«Жекеменшік мектепте білім алатын оқушылар үшін мемлекеттен жылына 92 млн. теңге қаражат қаралып отыр». Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаржы орталығы» Акционерлік қоғамының бас маманы Арманай Мирасқызы мәлімдеді.
Оңтүстікте мектеп тапшылығы бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қабылданып, бірқатар кәсіпкерлер іске кірісіп кетті. Білім саласының дамуына үлес қосып, жайлы мектеп қалыптастыруға атсалысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.
— Бағдарлама аясында мектеп құрылысы, оның реконструкциясы үшін жан басына қаржыландыру негізінде арнайы тариф бекітілген. Яғни, 100 орындық жекеменшік мектеп салу кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 264 млн. 960 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төлейді. Ал, 100 орындық жекеменшік мектепті реконструкциялау кезінде мемлекет 8 жыл ішінде кәсіпкерге ғимараттың амортизациясы үшін 129 млн. 720 мың теңге және жан басына шаққандағы норматив 472 млн. теңге төлейді. Бұл ретте, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін нысан кәсіпкердің меншігінде қалады. Кәсіпкер мемлекеттен төленетін төлемдерден өзге оқу ақысын белгілеуге құқылы, ол оның кірісі есебінен жүзеге асырылады. Бірақ қазақстандық оқыту нысаны үшін жылына 1200 АЕК, халықаралық оқыту нысаны үшін 2400 АЕК көлемінен аспауы тиіс, — деді Арманай Мирасқызы.
Мамандар мектептердегі орын тапшылығы барлық өңірде өзекті екенін тілге тиек етті. Ал, Шымкент қаласындағы тапшылық 27 931 орынды құрап отыр.
Айта кетейік, бағдарламаның операторы «Қаржы орталығы» Акционерлік қоғамы болып табылады.