озады»– деп, дана бабаларымыз айтқандай, бірлігімізді бір арнаға жұмылдырып, жаңарған Қазақстанды құруда бар күш-жігерімізді салып, абыроймен атқарамыз деген сенімдемін.