Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласындағы “Ақжайық” музыка мектебінде Ілия Жақановтың шығармашылық кеші өтті.
Шарада қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев композиторды шығармашылық кешімен құттықтап, қала әкімінің ізгі тілегін жеткізді.
«Қазақтың ұлы даласын ән мен күйге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Ықылас, кешегі Шәмші мен Нұрғиса сияқты өнер дүлділдерінің қасиетті жолын үзбей жалғастырып келе жатқан қазақтың айтулы саз зергері Илья Жақанов ағамызбен киелі шаһар төрінде жүздесіп отырмыз. Қазақ өнері мен әдебиеті туралы әңгіме болғанда, осы қос саланың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан және Қырғыз Республикаларына еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақанов ағамыз бірден ойға оралады. Сіз саз өнері мен сөз өнерін қатар ұстап, қыл қаламды жаныңызға серік еткен біртуар тұлғасыз. Ұлт руханиятына сіңірген осынау өлшеусіз еңбегіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!»- деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы.
Кеш барысында қалалық мәдениет үйінің әншілері автордың шығармашылығынан әндер орындап, Ілия Жақанов туралы тағылымды ой-пікірлері берілді.
Ілия Жақанов — композитор, жазушы, публицист, этнограф, музыкатанушы, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 200-ден астам әннің авторы, ән және музыканттар жайлы жазылған «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл» новеллалар жинағы мен «Ықылас» романының авторы.
Ілия Жақанов – 1984 жылдан бастап, бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады. «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) повестері шықты. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас жайлы «Кертолғау» (1989) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990) деген атпен жарық көрді. «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы, сондайақ «Қарабура» (1977) тарихитанымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты қырғыз тілінен аударылған (Қасымбеков шығармасы) тарихи романдары шықты. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б да салсерілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары бар.
«Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990); «Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (1994); Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері (1997). «Сырлы жүрек пернесі» атты лирикалық эссе кітабы 2008 жылы «Ұшпақ» баспасынан жарық көрді.