Қит етсе, өткенді күстаналап шыға келетін кезеңге тап келдік. Кеңестер Одағы билік құрып тұрған кешегі жетпіс жылда аға буын ұлт үшін ешнәрсе тындырмағандай, материалдық игіліктер де, рухани игіліктер де тап бүгін ғана қолға алынғандай сөйлейтіндер пайда болды. Ал, ақиқатына келсек, қай салада да Қазақстанның алтын ғасыры сол Кеңестер Одағы билік құрған жетпіс жылмен тұспа-тұс келеді.
Бұл жылдары ауыл шаруашылығы саласында да, ауыр және жеңіл өнеркәсіп саласында да, транспорт, құрылыс саласы секілді халық шаруашылығының өзге де салаларында үлкен серпіліс болды. Рухани-мәдени саладағы жетістіктер өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ ақын-жазушыларының ең бір өнімді еңбек еткен жылдары да осы кезеңмен тұспа-тұс келеді.
Әрине, ол жетпіс жылда жоғалтқанымыз да көп. Оның өкініші ешуақытта жүректен өшпейді. Қалай болғанда да ХХ ғасыр қазақ халқы үшін өте күрделі кезең болды. Ал, сол жүзжылдықтың ширек ғасырында Қазақстанды Қонаев басқарды. Қонаев билік құрған уақыт қандай күрделі болса, оның тағдыры да сондай күрделі. Қазақстанда жоғары билікке екі рет келген Қонаевтан өзге ешкім жоқ! Ол қандай жағдайда да халқына адал қызмет етуден танбады. Қарапайымдылықтың эталоны болды. Соңында арзан бөз емес, қымбат сөз қалды. Тағдырын туған елінің, туған жерінің тағдырынан бөліп алып қараған жоқ. Сондықтан халқы да оны ерекше жақсы көрді, алғаусыз сүйді. Желтоқсан айында басына күн туғанда бүкіл халқының қасынан табылғаны содан.
Еліміз бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толған атаулы датаны лайықты атап өтіп жатыр.
Халқына қамсау ұл болды
Ұлы қазақ даласында есімдері тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Олардың ішінде қазақтың намысын қорғап, жерін сақтап, ертеңгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған батырлар, сөз бастап, елін өзіне қаратқан билер мен шешендер, халықтың бірлігі мен ынтымағын ғасырлар бойы сақтап, рухын көтеріп, ұрпақтарға көзінің қарашығындай жеткізе білген дана бабаларымыз, біртуар ел ағаларының болғанын мақтанышпен айта аламыз. Кешегі кеңес дәуірінде сол кездегі салтанат құрған партияның саясатына сәйкес ұлы істер атқарған, соңына ұмытылмас із қалдырған жандардың ішінде биыл 110 жылдығы тойланып отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін елі осы күнге дейін ұмытқан жоқ.
Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінде 42 жыл қызмет етіп, оның ішінде ширек ғасыр Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болды. Қазақстан Компартиясының IV съезінен бастап ХVI съезіне дейін, КОКП-нің ХХ съезінен бастап Орталық Комитеттің Саяси Бюросы мүшелігіне кандидат, ал, ХХIV съезінен бастап Саяси Бюро мүшесі болды. Жиырма бес жыл қатарынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған белгілі ғалым-академик. Мұндай атақ-дәрежеге республикалардың бірде-бір басшысы жеткен емес. Авар ақыны Расул Ғамзатовтан «Ұлтының қамын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар» деген сөз қалған. Д.А.Қонаев абыройлы тұлға ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Басқа мемлекет басшылары, үлкен саясаткерлер ол туралы сүйсіне жазады.
Америка Құрама Штаттарының зкс-президенті Дуайт Эйзенхаур былай деген екен: «Мен бүгін ерекше адаммен таныстым. Бұл Кеңес Одағының ұлы саясаткері, өзінің халқын өте жақсы көретін – Д.Қонаев. Мұндай тұлғалар сирек кездеседі»
Үндістан мемлекетінің ұлы қайраткері Джавахарлал Неру «өз халқының сүйікті ұлы болу қандай бақыт! Бұл халықтың бақыты өзінің ұлдарының қамқорлығында болып, келешекке нық сеніммен қарайды» деген екен. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматов «Д.Қонаев өзінің халқының ішінде өте абыройлы еді. Қазақстанның кеңес дәуірінде өсуі мен өркендеуі осы тұлғамен тікелей байланысты, осы кісінің арқасында» дейді.
Д.А.Қонаев республикамызды басқарып тұрған кезде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы өнімі 6,2 есе, құрылыс 8 есеге жуық өсті. Демек, өзінің экономикалық потенцииалы жағынан 7 бірдей Қазақстан, ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі еселенгенде жаңадан 8 Қазақстан салыныпты. 1955 жылдан 1985 жылға дейін 68 жұмысшы поселкесі мен 43 жаңа қала пайда болды. Осы жылдары Ақтау, Арқалық, Екібастұз, Рудный, Никольск, Кентау, Қаратау, Жаңатас, Жаңаөзен сияқты қалалар бой көтерді. Отыз жыл ішінде республикада ұлттық табыс 7,4 есе артып, 1955 жылы Қазақстанда қой саны 17 миллион болса, 1986 жылы 36 миллионға жетті, ал, ірі қара мал 4 миллионнан 9 миллионға дейін өсті.
Д.Қонаевтың кезінде Оңтүстік өңірінде Одаққа танымал «Фосфор», «Шымкентшина», «Восход», «Эластик», «Мұнай өңдеу зауыты» сияқты ірі өндіріс орындары салынды. Суармалы жерлердің көлемі облысымызда 450 мың гектарға дейін жетті. Шымкент қаласында көптеген тұрғын үй, мәдениет нысандары салынды.
Д.Қонаевтың жеке қабылдауында 1981 жылы Леңгір (қазіргі Төлеби) аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ұсынылған кезімде, ал, екінші рет 1983 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлімінің жетекшілігіне ұсынылған кезімде болдым. Менімен бірге басқа облыстардан келген бірнеше азамат болды, ол кісі әрқайсысымыздың баратын жұмысымыздың жауапкершілігіне тоқталып қана қоймай, сонымен бірге отбасылық жағдайларымызды сұрағаны да есімде. Бұрын ол кісіні облысқа келген жиналыстарда көргенім болмаса, оның жұмыс кабинетінде бетпе-бет сөйлескен емес едім. Сондықтан бұл екі сәтті ешуақытта ұмытпаймын.
Димаш Ахметұлы 1982 жылдың маусым айының соңында облысымызға арнайы іссапармен келген еді. Жылдағы дағдысы бойынша мен істеп жүрген Леңгір ауданындағы С.Сейфуллин атындағы колхоздың егіс алқаптарын аралағанда арнайы тігілген киіз үйге кіріп, дәм татқан-тын. Әдеттегідей дастарқан басында бас тартылды. Димаш аға алдына келген бастың құлағын кесіп, «Асанбай (Асқаров), мына құлақты осында отырған ең жас адамға беру керек қой, ол кім?» дегенде, Асанбай Асқарұлы «осы Леңгір аудандық атқару комитетінің төрағалығына Досыбай Шерімқұлов деген жас жігітті қойдық, осындағы ең жасымыз сол» деп мені көрсетті. Димекең «жастарды өсіріп отыру керек, келешек солардікі, оларға сенім артып отырғандарың дұрыс екен» деп құлақты маған берді.
1986 жылдың 16 желтоқсанында М.Горбачев басқарған КОКП Орталық Комитеті Қазақстанда жарты ғасырға жуық басшылық еткен Д.Қонаевты қызметінен босатып, орнына Ресейдің Ульянов облысын басқарған, есімі елеусіз Г.Колбинді алып келді. Бұл тосын жаңалық жергілікті халықтың намысына тиіп, мыңдаған жастар өре түрегеліп, орталық алаңға жиналды. Мәскеу басшылары кінәні өздеріне алмау мақсатында «жастарды алаңға шығарып, билікке қарсы қою Д.Қонаевтың ұйымдастырған әрекеті» деген әңгіме таратты. Шын мәнінде республиканы ширек ғасыр басқарған Д.Қонаевтың кезінде Қазақстанның Одақтағы беделі артып, ықпалы күшейген еді. Сол жылдары елімізде аса ірі кәсіпорындар іске қосылды, халық шаруашылығының барлық саласында адам айтқысыз табыстарға қол жетті.
М.Горбачев Бас хатшы болып сайланғаннан кейін Д.Қонаевқа деген көзқарас өзгере бастады. Осыны пайдаланып Д.Қонаевтың қарамағында жұмыс істеп, қамқорлығында болып жүрген кейбір басшылар да оның жұмыстарына теріс баға бере бастады. Г.Колбин республиканы басқарып тұрған кезде ресми жиналыстарда Д.Қонаевтың атына көп сын айтылды.
Республиканы басқарып тұрған кезінде Димекеңнің Одақтағы абырой-беделі өте жоғары болғаны белгілі. Одақ көлемінде Ресей мен Украина республикаларынан кейін экономикасы мен әлеуметтік әлеуеті жоғары болған Қазақстанның орны ерекше болды. Одақ көлемінде республикада 52 пайыз электрэнергиясы, 44 пайыз мұнай, 18,5 пайыз көмір, 9,8 пайыз темір кені, 6 пайыз цемент, 6,8 пайыз трикотаж өндірілген. Ірі қара мал саны бойынша Одақта 3-орында, қой саны бойынша 2-орында болдық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сату көрсеткіші жылдан жылға өсіп отырды. Астық өндіру мен сату жөнінде Одақтағы ірі республика атандық. Мәдениет, спорт, білім мен денсаулық сақтау салаларында орасан зор табыстарға кол жетті.
Димаш Ахметұлы дүниеден өткен соң жақсы аты қайта жаңғырып, ел игілігі үшін атқарған жұмыстарына оң баға беріле бастады. Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен Д.Қонаевтың аты жаңадан құрылған Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына берілгені бүкіл халықтың көңілінен шықты. Биыл кемеңгер тұлғаның 110 жылдығына байланысты жер-жерде конференциялар өтіп жатыр. Шымкент қаласында Д.Қонаевтың 110 жылдығына байланысты іс-шаралар өткізілді, кейінгі жас ұрпақ үшін ұлы тұлғаның ғибратты ғұмыры туралы көрмелер мен бейнефильмдер және кітаптар шығарылды.
«Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында Д.Қонаев былай деп жазады: «Шүкір, көргенім де, көкейге түйгенім де бір кісіге азық болғандай, сондықтан халықтың осыншама ықыласына бөленіп, ілтипатына іліккен мен үшін «сенім» деген құдіретті күш, ол сеңгір тауды да қорғайды, партия біздің әрқайсысымызға қалай сенсе, біз де оған солай сенуге тиіспіз. Өйткені, ол сені мен бізден тұрады, еңбегін емген жұмысшылар мен шаруалардан, зиялы елден тұрады». Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз» деген сөзі бар.
Д.Қонаевтың өмірі кеңес дәуірінде, партия билігі салтанат құрған кезеңде өтті, сол заманда туған тұлға ретінде қалыптасып, қатарлас жүрген замандастары сияқты партияға, Отанға, еліне адал қызмет етті, бүкіл ғұмырын арнады. «Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат өзіңмен еншілес болу еді, халқым. Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жібін аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім – жерім, саған, қызмет етуден танбаймын» деген сөзі қалды.
Осы айтқандарын Д.Қонаев толығымен орындай отырып, ғибратты ғұмырын халқына арнады, сондықтан да оның есімі елінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Халықтар Достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері.
Елге келген әр спары ерекше серпін беретін
1977 жылы мен Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданының «Қазығұрт» совхозы бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметінен облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып ауыстым. Бір жылдан кейін, яғни 1978 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Асанбай Асқаровқа көмекші болып бекітілдім.
Сол кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Шымкент облысына жыл сайын арнайы іссапармен келіп тұратын. Осы кезден бастап мен Димекеңді жиі көріп, жақын танып-біле бастадым.
Асанбай Асқарұлы және өңір жұрты Дінмұхамед Ахметұлын әр келгенінде үлкен құрметпен қарсы алушы еді. Екі бірдей ұлы тұлғаның әрбір кездесуі ұзақ уақыт көріспей, сағынысып көріскен жақын адамдардың жылы жүздесуіндей әсер қалдыратын. Расында, Дінмұхамед Ахметұлының Оңтүстікке келген әрбір сапары облыстың өміріне жаңа леп әкеліп, тыныс-тіршілігіне тың серпін бергендей болушы еді.
Димекеңнің өңірлерге шығатын пойызында арнайы вагоны болатын. Сол пойызбен облысқа бір келгенінде Шымкент қаласынан, енді бір келгенде Түркістаннан түседі. Сол кездегі облыс орталығы Шымкенттен түссе, ең алдымен облыс активін жинап, жиналыс өткізеді. Оған аудан хатшылары, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларының басшылары, озат шопандар мен диқандар, өндіріс екпінділері, т.б. қатысатын. Дінмұхамед Ахметұлы осы жиында басшылардың облыстың көрсеткіштері жайлы есептерін тыңдай отырып, қарапайым еңбек адамдарының пікір-ұсыныстарына да құлақ түретін. Бәрін тыңдап, оймен қорыта келе облыста қол жеткен жетістіктер үшін алғысын айтып, кемшіліктерін көңілге тимей, сыпайы ғана жеткізетін де, даму мүмкіндіктері бар тұстарын өте бір сауаттылықпен түсіндіріп, әрбір тапсырмасын «осы бір жеріне көңіл бөлсеңіздер» деген өтініш түрінде білдіретін. Үлкен кісінің еңбеккерлердің жұмысын бағалай отырып, қамқорлықпен айтқан ескертулерін облыс активі де ерекше бір ықыласпен қабылдап, жұмысқа үлкен бір құлшыныспен, қанаттана кірісіп жататын.
Жиналыстан кейін республиканың бірінші хатшысы міндетті түрде аудандарды аралап, жергілікті халықпен кездесіп, сөйлесетін. Ерекше бір ілтипатпен елдің жайын сұрап, емен-жарқын әңгіме айтатын Димекеңе деген халықтың сүйіспеншілігінде шек жоқ еді. Осылайша қарапайым болмысымен халықтың ортасына еркін кіріп, сөзге тарта отырып-ақ талай әңгімеге қанық болатын ол кісі ел ішіндегі жағдайды көзбен көріп, түзеуді қажет ететін кем-кетігі мен ақсау тұстары жайлы көп мәлімет жинап кететіндей көрінуші еді.
Дінмұхамед Ахметұлы Түркістанға табан тіреген уақытта алдымен Арыстанбаб кесенесіне кіріп, Құран оқытатын. Қасиетті құдықтың басына барып, ұзақ үнсіз тұрып қалатын. Ол уақытта дінге тұсау салған партия талабынан аса алмағанымен, іштей күбірлеп, бабалар рухына дұға бағыштап жатқандай болушы еді.
Одан әрі Түркістанға жол тартып, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне бас сұғып шығатын. Түркістаннан шыға бере күрт бұрылып, мақталық алқапта жұмыс істеп жүрген еңбеккерлермен кездеседі. Осы ауданда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты Майшай Әбенова деген мақташы апайымыз болатын. Сол кісіні іздеп дала қосынына арнайы соғатын. Сонда үлкен мәжіліс жасап, дала қосында дайындалған астан дәм тататын. Айнала-төңіректегі диқандар елі сүйген асыл азаматына өз қолымен өсірген алма-жүзім, қауын-қарбызының ең нәрлісін әкеліп, алдына тартуға асығып жататын. Димекең еңбек адамдарының адал көңіліне ризалығын айтып, ештеңеден бас тартпай, ауыз тиіп отырушы еді. Бұл уақытта ол кісінің жасы біразға барып қалған, сондықтан жеке дәрігері үнемі жанына еріп жүретін. Бірінші хатшының денсаулығына алаңдап, шырылдаған дәрігері Димекеңнің диқандардың көңілін қимай отырғанын байқап, олардан «көп қинамаңыздар» деп өтінетін. Осындай мезеттерде үлкен кісінің өз саулығынан өзгенің пейілін артық көрген кішіпейілділігі мен адамсүйгіш қасиеттеріне таң қалушы едім.
Жалпы, Дінмұхамед Ахметұлы дәстүр-салтқа берік, қазақи болмысы ерекше жан еді. Жасыратыны жоқ, тағдыр жазып, Асанбай Асқаровтың қызы Жанна Димекеңнің інісі, академик Асқар Қонаевтың шаңырағына келін болды. Сондықтан құдалық жақындығы бар бұл екі асыл азаматтың сыйластығы да керемет болды. Димекең облысқа келген сапарында сыйлап шақырған құдасының шаңырағына бас сұғып, дәм татпай кетпейтін. Ондайда Асекеңнің жары Фатима Ғалиқызына ерекше ілтипат білдіріп, дастарқан басында келелі әңгімелер айтып, ағайын-туыстың жайын сұрап, ақсақалдық жолын көрсетіп отыратын. Бірақ, Асекеңнің көмекшісі ретінде осы кісілердің «қолына су құйып», қызметінде жүргенде байқағаным, мұндай басқосуларда отбасылық әңгімелерден артық мәселелер талқыланбайтын.
Мен облыс басшысының көмекшісі болып екі жарым жылдай қызмет істеген соң Түлкібас аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстым. Бұл жерде жүргенде де Дінмұхамед Ахметұлын күтіп алу, ауданды аралату бақыты бұйырды. Осы сапарында «Түлкібас» кеңшарында және басқа да шаруашылықтарда болған бірінші хатшы табиғаты таңғажайып, берекелі ауданның бейнетқор халқына ризашылығын білдіріп, болашақ даму мүмкіндіктеріне қатысты біраз ұсыныс-пікірлерін де айтты. Одан әрі жемісті Түлкібастың мол мәуесінен дәм татып, Әулиеата өңіріне аттанып кетті.
Түлкібас ауданында біраз тәжірибе жинап қайтқан соң облыстық партия комитетіне оралып, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Бір жылдан кейін Алғабас (қазіргі Бәйдібек) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалдым. Жалпы тәртіп бойынша бұл қызметке кіріспес бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің рұқсатын алу үшін Алматыға барып, Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауында болдым. Бұрын облысқа келген сапарларында Асекеңнің көмекшісі ретінде жанында жүріп, біраз таныс болып қалғаным бар, одан кейін Түлкібастағы жұмысымды да көзбен көрген, сондықтан ол кісі менің кандидатурамды қолдайтынын айтып, жұмысыма табыс тіледі де «Алғабас – малды аудан, қазақы өңір. Бірақ, табиғаты қаталдау, соған назар аудар. Халқының жағдайын жаса, қой шаруашылығын дамыт» деп тапсырды. Бұдан артық көп сөйлесе алмадық. Өйткені, менімен бірге Шығыс Қазақстан облысының Риддер қалалық партия комитетінің хатшысы да қабылдауға қоса кірген еді. Димекең өзі алғашқы еңбек жолын сол қалада бастағандықтан, кеніште бірге жұмыс істеген бұрынғы таныстарын сұрап, кенді қаланың даму мүмкіндіктері жайлы айтып, сол кісімен көбірек сөйлесіңкіреп қалды.
Сұрқай саясаттың құрбаны болып, тағдырдың біраз теперішін көрген Асанбай Асқарұлы темір тордан босап шыққан соң, 1992 жылы Алматыда 70 жылдық мерейтойын өткізді. Осы тойда Димекең де қонақ болды. Қиын күндерде жанына желеу болып, жиі жағдай сұрасып тұрған бізді де Асекең назардан тыс қалдырмай, арнайы шақырды. Оңтүстік өңірінен барған қонақтардың арасында елге белгілі ақсақал, сол жылдардағы Халықаралық Д.А.Қонаев қорының президенті Төлепбек Назарбеков ақсақал да болды. Асекең жазықсыз жаламен істі болып жатқанда Оңтүстік халқының қолдауын жеткізіп, ел перзентін ақтап шығару жолында көп тер төккен Төкеңе Асанбай ағаның да ықыласы ерекше еді. Сондықтан, Асекеңнің өзінің қолқалауымен мерейтойды осы Төлепбек ақсақал басқарып, ғибратты әңгімелерімен естен кетпес керемет келелі басқосуға айналдырды. Тойда сөз алған Дінмұхамед Ахметұлы: «Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді?.. Басыңа түскен сынақтың бәрін жеңіп, ортамызға оралып отырғаның – халқыңның қолдау-сенімінің арқасы. Халықтың ұлы болу да бір бақыт. Осы күнге аман-есен, абыроймен жеткенің құтты болсын!» деп ақжарма тілегін білдірген еді. Қазақтың бағына туған қос алыптың бір-біріне деген ерекше ілтипат, сыйластығы тойға жиналған көптің көңілін босатқаны есімде.
Биыл Димекеңнің 110 жылдығына орай осы асыл тұлғаның есімін ұлықтап, еңбегін дәріптеу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Өзі іргесін қалаған Қапшағай қаласына есімін беру, көптеген өңірлерде ескерткішін орнатып, білім ұялары мен көшелерді атау, т.б. жұмыстар – ол кісіге көрсетілуі тиіс құрметтің бір парасы ғана. Шын мәнінде, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен еңбек жолы әлі де жан-жақты зерттеп жазуды, жастарға кеңінен насихаттауды қажет етеді. Айта берсек, Одақ құрамындағы Орта Азия республикаларының басшылары ішінен СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының жалғыз мүшесі болды. Сондықтан, Димекеңнің Қазақстанның ғана емес, Орта Азия елдері басшыларының көшбасшысы ретінде партияның бюро отырыстарында олардың сөзін сөйлеп, кейбір мәселелерін шешуге араласқан қайраткерлігі де белгілі. Одақ көлемінде абырой-беделі өте жоғары болған Дінмұхамед Ахметұлын тіпті қызметтен босағаннан кейін де көптеген бауырлас елдерде үлкен құрмет-қошеметпен қарсы алғаны жиі айтылады.
Дінмұхамед Ахметұлының кең-мол пішілген батыр тұлғасына сай дарыған қазақы болмыс, кең пейілі де әлі күнге әртүрлі әңгімелерге арқау болып келеді. Айталық, Өзбекстанға әдейілеп барып, Шараф Рашидовтың отбасына көңіл айтты. Сол кезде Рашидовтың жұбайы «Сізден басқа ешкім келген жоқ еді» деп қатты көңілі босап, ризашылығын білдірген екен. Ертеңіне республика президенті Ислам Каримов Дінмұхамед Ахметұлын арнайы қабылдап, алғысын айтып, «Волга» көлігін сыйға тартқан екен. Димекең бауырлас ел басшысының бұл құрметіне ризашылығын білдіріп, сол жерде «балаларға осы көлікпен қызмет жаса» деп, бір балабақшаның меңгерушісіне сыйға тартыпты. Балабақша меңгерушісі, өзі әйел кісі болса керек, мұндай жомарт сыйлыққа қатты толқып, жылап тұрып рахмет айтқан көрінеді.
Міне, осындай кеңдігімен дархан даламыздың ұлы перзенті екенін көрсетіп, өмірімен өнеге өрнегін салып кеткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың көзі тіріде еліне жасаған жақсылығы ана дүниесіне сауаптан жазып, рухы пейіш төрінде шалқып жатқанына сенімім кәміл.
Исмат ТҰРСЫНҚҰЛҰЛЫ,
қоғам қайраткері, Түркістан облысының Құрметті азаматы.
Алты жасар Асылжанға батасын берген еді
Адам неғұрлым қарапайым болса, оған елдің құрметі де соғұрлым арта түседі. Оны қазақтың кемеңгер ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмірінен көруге болады. Бүгінде елдің Димаш Ахметұлын құрметпен еске алып, артынан жақсы әңгіме айтып жататыны да содан болса керек.
Иә, қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевпен біздің де бір-екі рет кездескеніміз бар. Алғашқысы 1978 жылы еді. Бұрынғы Алғабас ауданының «Шалдар» кеңшарында Оразбек Бесбаев есімді озат шопан болды. Жүз саулықтан жүз алпыс екі қозы алып, есімі дүркіреп тұрған тұста бір күні аталған шаруашылыққа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келетін болды. Ол кезде мен Алғабас аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы едім. Бірінші хатшыны күтіп, қызмет етіп жүрдік. Сол жылдары мал шаруашылығы қарқынды дамып, Қазақстанда уақ мал басы 37 миллионға жетті. Елу миллионға жеткіземіз деген меже болды. Сондай-ақ, астықтан да мол өнім алынып, Қазақстанның даңқы күллі Кеңестер Одағында асқақтап тұрды. Ол кез – тоғыз рет межені артығымен орындаған нағыз дәуірлеген жылдар екен. Мұның бәрі Дінмұхамед Ахметұлының іскерлігін, жұмысты ұйымдастыра білетін қарымды қабілетін білдірсе керек.
Одан кейінгі есте қаларлықтай кездесу 1980 жылдың жаз айында болды. Әйгілі Домалақ ана кесенесінің жанында, бүгінде көпшілік «Қонаев саяжайы» атап кеткен табиғаты тамаша демалыс орны бар. Облысқа жұмыс сапарымен келген бірінші басшы әдеттегідей ауыл-елді аралап келген соң әулие анамыздың кесенесіне аялдады. Естуімізше, ол кісі қай жерге барса да әулиелерге тәу етіп, тағзым етпей өтпейді екен. Сол күні ерекше көңілді жүрді. Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шәймерденов, Алғабас ауданының басшысы Қойшыбай Әріпбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Рахметулла Момынов және кеңшар директоры Базарбек Қожабеков бәріміз Димекеңнің қасында болып, қызмет еттік. Ол кісінің қасында «Известия» газетінің редакторы мен тағы бір кісілер болды.
Үшінші кездесуіміз бертінде, ол кісі еңбек демалысына шыққаннан кейін болды. 1992 жылы елге келген сапарында да ел ағаларымен алдынан шығып, құрмет көрсеттік. Ұзақ жыл қызметтес болған әріптесі Шараф Рашидовтың қайтыс болғанына көп болмаған еді, сол кісінің әруағына дұға жасап, ағайын-тумаластарына көңіл айту үшін жолға арнайы шыққан екен. Төлепбек Назарбеков, Амалбек Тшанов бастаған ағалар Ташкентке шығарып салып, қайтарында күтіп алдық. Ертеңіне Төлепбек ағаның үйіне, қасымда әріптес жолдасым Мейірбек Мұсабеков бар, алты жастағы Асылжан баламды да алып бардым. Төрде отырған Димекеңе Асылжан жүгіріп барып амандасты. «Бұл қай бала болды?» деп арқасынан қағып еркелеткен Димекең Асылжанды сөзге тартып, ер жеткенде кім болатынын сұрады. Сонда тақылдап тұрған бала «Мүфти» боламын деп қойып қалды. Оның тілін қызықтаған Димекең тағы да бірер сұрақ қойды да, «Жарайды, болайын деп тұрған бала екенсің, өркенің өссін» деп батасын берді. Сол Асылжанымыз бүгінде мүфти болмаса да, кәсіпкер ретінде елге қызмет етіп жүр.
Жалпы, жақсы адамды айналасына шуақ шашып тұратын күнге теңеп жатамыз ғой. Димекең де сондай, елге шарапаты көп тиген адам. Ол кісімен болған әрбір кездесуіміз көз алдымыздан кетпейді. Тереңнен қозғап сөйлейтін даналық ойлары, парасатты келбеті кісі қызығарлықтай еді ғой. Біз ол кісінің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етуден жалықпауымыз керек. Әр адам сондай таза, сондай қарапайым, сондай парасатты болса, одан ешқашан ұтылмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ол кісі жайлы айтқан кемелді ойлары да қоғамға оң әсер етіп, бүгінде 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өту шаралары қызу қолға алынып жатыр. Бәрі де құтты болсын!
Шәріпбек ЖАМАЛБЕК,
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы,
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.