Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында қоғамдық маңызы бар шара, яғни жазушы Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Атаулы шараға белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Құлбек Ергөбек, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат, журналист-ғалым Бекжігіт Сердәлі, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтер арнаулы қатысып, кітаптың тұсауын кесті. Сондай-ақ, жазушы шығармашылығы жайында пікір білдіріп, ақ тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері, студенттер қауымы, ықыласты оқырмандар мен бұқаралық ақпарат құралдары әдеби кештің қонақтары қатарын толықтырды.
Атаулы кітап «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» журналист, жазушы Сәкен Сыбанбайдың проза жанрындағы алғашқы жинағы. Кітапқа «Мұңлық», «Үміт үйі», «Ғаламтордағы махаббат», «Бақытты адам» қатарлы 13 әңгіме, «Рамазан мен Жұлдызай», «Бір шәугім шәй» секілді 2 хикаят топтастырылған.
Қаламұш құдіретін терең сезініп, қоғамның бет-бейнесін дөп басуды мақсат еткен жазушының кешін Қазақстан Журналистер одағының Түркіс-тан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды.
Айта кетейік, Сәкен Сыбанбай 1972 жылы ақпан айының 16 жұлдызында Мақтарал ауданында өмір есігін ашқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің түлегі. Футбол тақырыбында кітап жазған Сейдахмет Бердіқұлов пен Несіп Жүнісбаевтан кейінгі қазақ прозасы тарихындағы үшінші жазушы. Еңбек жолын 1992 жылы республикалық «Ғажайып Үндістан» газетінен бастаған. 1993-1995 жылдары «Ақ желкен» журналында, 1995-1997 жылдар аралығында «Ана тілі» газетінде қызмет атқарды. 1997-2004 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, спорт бөлімінің меңгерушісі, руханият бөлімінің меңгерушісі, сосын редакция меңгерушісі болып еңбек етті. 2005-2009 жылдар аралығында «Жас қазақ» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, 2009-2011 жылдар аралығында «Жұлдыздар отбасы» журналы бас редакторының орынбасары, 2011-2017 «Алматы ақшамы» газетінде жемісті қызметтер атқарды. 2017-2020 жылдар аралығында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорында әдеби редактор болып, «Қазақ тіліндегі гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» жобасына қатысты.