Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «ЦИФРЛЫҚ ЖОЛАЙРЫҚ: ҚАЗАҚСТАН ГАЗЕТТЕРІНІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

«ЦИФРЛЫҚ ЖОЛАЙРЫҚ: ҚАЗАҚСТАН ГАЗЕТТЕРІНІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы кітапханада белгілі журналист Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі және Әл-Фараби кітапханасының қолдауымен өткен басқосуға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен шәкірттері, оқырмандар, БАҚ өкілдері қатысты.
1000 тиражбен шыққан туынды журналистика, PR мамандықтары бойынша оқитын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге, медиа коммуникация мәселелері қызықтыратын көпшілікке арналған.
«Дәстүрлі БАҚ-тың цифрландыру заманына бейімделуі» деген тақырып бүгінгі таңда өзекті. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары цифр заманына қалай бейімделеді? Өсе ме, өше ме? Дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін сақтап қала ма? Ежелгі ұлттық басылымдар цифр дәуірінде оқырманын азайтса ұлт мүддесін кім көтереді? Сондықтан жаңа заманға бейімделудің жолдары қандай болмақ? Дәстүрлі басылымдар мен интернет басылымдар бір-біріне көмектесе ме, кедергі келтіре ме? Міне, бүгін қолдарыңызға осы парақтап отырған оқулық-кітапта осындай өзекті мәселелерге жауап іздеген талпыныс бар» деді кітап туралы ой-пікірін білдірген «Astana aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр.
– Кітап, газет оқу – жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Ойды талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Көп оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Сондықтан қағаз басылымдарының тағдырына, жалпы мәдениетке бей-жай қарамайтын ойлы жандар болса – баспа басылымының болашағы болары сөзсіз. Сөз, пікірталас барда баспасөз де тірі болады. Осылайша газет баспасы да өмір сүреді деген сенім бар. Бүгінде статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 23 пайызы ғана қағаз басылымдарын оқиды. Ал, әлеуметтік желіні пайдаланатындар 6 жас пен 72 жас аралығында 78 пайызды құрайды екен. Осы тұрғыдан бүгінгі интернет мүмкіндігін пайдалану газет-журналдарға артықтық етпейді. Кітапты шығарудағы мақсатым да басылымдардың заман талабынан қалмаса деген ой, – дейді кітап авторы.
Танымдық тағылымы мол болған кездесу еркін, сұрақ-жауап форматында өтті. Айта кетейік Төлен Тілеубайдың бұл алғашқы кітабы емес. 2006 жылы «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабы, 2016 жылы «Тәуелсіздік — тұмарым» кітабы жарық көрді.

 

Пікір жазу