Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50% -ға дейін жеткізілуі тиіс.
Осыған байланысты өңірлердің басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттеді.
Ал біздің ауданда тұрмыстық қалдықтарды азық-түлікке айырбастауға болады. Ауданның эко-белсенділері осындай тың бастаманы қолға алған.
Қайта өңдеуге жарамды қоқыстың кез келген түрі, шыны, пластик, алюминий шөлмектер мен полиэтилен пакет, қағаз қаптамалар да қабылданады.
«Біз қайта өңдеуге болатын
қалдықтардың барлық түрін қабылдаймыз. Бекітілген бағасына сәйкес картоп, қарақұмық, құмшекер мен пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне айырбастаймыз. Ал қабылданған заттарды Шымкент, Кентау, Алматы қалаларындағы зауыттарға жөнелтеміз. Барлығымен келісімшарт жасастық. Тек сұрыптап, сығымдаудан өткізуіміз керек,– деді жоба жетекшісі Владислав Голярко.
35 жастағы жерлесіміздің кәсібі шынында қызық. Ешкімге керегі жоқ босаған шөлмек, қаңсыған қалбырлар мен әр жерде шашылып жататын қағаз картондарды теріп, қайта өңдеу. Алғашында жай ғана ауласын таза ұстауға деген жанашырлықпен ол өзі өмір сүретін тұрғын үйдің ауласына бірнеше темір контейнер орнатқан. Ондағы ойы – тұрмыстық қалдықтардың әрқайсысын бөлек сұрыптап, оларды қайта өңдеуге тапсырту. Кейін тәжірибе сәтті шығып, басқа да аумақтар қолдап ала жөнелгенін айтады. Мақсаты тұрғындар санасында экологиялық мәдениет қалыптастыру болған оның бұл ойы расында жүзеге асты. Тіпті осыдан 2 жыл бұрын осы жобасы үздік деп танылып, 10 млн. грант ұтып та алған.
Қазір кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын әлеуметтік дүкен ашты.
Аты Владислав болса да, қазақшаға судай кәсіпкердің әлеуметтік дүкені де бар. Ол жерге ауыл тұрғындары бөтелке, қалбыр, баклажка секілді өздері тұтынған соң босаған тұрмыстық қалдықтарды ұқыптап жинап алып келеді де, орнына азық-түлік немесе ақшасын ала алады. Осылайша екі жаққа да тиімді кәсіптің айналасында бүгінде 10 шақты адам қызмет етуде. Ай сайын бір ауданның өзінен 70-80 тонна қоқыс өңдейтін шағын өндірістің табысы 400/600 мың теңге болса керек. Ойдан ой туып, Владиславқа бүгінде жаңа жоба бастау идеясы келген. Қазір жарамсыз бөтелкелерді зауытқа өткізіп, орнына жаңасын алып отырған ол көп ұзамай алма шырынын шығаратын кәсіпорын ашпақ ниеті барын жайып салды. Мемлекеттен лицензия берілсе болды, бұл іске білек сыбана кірісуге дайын отыр.
Бұл тұрғыда қоқыстың өзін кәдеге жаратып, аталған проблеманы ертерек еңсерген елдердің тәжірибесіне үңілу артық етпес. Бүгiнде Германия қалдықтармен күресте көшбасшы. Немістер 1980 жылдан бері қоқысты бөлек жинай бастады. Ал қазір елде қоқысты сұрыптаудың үйлесімді жүйесі жұмыс істейді: пластикалық орамалар, қағаз, картон, тамақ қалдықтары әр үйде түрлі пакеттерге, қаптарға немесе шелектерге тасталады, содан кейін оларды әртүрлі қоқыс контейнерлеріне шығарады. Рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үшін үлкен айыппұл арқалайсыз. Бұл елде қоқысты қайта өңдеу 95 пайызға дамыған.
Ендігі қуанышты жаңалық, ауданымызға жоғарыда аталған Германия елінен осы В.Голярконың жобасына қызығушылық танытып, арнайы сапармен Клаус Эппе мырза келді.
Жақында ол біздің редакцияның құрметті қонағы болды, онымен біраз әңгіме құрдық.
Клаус Эппе мырза Германия елшілігінде 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Бұл оның «Ntag.partners UG» компаниясының сарапшысы ретінде Қазақстанға екінші рет іссапармен келуі. Өткен жылы Астана қаласына алғаш аяқ басқанда еліміздің көпконфессиялы болғанын ұнатқанын, сондай-ақ жергілікті халықтың қонақжайлылығына тәнті болғанын айтып берді.
«Senior Expert Service» компаниясы Германияның Үкіметінен 50%, ал қалған 50%-ы басқа да қаржы көздерінен қаржыландырылады. Компания Борн
қаласында орналасқан, екі ел арасындағы келісімшарттар негізінде жұмыс істейді. Негізінен бұл компанияның мақсаты — аудан мен ауылдардағы экологиялық жағдайды жақсарту, ауылдық аймақтарға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды енгізу, жалпы алғанда ауылдарды дамытуға байланысты мәселелермен айналысу. Сондай-ақ, бұл компания жергілікті мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе, келісімге отырып, сол жердегі ауылдардағы түйткілді проблемаларды шешуге мұрындық бола алады.
SES жәрдемдесу қоры дамушы жаңа индустриялық елдерде SES жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі және ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелерде қолдау көрсетеді.
Қайырымдылық қоры жергілікті жерлерде жобаны іске асыруға байланысты қаржылық шығындарды өз мойнына алуға мүмкіндігі жоқ тапсырыс берушілерге көмектеседі. Жыл сайын Жәрдемдесу қоры SES барлық халықаралық жобаларының орта есеппен 10%-ын іске асыруға мүмкіндік береді.
Жерлесіміз Владислав Голярконың қалдықтарды қайта өңдеу жобасы бойынша Клаус Эппе мырза алдымен аудан әкімімен, содан соң Түркістан облысының әкімімен кездесіп, мәмілеге келу ниеті бар. В.Голярконың басты мақсаты — бастаған ісін ұлғайтып, үлкен зауыт салып, қатты және қатты емес қалдықтарды жинақтап, ауданның экологиялық жағдайын жақсарту. Мұны іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Өзінің айтуынша, ол 200 мың доллар шамасында. Осы қаржылық мәселені Германиялық компания арқылы шешуге мүмкіндік туындап отыр.
Клаус Эппенің айтуынша, ол былтыр Молдова үкіметі осы неміс компаниясынан маман сұрағаннан кейін іссапарға барған. Бұл компания екі ел арасындағы келісім арқылы ауылдық өңірлерді дамыту мәселелеріне онлайн режимде көмек көрсете алады.
М.Сиқымтегі.