Қуаныш Айтаханов – 70 жаста. Адамның ниеті, ойы, іс-әрекеті шындыққа негізделгенде адам өзіне де, өзгеге де адал болады. Адал болу кез-келген адамның өз қолында. Ол біздің ішкі жан-дүниемізден бастау алады. Адамның көңілі таза, пейілі кең, адал, шыншыл болғанда әділдікке қол жеткізеді.
Осындай адамдық пен адалдықтың келбеті бола білген азамат Қуаныш Айтаханов десек, артық айтпағандығымыз. Еліміздің, мемлекетіміздің өркендеуіне жанашыртұлғалармен қуатты десек, Қуаныш Айтахановтай азамат өзінің терең ойлы дүниетанымымен, еліне деген сүйіспеншілігі бір төбе. Қуаныш ағамыздың салиқалылығы, қоғам ісіне берілгендігі, туған халқына, еліне қолдан келгенше аянбай адал қызмет ету ниеті оның барлық ісінен менмұндалап көрінеді.
Бұл кісіні жақсы білетіндер оның іскерлігін, белсенділігін, қандай да бір іске құлшына кірісетінін, кімнің де болса тілін таба білетінін, қарапайым халықпен етене араласатынын, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, рухани шаралардың ешбірінен қалыс қалмайтынын айтады.
Бұл біздің емес, бірге араласып, ісіне тәнті болып жүрген зиялы қауым өкілдерінің пікірі.
Олай болса, азаматтың ажарын замандастары ашсын…
Қазақстан халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері
Шерхан МҰРТАЗА:
ӘКІМ БОЛҒАН, ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН БОЛҒАН
Біз кезінде, билікке әкімдер келген уақытта газет бетінде «Әкім бол- халқыңа жақын бол» деген айдар ашып едік. Бұл сөз бұрыннан келе жетқен мақал сияқты болып кетті. Ол, әрине, жақсылық. Міне, сол халқына жақын әкімнің үлгісі ретінде осы жігітті айтуға болады деп білемін. Мұндай жігіттердің айы оңынан, жұлдызы соңынан туып жатса, облысты да басқара алатын мүмкіндігі бар. Бірақ, осы тұрақтылық та жақсы ғой деп ойлаймын. Тым тез үлкейіп барып құлағаннан сақтасын. Ондайлар да болады.
Айтаханов әкімшілік қызметті абыроймен атқарды. Он жеті жыл бойы аудан басқару әркімнің қолынан келген жоқ. Шыдамдылық көрсетті. Енді ұдайы таптаурын жолмен кете бермей, Парламентке бет бұрған екен, жаңа саланы игергісі келген екен, онысы да жөн деу керек. Адалынан айтатын, ағынан сөйлейтінАйтахановтай жігіттер керек Парламентке. Себебі Парламентіміз қазақша сөйлемейді. Бірлі-жарым депутат қазақ тілінің мәртебесін күн тәртібіне қойса, қалғанының бәрі қарсы шығады. Кім болды олар сонда? Оларды кім сайлады? Сол сайлаушыларына үйіп төгіп уәде берді ғой олар! Енді есегі судан өтіп алған соң, уәде қайда қалды? Қазақ тілі құрыса біздің ұлт ретінде, халық ретінде құритынымыз олардың жанын ауыртпайтын болғаны ғой! Ал Қуаныш інім сенатқа барса, қай уәдеде де сайлаушыларын алдамайтынына, мысалы қазақ тілінің дамуына бар күшін салатынына сенемін. Оның арыста жүрген кезінде бір күнде қаладағы отыз көшенің атын өзгерткенін газеттер жазғаны есімде. Рас, ондай істі көтермейтін өңірлер де бар. Бірақ, біз көтеретін жерде де солқылдақтық танытамыз ғой. Ендеше Айтахановтай азаматтың жолы болсын! Мен осыған тілектеспін.
2005 ж.
Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекет және қоғам қайраткері
Әбіш КЕКІЛБАЙ:
МАЗДАЙ ТҮС, ШАМШЫРАҚ
Маусым айының аяғы еді. Бір ауданды көріп, бір кезде Өзбекстанға беріліп, қайтарылып алынған ұлан-ғайыр өлкені аралап келеміз. «Қайтқан малда қайыр бар» деген ғой, бір-бірімен тұтаса жалғасып жатқан мақталы аймаққа сүйсіне қараймыз. Ол кезде бір ауданнан екінші ауданға өтерде келесі ауданның меймандары шекарадан күтіп алатын әдет барды. Шардара ауданының күтіп алушыларының арасында ақ шалбар, ақ пиджак киіп, жарқырап шыққан томаға көз аққұба жігіт көзге бірден шалынды. Ол Шардара ауданының нағыз шалқалап тұрған шағы еді. Ауданды Л. Бекжанов басқаратын. Жаңа салынған қаланы, су қоймасын, егінжайларды аралатты. Түс ауа саяжайдағы баспаналарға барып, көлеңкеледік. Әлгі ақ шаңқан киінген аққұба жігіт аудандық атқару кеңесінің төрағасы Қуаныш Айтаханов екен. Аудан басшысын әдеппен тосып, кезегі келгенде әңгімесін қағып алып, Шардараның жай-күйін баяндай жөнеледі. Ойының орнықты, мақсаттарының арналы, сөзінің жүйелі екендігі бірден білініп-ақ тұрды…
Содан бері біраз жыл өтті. ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңесте тағы кездестік. Едәуір тоқтасқан, көпшелі азамат болыпты. Жігіттердің ел тағдырын қалай ойлайтыны сынға түскен өрелі жиын еді. Айтахановтың астындағы ақбозы қамшы салдырмай өрге тартты. Сол бетімен ел басына күн туған жылдардан өтті. Қызыл құмды қарғын алып, толарсақтан саз кешкен күндер өтті. Киелі Отырар мен Арыстан бабтың диқандары мен малшылары одан да сүрінбей өтті.
Бір жылы жарты ғасырдай қап түбінде шашылып жатқан аруақтардың сүйегін, жанса-терін Әзірет Сұлтандағы киелі орнына қайтып қойып, Қаратауды қақ жарып өтіп, кенеуі кеткен Кентау мен ескі кеніштерді ерінбей аралап, сүлдерім құрып келе жатсам, Торланның аузынан тағы да Қуаныш тосып алды. Жан-жағыма қарасам, Қуаныштың есімінен басқа қуантатындай ештеңе көрінбейді. Бағзы Баба-Ата көк сағымның арасында мүлгіп тұр. Шолаққорғанның да сиқы кетіп, көнетоз дастарханға шаша салған бір уыс қуырмаш бидайдай бет-бетіне шашырап жатыр. Типылданып қала жаздаған көне Созақтың орында көкке мойын созған Қарабура ғана. Тау арасындағы Таукентке барып түнеп, Сызған маңындағы Саңғыл бабаның басын көтеріп жатқандарға соғып, көсегенің көк жонына жеткенше әңгімелестік. «Бұл жолы еңсеңіз түсіп бара жатыр. Ендігі келгеніңізде, қара да тұрыңыз, бұдан басқаша болады», — дейді. Қуаныш қоштасып тұрып.
Иә, содан да қарадық да тұрдық. Расында да, Созақ өзгере бастады. Шашылып қалған Шолаққорған да төсегінен жаңа тұрған келіндей, бойын түзейін депті.
Сайрамға келсек, Қуаныш алдымызда тағы тұр. Түркістаннан бастап жағалай әулие ғой. Сол жағалай әулиенің шырағын маздататын шырақшы Айтаханов болғаны ма? Көрісіп жатып: «Енді Сайрамның шырағын жақ деп сені жіберді ме?!» — десем, Қуаныш кеңк-кеңк күледі. Содан шашылып жатқан «сансыз бабты» араладық. Оңаша жатқан Ыбырайым бабты көріп, қасындағы төбенің басына шықтық. Бір кезде жан-жақтағының бәрін түгел көрсететін зәулім биік шөге-шөге әбден отырыпты. Сайрамның қалың жұрты қазып ала-ала ертеде билер жайғасатын тақия төбешіктер ғана қалыпты. Бір кезде ел-жұрт жылына екі рет жиылып, мәслихат өтетін Мәртөбе осы. Дала парламенті. Кейін Сайрамды қалмақтар алып, мәслихат Ангрен бойындағы Күлтөбеге ауысқан. Үнсіз тыңдап тұрған Бердібек пен Қуаныш дүр сілкінді: «Ендеше бұл орынды жаңаламаймыз ба?» — десті. Дегендерінде тұрды. Еңселі Мәртөбеге ел ждиналып, мәслихат құратындай орын салынды.
2003 ж.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Бердібек САПАРБАЕВ:
АЙТАХАНОВТЫҢ АЙТА ЖҮРЕР ЕҢБЕГІ КӨП
«Бір көрген біліс» біліс дейді қазағымыз. Ал Қуаныш Айтаханұлымен біліс қана емеспіз, бірге қызмет еттік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 1999 жылы 26 шілдеде мені Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындап, облыс активіне таныстырды. Бел шешіп, іске кірістік. Ол кез әлі экономика нығайа қоймаған, жұрт не істерін білмей дағдарған, күрделі уақыт болатын. Елбасы сеніп тапсырған аймақ тұрғындарының келешекке сенімін нығайтып, ертеңге үмітін ояту үшін ең алдымен шаруашылықты шырғалаңнан шығару керек болды. Облыс экономикасын оңалту оңай емес. Төлемі төленбегендіктен Өзбекстан тарапы газ еді. Халық айлап, жылдап жалақысын ала алмай отырған өтпелі кезеңнің өткір мәселелерін бірлесіп шешетін білікті азаматтар қажеттілігін анық сезіндім.
Облыс көлемінде шаруашылық барысымен бірқыдыру танысқаннан кейін Қуаныш Айтаханұлына ұсыныс жасадым. «Сенатқа барайын деп жүргеніңізді естідім. Дегенмен, осы бір мүмкіндікті де қарастырыңыз, бірге жұмыс жасайық. Сіз тәжірибелі, білікті әкім едіңіз. Мақтарал ауданына әкім болып барыңыз. Мақтарал – ірі аудан», — дедім. Алайда, Кәкең сайлаушыларымен, Мақтарал ауданы активімен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, сайлауалды платформасымен таныстырып қойғанын айтты. Арада бір-екі күн өтпей Сайрам ауданының әкімі В. Ф. Ряписов өз арызымен жұмыстан босады. Сайрам да ірі аудан. Кәкеңе енді Сайрам ауданына әкім болыңыз деп қолқа салдым. Ойлана келіп ол кісі келісімін берді. Біз осылайша Оңтүстік Қазақстан облысында үш жыл қатарынан қызметтес болдық.
Кәкең Сайрамның тоқырау жылдарында аяқ асты болып қалған саябақтары мен қоғамдық демалыс орындарын қалыпқа келтіруде ауқымды жұмыс істеді. Жасыл өңір жасарып, жайқала түсті. Кейін басқа ауданға ауысып, онда да өзінің іс білетін, ел-жұртқ жақын, жанашыр басшы екенін танытты.
Қуаныш Айтаханұлы бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде республика жұртшылығына кеңінен таныс. Сенаттағы сүбелі жұмыстарынан біз де хабардармыз. Арыс пен Созақ, Сайрам мен Отырар аудандарында жасаған жұмыстарын еліміздің жоғары палатасында да жалғастырып жатыр. Парламенттің ауылдық жерлерді дамыту және табиғатты пайдалану бойынша комитетінің мүшесі бола жүріп, оңтүстік өңірдің ғана емес, ел аумағының жасылдауына жол ашты.
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Дүкенбай ДОСЖАН:
ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНДЕ
Қуаныш Айтаханов. Есімі қандай құлаққа жылы естілсе – оның жүріс-тұрысы, болмысы бірегей, ешкімге ұқсамайтын мінез иесі, халық айтқандай, жұрген жеріне шөп қана емес, гүл шығатын осынау азамат қай-қай заманнан жүрегімнің төрінде келеді. Неге бұлай деп ақыл таразысына салып үңіліп көрмеппін, неге олайша деп Қуаныштың өзі де сауал қоймапты. Заманымыз бір, өрісіміз қатар болған соң, ұшырасқан сайын жылы сәлемдесіп, тонның ішкі бауындай хал-ахуал сұрасып жүре беріппіз.
Қуанышты ойлаған сайын көз алдыма төрт түрлі жағдай көлеңкелей кетеді. Кешегі қайыршының көрпесіндей жетпейтіні көп, бұралаңы мен бұлталағы мол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Созақ өңірінде туып-өскен, мемлекеттің басқару биігіне дейін жеткен аса жігерлі Сұлтанбек Қожановтың жүз жылдық тойы аудан көлемінде аспан ашық кезде күн күркірегендей болып дүркіреп өтті. Сол кездегі облыс атқа мінерлері «Өзің бастадың, өзің өткіз» деп бар салмақты аудан басшысы Қуаныш Айтахановқа ысқырып салып, біреуі демалысқа… біреуі жиналысқа дегендей… тілекшілік марапат сөзін айтып, бас басына би болып, ізін суытыпты… Арманда кеткен әлгі алаш лидерінің музейін ашып, пәтуалы конференция өткізіп, алыс-жақыннан сабылып жеткен қонақтарды қарсы алып, ас беріп, бәйге өткізіп, жиылған жұртты рмза етіп шығарып салу рәсімінің бас-аяғында аудан басшысы аяғынан сабылып өзі жүрді. Республика алпауыттарының күшімен әупірімдеп әзер өткізерлік ұлы сүрең тойдысылт еткізбей, суретшінің қанық бояулы полотнасына ұқсатып, барша көрініс… бояуымен… бір өзінің басшылығымен өткізгеніне әлі күнге таңғаламын. Таңқалған сезімімді үшбу хатқа түсіріп отырғаным осы. Мұны бір деп қойыңыз.
Біраз жыл өте Айтаханов Отырар ауданына әкім болып барды. Азынған Арыстанды-Қарабастың желі өтінде әзер жан сақтап, мал басын көбейтіп, құм ішінен шыққан уран кенішін жапондарға жалға беріп, ілдалдалап күн көріп жүрген қиядағы елге кешегі өткен тарихтың көрпесін көтеріп, «Отырар энциклопедиясын» шығаруға мұрындық болды. Ол кезде арғы-бергі тарихты қозғап, аудан азаматтарының әупірімімен қалпақтай қалың энциклопедия шығару былай тұрсын, республикаға белгілі ғылыми-зерттеу институттарының өзі толымды жинақ шығаруға әрі сол іске тәуекел етуге жүрексініп бітетін. Жүрегі дауаламайтын. Айтахановтың басшылығымен жарық көрген энциклопедия қалың қауымды риза етті. Тарихымыз түгенделді. Әлгі толық кітап сөремізден орын алды. Мұны екі деп қойыңыз.
Ауыс-түйістің заманы емес пе, Қуанышты көп ұзамай Сайрам ауданына әкім етіп тағайындады.
Сайрамның негізгі тұрғыны – жергілікиі өзбек халқы.
Әлгі өзбектер қазақ жеріне қызыл төңкерістің ол жақ, бұл жағында қоныс аударып, атам заманнан мәйегінен майы шыққан екі тау арасындағы құйқалы төрге орнығып алған. Өзбек ағайынның жүрген жері базар, сауда-саттық. Аудан басшысы болып келегн Қуанышекең айналасына зер салып қарайды. Орталықтың бас көшесінде құжынаған базар… ана тұста тағы базар… мына тұста тағы базар… аяқ бассаңыз, базарға сүрініп жығыласыз. Орталық алаңды, орталық көшені, арық пен кәрізді кеңейтіп, елді мекенді берекелі, көрікті қонысқа айналдырсақ қайтеді деп әкім білек сыбанып шаш етек шаруаға кірісіп кетеді ғой… Базарды көшіру… орталық алаңға Абылай ханның ескерткішін орнату… көшелерді кеңейту… жол салу… көпірлерді жөндеу… ауыл төңірегіне жайқалтып ағаш отырғызу… саң-сапалақ шаруаның басы-қасында жүремін, деп әкесінің есімін есінен шығарып алғандай кеп кешкені мәлім. Сонда өзбек ағайындар айтыпты деген сөз бар: «Кешегі халықтар көсемі о дүниелік болды деп мәз болып жүрсек, Айтаханов секілді темір тәртіптің елесі, сұлбасы әлі жер басып тірі жүр екен ғой! Таңқалмай көріңіз!»
Шындығында ғой… ойлайықшы.
Қуаныш замандасымыз – расында ортақтың, көпшіліктің шаруасына келгенде өзін де, өзгені де аямай жұмысқа салып, бейнетке белшесінен батып, ащы терін түгел сығып беретін ақкөз бейнетқордың бірегейі. Мына тәуелсіздік сапарындағы елімізде шаруа десе дүниені ұмытатын кісі екеу болса – бірі, ал бірі болса – соның нақ өзі. Көз жеткізген сонау шындығымызды үш деп қойыңыз.
Қуанышпен кез-кедген тақырыпта кең отырып сөйлесуге, сөз ұзартуға, пікір бөлісуге болады. Ескен желдей аңқылдаптіл табысып кете аласың. Көкейіңдегі қоздаған сауалды тап басып тани қояды.
Қуаныштың өмірден тоқығаны қандай сол болса, оқығаны да соншама көп. Кітап көрсе гүлге қонған бал арасындай шұқшияды. Нағыз бесаспап суреткер жазушының тірі сөзін төбесіне қойып құрметтей біледі. «Қазақты өміршең еткен, заманнан заманға жеткізген пәтуалы тірі сөзі ғой», — деп отырады әрдайым. Әрқашан жадымызда ұстайтын азаматтың төртінші қасиеті-қазақтың қадым заманнан келе жатқан тірі сөзін түсіне білетіндігі болар, сірә.
Қым-қуыт тіршілік сапарында кезігетін қуанышына, қиындығына, қайғысына, өкінішіне шын пейілмен ортақтаса білетін дос табу аумалы-төкпелі мына заманда аса қиын. Осы қиындықты кейіпкеріміз Қуанышекең әрі қатесіз, әрі шебер шеше біледі. Сенісетін, сырласатын, пікірлес, пиғылдас жора табуы ерекше қасиеттің бір белгісі деп ойлаймыз.
Қуаныш Айтахановтың өзіміз білетін сегіз қырлы, бір сырлы мінез қырын құм ішінен шыңырау қазғандай қазып айтып тауыса алмаспыз.
Досымыздың жүрген жері келелі әңгіме, кенішті сөздің ордасы, қашан көрсең елдің, халықтың қамын жеп, азаматтың биік сөзін айта біледі. Ауыл арасының майда сөзінен, руға, жерге бөлген бақай есеп әңгімесінен аулақ жүреді. Биіктен сөйлейді. Қадым қазақтың ел болмағы-елшіден, жау болмағы-жаушыдан дегендей, ел болудың жолын әріден ойлап, қамын жеп, мазасызданып, күйгелектеніп, жанын күйзелтіп, түн ұйқысын төрт бөледі. Сонысымен елге сүйкімді.
Айтаханов – осы жүрген шынайы, шыншыл мінезімен, темір тәртіпті бітім-болмысымен, сегіз қырлы, бір сырлы қалыбымен әрдайым жүрегімнің төрінде екенін жарық дүниеден жасырған емеспін.
2013 ж.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, академик
Ғарфолла ЕСІМ:
НАҒЫЗ ПАТРИОТ
Кісілік деген әркімнің бойынан табыла беретін нәрсе емес. Кісілікке жету бар. Кісілікке жетудің жолдары көп. Кейбір адамдар болады, қандай жұмыс атқармасын, жұмыстың аясын кеңейтіп, айналасындағыларға жарығын түсіріп жүреді. Қуаныш Айтаханов, міне, сондай азамат.
Сенаторлық қызметінде ол сол мінезінен танған емес, Елдікке бастайтын келелі мәселелер көтереді. Елдің құрметіне бөленіп жүргені де сондықтан шығар.
Қанекеңе ұзақ ғұмыр тілеймін. Осындай азаматтар көп болуы керек. Осындай азаматтар –егемен еліміздің мықты-мықты шегелері. Осындай азаматтар шеге болып қағылса, елдің іргесі сөгілмейді. Қуаныш Айтахановты елдің іргесінің берік болуына мол үлес қосып жүрген үлкен азамат деп есептеймін.
2013 ж.
«САУТС-ОЙЛ» мұнай-газ компаниясының президенті, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
Серікжан СЕЙІТЖАНОВ:
СЕМСЕР СӨЗДІ СЕНАТОР
Біз бір өңірдің перзенті болғанымен, жұмыс бабымен жүріп, әр жақта қызмет еттік. Дегенмен, алғашқыда комсомол, партия саласында жұмыс істеп, одан кейін аудан, қала басқарған Қуаныш Айтахановтың іскерлік қарым-қабілеті, пайым-парасаты туралы жылы лебіздерді жиі естіп тұратынмын. Сондай кездері оның қолға алған жан жадыратар жаңалықтарына іштей сүйсініп, бір рахаттанып қаламын. Олқай салада жүрмесін, қай аудан, қаланы басқармасын, тың, моны ізденістерімен өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Бүгінде өзі әкім болған Арыс, Созақ, Отырар, Сайрам аудандарына барып қалсаңыз, Айтахановтың басшылығымен жүзеге асқан жарқын істерге куә боласыз. Жұртшылықтың жыр қылып айтар жақсы лебіздерін естисіз.
Қуаныш Айтаханов 2011 жылы 19 тамызда ҚР Парламенті Сенаиының депутаты болып екінші рет сайланды. Ел дамуының сапалық жаңа кезеңі басталған тұста халық қалаулысы өзінің ел алдындағы аманаты «бейбіт өмір, жоғары табыс, кәсіби білім, мықты денсаулық, жайлы тұрғын-үй, жасмпаз еңбек пен қауіпсіздік біз құрып жатқан жаңа қоғамның негізі болуы тиіс» деп тұжырымдады.
Сенатор дәл осы ойын «Сөз сұраймын» деген кітабында толыққанды тарқата отырып, Парламент қабырғасында, түрлі алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде, Үкіметке жолдаған сауалдарында айтылған ұсыныс пікірлерімен, берілген жауаптармен бекіте түседі.
Рас, «Елде болма-ерінге тиеді» дегендей, қолымыздағы бар дүние халықтың қажетін өтеп отырса, ел де көркейеді, экономика да өседі. Тәуелсіздігіміз енді қолға тиіп, небір қиындықтарды бастан кешіп жатқан алғашқы жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай деген екен: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстанда шығамыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдегі өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламыз да, қаламыз да шат тірлік оңар». Көреген басшының кемел ойы айна қатесіз жүзеге асқанын қазір көріп отырмыз. Енді осы қол жеткен толайым табысты баянды ету, келешек ұрпақтың игілігі үшін жұмсау-бүгінгі халық қалаулыларының еншісіндегі дүние. Срндықтан да шығар, Қуаныш Айтаханұлының кез келген қоғамдық ойға қозғау салып, Үкіметтен, тиісті министрліктерден өз сауалына толыққанды жауап талап ететін қайраткерлік қасиеті бар. Мәселен, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, көлік қатынасы, баға саясаты, бала құқығын қорғаусекілді толып жатқан сауалдар сайлаушылардың аманаты болғандықтан, оған депутат көз жұмып қарай алмайтыны белгілі. Таластан-тартыс, тартыстан-шындық талап етілетіні де осы тұс. Мен Әлгінде айтқан кітапты парақтай отырып, сенатор Қуаныш Айтахановтың осындай өткір мінездің адамы, ел мүддесі үшін неге болса да даяр тұлға екенін түсінгендей болдым.
2013 ж.
Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты
Әбілда АЙМАҚ:
ЖОЛЫҢ БОЛСЫН ЖАМПОЗЫМ
Бергенімен жыр дейтін сыйын далам,
Сіз туралы жыр жазу қиын маған.
Шікірейген әлдебір пенделерге
Сіздей болу шынында бұйырмаған.
Қайта тулап дала қазақ қаны,
Әлдиледі ұлысты азат таңы.
Күйлеріндей Сүгірдің мәні бөлек,
Кім білмес еңбегіңді Созақтағы?!
Қиын болар өлеңді ойдан құрау,
Жүрек сөзін сөйлеп бір жайландым-ау,
Әкім болып өзіңіз келген күні,
Сөйлеп кеткен қазақша Сайрам мынау.
Сіздер барда еңсемді тіктеп өтем,
Кейбір қаскөй дұшпанды бүктеп өтем.
Қаһарман Қайырхан боп қайта келдің
Арыстан баб жайланған Отырарға.
Ізіңді іздеп талайлар қырға келер,
Ақында көп өзіңді жырға бөлер.
Сенатта отырсаңыз Отырар боп,
Бүкіл рух қазақты нұрға бөлер.
Менде де мына даламен реңдеспін,
Еңбегіңді жырыммен түгендестім.
Қрсын-қосын ойлармен жолға шықтың,
Жолың болсын, жампозым, тілеулеспін!
2005 ж.