Шымкент қаласы аумағында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салуға шетелдік инвесторлар тарапынан ұсыныстар түсуде, деп хабарлайды didarbek.kz. Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Жолдасов Ержан Жақсылықұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет екендігі бәрімізге мәлім.
Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет екендігі бәрімізге мәлім.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағына қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде.
Қытай компаниялар қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды ұсынса, Германиялық компания полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынуда.
Ал испандық AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс түсті. Компания өкілінің ақпаратына сәйкес, AEN технологиясы экология бөлігінде бірқатар артықшылықтарға ие — бұл «Нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс және экология мен халықтың қауіпсіздігі бөлігінде қабылданған Еуропалық директиваларға сәйкестігі. Ұсынылған материалдар бойынша технология электр энергиясын өндіре отырып қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ, ҚТҚ полигонындағы қалдықтарды (шамамен 2 млн. тонна) қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны — шамамен 200 миллион еуроны құрайды.
Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті.
Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекеше әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары 100% аяқталды.
Аталған бағыттағы жұмыстарға жалпы 24 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ экологиялық талаптарды сақтай отырып төселінді.