Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА КӨЗҚАРАСЫ ҚАЛАЙ?

РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА КӨЗҚАРАСЫ ҚАЛАЙ?

Биыл түркістандықтар еліміз үшін қастерлі мерекені ерекше атап өтті. 13 жыл бойы аталмай келген Республика күні биыл ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта енгізілді. Осы ретте тарихқа тоқталайық. Еліміз үшін 25 қазан күні – аса маңызды даталардың бірі. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Осынау мерейлі датаның қайта жаңғырып, ұлттық мереке статусына ие болуына түркістандықтардың көзқарасы қалай? Жаңашылдық оларға қалай әсер етті? Жас буынмен жүргізілген сауалнамаға назар аударайық.

          Бауыржан Құдайбергенұлы, Түркістан облысының тұрғыны:

           – Өткенге ой жүгіртсек, осыдан 32 жыл уақыт бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің қаулысы бойынша мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл әрине тарих сахнасындағы аса маңызды әрі тарихи қадам болатын. Әйтсе де күні бүгінге дейін еліміздегі түрлі жағдайларға байланысты бұл маңызды күн өскелең ұрпақтың жадынан жырақта қалған-ды. Осы күнді айрықша қаперінде ұстаған Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев осы жылдан бастап 25 қазанды «Республика күні» деп атап, ол күнді мемлекеттік мерекелер санатына енгізуді ұсынды. Президенттің бұл ұсынысын ескерген халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына «25 қазанды ұлттық мемлекеттік мереке – Республика күні» және «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесі» деген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Осылайша қазақ күнтізбесінде тағы бір тарихи мереке пайда болып, ол ел бірлігін нығайтып, қазақ қоғамын қайта жаңғыртады деген сенім пайда бола бастады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы:

Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, — деді Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Енді міне, ұлттық мерекелер санатында айрықша маңызға ие тағы бір мереке пайда болды. Бұл күнді еліне жеріне деген құрметі бар әрбір ұрпақ ерекше бағалауы керек деп есептейміз.

          Әлімжан Садуақасов, Түркістан қаласының тұрғыны:

–Елім деп еңіреп,жұртым деп жамырап, жан қиған қазағымыз ежелден еркіндік аңсаған.Сондықтан қазірге дейін Қазақстан көптеген қиындық жолдардан өтті деуге болады, себебі өзінің егемендігін, тәуелсіздігін жариялау үшін қаншама қаракөз апаларымыз, боздақ бозбала ағаларымыз кеудесін оққа тосты, жан кешті. Осы уақыттан кейін Қазақстан әлемде жеке дара дербез ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.

Еліміздің көркейіп, өркендеуіне бұл кісінің қосқан үлесі орасан зор. Жазық далаға ел жүрегі –Астана қаласын салып, оны әлем жұрты танытты. Тарихымыз шежіреге толы, байлығымыз жер астында,қазақтың байтақ даласын да Менделеев кестесінің 99 элементтері орналасқан. Ауыз толтырып айтатындай біздің байлығымызға бүкіл әлем қызығады әрі көз тігеді.Қазір жерімізде ынтымағы жарасқан өзге ұлт өкілдері тұрады.Дүниежүзі елдерімен достығымызды жарасқан, бірлігіміз біте қайнасқан. Құшағымыз қай кезде де айқара ашық,шекара сыртында  шетел асып жүрген өз қандастарымызды да сыртқа теппей, бәрін де жылы қарсы аламыз.Қазақтың кең байтақ  жері –қандай кең болса, көңілі де –дархан даланың кеңдігіндей!Өзге елдің озық тұсымыз да осы болып тұр.

Аида Әбдіхамит, педагог:

–Республика күнін қайтару, әрине, бұл үлкен мәнге ие. Бұл күн Қазақстанның мемлекет құру жолындағы ең алғашқы тарихи қадамы, сондықтан атаулы күн тәуелсіздіктің символы болуы керек! Бұл арада Тәуелсіздік күнінің мәні өзгере ме деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда Мемлекет басшысы бұл күннің бастапқы мәні сақталатыны туралы айтты. Ол: «Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді. Қайта оралған мерекенің қайыры болсын! Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып алға шыққан кейін, өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітілді.Осы қасиетті белгілердің мәнін,Республика мерекесін бүгінгі және болашақ ұрпақ жіті түсініп, бағалай білуі қажет.Бұрынғы тарихты парақтасақ, ұғатынымыз әлі де білетініміз көп- ақ.Әйтсе де өткен күн тарих болып қалары хақ.Тек соны жас ұрпақ санасына құя біліп, дәріптесек құба-құп!

Егемендік туралы декларацияның қабылдануымен қазақ даласының шекарасы айқындалып, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады.

Әуелде ақ патшаның кейін қызылдар империясының темір шеңгелін көрген қазақ халқы бұл күнді асыға күткен болатын. Егемендіктің жариялануы тәуелсіздік алумен пара-пар оқиға болды. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи отандарына қайтар сәтті асыға күтті. Жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. Сондықтан да 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған болатын. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер деп танылған. Әрі саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған-мыс. Қалай десек те, бұл күннің тарих үшін айтарлықтай маңызы бар. Осы құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің нығайуына себеп болды. Бұл күн ресми мерекелер қатарынан шығып қалса да, халық жадынан өшпеуі керек.

          Гүлдаурен Өмірзақова, мұғалім:

–Республика күні – еліміздің  тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады.  Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып қана қоймай, зор жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен соңғы жылдары бұл күн мереке ретінде тойланбайтын еді.Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтілетін болды. Бұл ретте, Республика күні мен Тәуелсіздік күні түрлі мағыналық мазмұндағы мерекелер мен шығу тарихы жағынан өте маңызды мейрам екенін атап өткен жөн. Бұл күн мемлекетіміздің қалыптасу тарихы ұлықталатын, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын күн болмақ. Сондықтан да осы күннің маңызын жастарға ұғындыра білу аға ұрпақтың міндеті болмақ.

Ұлттық мереке бізге егемендік пен тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арман-аңсарының толық жүзеге асқанын еске салатын күн болып қалмақ. Ерен ерлікпен келген мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл күннің кең көлемде тойлануы отанға, елге деген сүйіспеншілікті оятуы қажет. Сондықтан да патриоттық шаралар ұйымдастырылған жөн. Республика күні деген атының өзі айқындап тұр. Бұл мерекенің маңызды екенін түсіне білуіміз керек. Қазақтығымызды айқындайтын ұлттық мереке ретінде тойлануы бізді шын қуантады.

Қазіргі уақытта көбінесе біз үлкен кісілерден «Біз жас кезімізде патриот едік, намысшыл едік, бүгінгі жастар өзгерген» деген сөздерді естіп қаламыз. Сондықтан жас буынның елге, отанға деген құрметін ояту қажет. Ел басына күн туғанда туған жерді, елді қорғайтын өздері екенін түсіну керек. Отанды жақсы көру қажет. Еліне қорған болар азаматты тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Ол үшін ең бірінші ар-намысты болуды үйрену керек. Намысы бар адамның бойында ерлік, батылдық пайда болады. Қазақ тіліне деген құрметтері оянуы үшін, қазақ тілінде сөйлеп үйрену де маңызды. Тілін сыйламаған адам, ұлтын сыйламауы мүмкін. Елге, отанға деген құрмет қазақ тіліне деген  құрметтен басталады деп ойлаймын. Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Қазақ жастары Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойлап қана қоймай, ерлікпен құрылған мемлекетті қорғауға дайын болуы  ең маңызды мәселе. Яғни осындай айтулы күндер жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі ден сенеміз. Елдің ертеңгі іргесі берік болу үшін бүгінгі жастар сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет.

Жан Нұржанұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күнін қайтару – өткен тарихымызға құрмет. Мемлекет іргесін қалаған маңызды қадамның символы» деп атап айтты. Сондықтан да бұл күнді ұлттық мереке ретінде кең көлемде атап өтудің маңызы зор. Республика күнін тойлау – әрбір жас ұрпаққа ұлттық рух, ұлтты насихаттауға серпін береді. Себебі бір күн бойы отанымыз жайында айтылып,  ақпараттар беріледі. Соны көріп өскен баланың елге деген құрметі артады. Елімізде тұратын әрбір азамат мемлекеттің  дамуына үлес қосуға міндетті. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге мол мүмкіндік жасалуда. Біз де кәсібімізді кеңейте отырып, ауылдың, ауданның дамуына үліс қосқымыз келеді.

Бұл күн ел тарихында ерекше маңызға ие болуы тиіс. Мемлекеттік деңгейде тойланып, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа керемет көңіл-күй сыйлауы қажет.  Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту – жастарға патриоттық сезім сыйлайды. Сондықтан да Респулика күнін қайтару – үлкен жетістігіміз деп білемін. Егеменді елімнің туы тұғырына қонған ұлттық мерекесі құтты болсын. Бұл күн ақпараттық түрде кеңінен насихатталса әрбір адамның жүрегінде Отанға деген ерекше сезім ұялайды. Ұлттық мерекеге де елімізге де әрбір ұрпақтың құрметі арта түссе екен деп тілеймін.

Жұлдыз Мейірманова, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Егемен елдің бүгінгі ұрпақтарын ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып, тәрбиелеу – ең өзекті мәселенің бірі. Тәрбие дұрыс болған кезде ғана отанға, елге деген құрмет арта түседі. Жастар еңбек етуді үйрену қажет. Жұмыссыз жүретін жастар көп. Соларды түрлі кәсіп ашуға, табыс табуға үйрету арқылы мемлекетке деген сенімін арттыруға болады. Қазіргі уақытта «мемлекет ештеңе жасап жатқан жоқ» деп, бәрін өзгеге ысырып, дым істемей жүретіндер көбейген.  Аталар-әжелер мектебін көбейту қажет. Ұлттық өнерді насихаттау арқылы ұлтқа деген сезімді күшейтуге болады. Ұлттық құндылықты арттыру – ең маңызды мәселе. Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді жастар бойында қалыптастыру – аға буынның міндеті. Яғни барлығы да дұрыс тәрбиемен тығыз байланысты.

Мұхамед Қонысбай, Түркістан қаласының тұрғыны:

–Республика күніне дәлме-дәл баға беру, маңызын тану үшін Тәуелсіздік мерекесін де айта кету қажет. Себебі қос мерекенің статусы, символикалық мәні жуықтас, бір-бірін айқындай түседі. Тәуелсіздік мерекесінде халықтың өткені, егемендік жолындағы күресіне назар аударылса, Республика күнінде мемлекеттің бүгіні мен болашағына басымдық беріледі. Атап өту үрдісін айқындауда осы ұстаным үлкен рөл атқармақ. Алғашқысында тарихи зерттеулер, жалпыұлттық және өңірлік азаттық күрестерін дәріптейтін шаралар қолға алынса, соңғысында замануи жетістік пен ел дамуына түрткі болатын жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан болар, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру – ең маңыздысы бүгін мен болашақ екеніне ишара.

Әрине, жастардың патриоттық әлеуетін көтеру төңірегінде кеңес беру орынсыз. Себебі бұл аяулы сезім индивидтік ерекшелік пен өскен орта, социумның насихатына сай құбылады. Алайда «Бүгінгі жастың ұғымындағы отансүйгіштік қандай?» деген пікірді қаузап көрейін. Мүмкін, сіз күткен жауапқа жарап қалар.Қызығы, бүгінгі жастардың отансүйгіштік деңгейі қоғамның мемлекетке, локальді жүйеге деген сенім көрсеткішімен өлшенуде. Қарапайым тілмен айтқанда, халық басқарушы биліктің саяси-экономикалық шешіміне разы болса, жастардың да көңілі тоқ. Демек бұқараның кез келген әлеуметтік мәселесін шешу – жастардың отансүйгіштік динамикасына оң әсер етеді деген сөз.

Түйін: Жастардың басым бөлігі ұлттық мерекенің қайта жаңғырғанына дән риза. Бұл ел болашағына бей-жай қарамай, ел ертеңі үшін барын салып, аянбай еңбек ететін жас буынның өсіп келе жатқанының жарқын көрінісі.

 

 

 

Пікір жазу