Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева «Менің арманым» атты жобаны жүзеге асырып келеді. Қаладағы мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын ол әр айда үйде оқитын мүгедектігі бар 10 баланың арманын орындап, қуанышқа кенелтіп отыр. Маусым айынан бесінші рет ұйымдастырылған игі іс барысында Әсел Маханбетқызы қаладағы 70-тен астам баланың кішігірім арманын орындады.
«Менің ұлым да 4-сыныпқа дейін үйде оқыды. Қазір емдетіп, жағдайын түзеп алдық. Сондай-ақ өзім ұстаз болғандықтан үйде оқитын балаларға сабақ беремін. Арасында әртүрлі балалар бар. Біреуі жүре алмайды, бірі сөйлей алмайды. Тіпті төсектен тұра алмайтындар да бар. Жағдайларын көріп жаным ашиды, жылағым келеді. Сабақтан тыс уақытта қастарында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман мақсаттарын тыңдаймын. Содан тағдырдың сынағына түскен балалардың аз да болса көңілін көтеріп, қуантқым келді» – дейді жоба жетекшісі.
Әсел Бимырзаева Түркістан қаласындағы Ата-түрік атындағы №17 мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. Бос уақытында қоғамдық істермен айналысады. Өзі қолға алған жобасы аясындағы жұмыстарды үйлестіріп отырады.
«Ең алдымен, балаларға арманын жаздырамын. Қолы икемге келмейтіндеріне ата-анасы көмектеседі. Бала арманы жазылған қағазды конвертке салып, демеушілерге тапсырамын. Содан бір күнді белгілеп, сыйлықты тапсырамыз», – дейді ол.
Жалпы Түркістан қаласында 1000 астам ерекше бала бар. Жоба жетекшісінің айтуынша, олардың арманын орындауда түрлі сала басшылары мен кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ұжымдар жақсылық жасауда жарысып жатқан жайы бар.
Мәселен, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Азамат есімді балаға электрлі самокат сыйласа, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев Інжу есімді қыздың арманын орындап, Ханшайым көйлегін алып берген. Ал ақын Қалқаман Сарин Әбдімәлік есімді жеткіншектің ұнатқан киімін тарту етсе, арыстық азамат Амантай Байтанаев Жайрона есімді қызға велосипед сыйлапты.
Сондай-ақ, “Көркем Ару” бірлестік қоғамының төрайымы Айжамал Серікбайқызының ұйымдастыруымен қолдауының арқасындаТүркістан қаласындамүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі бөлім оңалту орталығы ашылған болатын. Жалпы саны 35бала тәрбие алатын оңалту орталығында түрлі массаждар жасалып, арнайы білімді білікті логопед мамандарымен, психолог мамандарымын бірлесе жұмыс атқарылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты Түркістан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдан келгенше жан-жақты жәрдем беріп, емдеп,болашақта елін сүйетін, ұлтын ұлықтайтын ұрпақ болып өсуіне ықпалын тигізу. Аталған шараға Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова қатысып,игілікті іс-шараны ашып берді. Балдарымыз ауырмасын, әрбір бала бақытты болуға лайықты. Әр бала біздің болашағымыз. Балапандар бақытты дені сау болса қоғамның да дені сау болары хақ.
Мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасау аса маңызды. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Бұл тәрбиенің негізгі мақсатыеңбекке үйрету, өмірде өз орнын табуға баулу, өмірге икемді жеке тұлға қалыптастыру. Ең алдымен тәрбие ісіне терең сезім қажет. Тәрбиеге нағыз сенім бар жерде ғана, нағыз талапшылдық еңбек тәртібі болады. Еңбек, еңбек– бәрін жеңбек. Осы бір мақалдың ішіне барлығы сиып тұрғандай. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар дегенде көз алдымызға еңбекке жарамсыз, ата-ана қамқорлығында отырған балалар елестейді.
Еңбек баланың өмірлік қажеттілігі. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалардың өзіндік еңбек дағдылары бірден қалыптасып кетпейді. Мұндай балалар атаана мен арнайы мамандардың көмектерін қажет етеді. Оларға өздерін танытып, айналасындағылармен араласуға мүмкіндік беру керек. Өздері өте жасық келеді. Бойында дарыны бар балалар қаншама. Мұндай балаларды еңбекке баулыса, ертең есейгенде өмірде өз орнын, өз мамандығын табуға көп көмек болар еді. Күнделікті үй тұрмысындағы еңбектің өзі баланың еңбек дамуының көзі. Баланың өзіндік қызмет дағдыларының қалыптасуын қадағалау қажет.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларды зерттеу кешенді клиникалық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік зерттеулердің құрамдас бөлігі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың психодиагностикалық зерттеу жан-жақты болуы керек, яғни ол психиатрияның барлық аспектілерін (танымдық белсенділік, сөйлеу, эмоционалдық ерік, өзін-өзі дамыту) қамтиды. Психодиагностикалық тексеру баланың жасы мен психологиялық даму деңгейін ескере отырып жүргізіледі. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тексеру әдістері әртүрлі және әдетте дамуы қалыпты балаларды тексеру әдістеріне ұқсас, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар.