Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Жол – экономиканың күре тамыры

Жол – экономиканың күре тамыры

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында  екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

«Жол – экономиканың күре тамыры» деген сөзді жиі айтамыз. Алыс-беріс, барыс-келістің негізгі құралы. Сондықтан ең бастысы жолымыздың жөнді болғаны керек. Расында, жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильді болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашатыны түсінікті. Алайда, жол сапасының маңыздылығы мұнымен де шектелмейді.

Өйткені, жолдың сапасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына да тікелей әсер етеді. Әсіресе, Шымкент секілді халық саны 1 миллионнан асқан, жедел дамып келе жатқан шаһар үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша. Кең, тақтайдай тегіс, заманауи жолдар болса, жол-көлік оқиғалары да, кептеліс те азаятыны мәлім.

Шымкент қаласында жергілікті билік осынау маңызды бағытқа соңғы жылдары айрықша назар аударып отыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен 2022 жылы үшінші мегаполисте 158 нысан бойынша жалпы ұзындығы 289 шақырым жолдарда құрылыс, қайта құру және жөндеу жұмыстары жүрген. Оның ішінде жаңадан салынған және қайта құрылған 3 нысан болса, 152 нысанда орташа жөндеу және 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Орташа жөндеуден өткен көшелердің арасында 9-ы магистралды жол. Олар – Республика даңғылы, Т.Рысқұлов, Ғ.Иляев, Ж.Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Мангелдин және К.Тоқаев көшелері. Сонымен қатар өткен жылы 123 шақырым топырақ көшеге шағал тас төселіпті.

Шымкент қаласының әкімдігі қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын биылғы жылы да жалғастыруды көздеп отыр.

А.Құлжанов

Пікір жазу