Биыл Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы саны 2833 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» «5-10-20 Шаңырақ» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша «Отбасы банк» арқылы тапсырылады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Осы жылы аталған бағдарламамен 474 отбасыға пәтер кілті табысталады. Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматтың өтінім беру мүмкіндігі бар. Биыл осы бағдарлама арқылы 71 отбасы пәтерлі болмақ.
«5-20-25» – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына кіреді. Бұған үй кезегінде тұрғандар да қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Биыл осы бағдарлама шеңберінде 1076 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Одан бөлек, қазір қалада 1080 несиелік пәтерлер құрылысы да жүргізіліп жатыр.
Елімізде үйге кезекке тұру мүмкіндігі болмаған азаматтарды баспанамен қамту — өзекті мәселе. Осыны ескере келе, Шымкентте 2023 жылдан бастап өңірлік «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды.
Аталға бағдарлама қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қатысушыларға қойылатын бірнеше талап бар. Өтініш беруші соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрғылықты мекенжайда тіркеуде болуы, соңғы бес жылда иелегінде үйі болмауы керек. Енді қай санаттағы азаматтар қатыса алады дегенге келсек, БАҚ қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика саласының қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері қатыса алады. Бүгінде білім және денсаулық сақтау саласының кейбір мекемелері жекеменшік нысанға ауысқандықтан, ондағы қызметкерлер тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайды. Сол үшін жекеменшік нысанда еңбек ететін қызметкерлер де өңірлік бағдарламаға арқылы үйге қол жеткізуге мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл бағдарлама арқылы берілетін займның ең көп мөлшері 20 млн теңгеден аспайды. Өңірлік бағдарламада Шымкент қаласы аумағында салынған үйлерді алуға болады. Қазір «Отбасы банк» осы өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын бастап кетті.
«Қамқор» бағдарламасы үшін қала бюджетінен 3,0 млрд.теңге қаржы қаралып, «Отбасы банк» арқылы жылына кем дегенде 150 азаматты несиелендіруді көздеп отырмыз. Бұл орайда несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз, несиенің максималды мерзімі – 25 жылға дейін. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан алу мүмкіндіктері қаралған», — делінген қалалық тұрғын үй басқармасының хабарламасында.