Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан оны мағыналы да мазмұнды етіп өткізу үшін күнделікті тұрмыс-тіршілігіңнің қалыпты, қоршаған ортаңның жанға жайлы болмағы ләзім. Бірақ, жайлы өмірді бізге біреу жасап бермейді, оған өзіміз әрекет етуіміз керек. Оның жолы қандай?
Айталық, кейбір ауылдарға барсаң көшесінің тазалығы мен адамдарының әдептілігіне әуесің келеді. Сол ауыл тұрғындарымен тілдесе қалсаң үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар екені әр сөздерінен аңғарылып тұрады. Енді бір ауылдарға барсаң тым жұпыны көрінісі көңіліңді құлазытады. Ыбырсып жатқан көшелері мен ұсқыны қашқан үйлерінен-ақ ол ауылда қандай адамдар мекендейтінін бағамдай беруге болады. Сайып келгенде, мұның бәрі тәрбиеден. Жайлы өмір сүргіміз келсе, жас өскіндерді жаман қылықтан тыйып, жақсы жақтарына ұйып, жол көрсетіп отырудан жалықпауымыз керек.
Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана ауылдық округі тұрғындары ежелден ауызбіршілігімен, ынтымағымен, талапшылдығымен ерекшеленеді. Бұл ауылдың өсіп-өркендеуі мен көркейіп-кемелденуіне тілектес болып, атсалысып жүрген азаматтар да аз емес. Шымкенттен Сарыағашқа қарай жолға шықсаңыз әйгілі Қазығұрт асуынан өткеннен кейін көп ұзамай-ақ анадайда тұрған көрікті мекен көзге шалынады. Айналасы жасыл шыршамен көмкерілген, көрікті кесенелері мен еңселі ескерткіштері сонадайдан менмұндалап тұрған, архитектуралық келбеті өзара үйлесім тапқан «Мәңгілік ел» саябағы да ауылды ерекше ажарландырып тұр. Оны салған Бекет Тұрғараевқа елдің алғысы зор.
Бұрынғы әкім Әбілқасым Амантайұлының тұсында да мұнда көптеген жұмыстар қолға алынған еді. Атап айтқанда, ол елді ұйымдастырып, мешіт салды. Қожамбет каналын тазалап, бетондап, ауылға ағын су келтірді. Махамбет, Талдыбұлақ, Жіңішке елді мекендеріндегі көшелер асфальтталды. Ал, Бұлбұл, Әбдірайымов, Жібек жолы, Құрманғазы және Диірменарық көшелеріне жарықшамдар орнатылды.
Біздің ауылдың тағы бір ерекшелігі – екі базарымыз бар. Осыдан жиырма жыл бұрын марқұм Сәбит Тұрғараев есімді азамат ауыл орталығынан базар ашқан еді. Сол базар әліге дейін халықтың игілігіне жарап келеді. Әр сенбі күні болатын базарда ауыл шаруашылығы тауарлары арзандатылған бағамен сатылады. Ауыл тұрғындары да өздерінің өндірген өнімдерін осында әкеліп саудалайды. Бұл бүгінде Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан «Егістік алқаптан сауда сөрелеріне дейін» деген жобаның нақты көрінісі. Сондай-ақ, кәсіпкер Серік Қоймановтың басшылығымен аптасына бір рет мал базары жұмыс істейді. Оған айналадағы ауылдардан, тіпті көрші аудандардан да келіп сауда жасайтындар бар. Бір сөзбен айтқанда, біздің ауылдың берекелі тыныс-тіршілігі осылайша қыз-қыз қайнап жатыр.
Міне, осындай салиқалы ойлар мен ілкімді істердің мекені болған ауылда соңғы кездері жастар тарапынан қолға алынған жобалар да аз емес. Ауыл тізгінін қолға алғанына көп бола қоймаған Қуандық Күзембаевтың бастамалары да көпшілік тарапынан қолдау тауып, бүгінде тазалық жұмыстарын ретке келтіру мақсатында көшелерге қоқыс жәшіктерін орнатуды қолға алып отыр. Ауыл әкімінің айтуынша, жүз литрлік бөшкелерден арнайы жәшік жасап, оны адам қарасы көп шоғырланатын орталық көшелерге орнатады екен. Бойы биіктеу болған соң оны ит-мысықтар шашып кетеді деп алаңдауға негіз жоқ. Әрі апта сайын тазалап тұруға да ыңғайлы. Көшеге жәшік орнатып, сыртын сырлап, бүйіріне «Қоқыс жәшігі» деп әдемілеп жазып қойған соң, адамдар да тазалық сақтау үшін қалдықтарды сол жерге тастайтын болады. Бұл тек тазалықты сақтап қана қоймай, жастарға этикалық- эстетикалық тәрбие береді. Бір жақсысы, бұл істердің барлығы да елдің тазалығы мен тәртібіне мүдделі болып жүрген жастардың бастамасымен, демеушілер есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл-елді өркендетудің тетігі ретінде жастарды жұмыспен қамту жайы да көптен бері айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам орнату үшін көптеген бастамалар көтеріп, оны ертерек жүзеге асыру жолдарын айтты. Ел басқару ісіне өздерінің адалдығымен, іскерлігімен, ұлтжандылығымен көзге түсіп жүрген жастарды көптеп тарту керектігін де ескерткен болатын. Бүгінде ауылымызда бұл тапсырма да орындала бастады. Мемлекеттік қызметке келіп жатқандардың басым бөлігін жастар құрайды. Соның бірі ретінде таяуда ғана сайланған ауыл округі әкімі Қуандық Таласұлын айтуға болады.
Алғашқыда сайлауға үміткер болып сегіз адам тіркелді. Кейіннен бесеуі додаға түсті. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен танысып, өздерімен кездесіп, жоба-жоспарларын тыңдап, ішінен әрі жас, әрі алғырлау ғой деп Қуандық Күзембаевқа тоқтадық. Қалған кандидаттар да ауыл-елдің болашағы үшін бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Әрине, өз ұстанымдарымен соңына дейін бақ сынап көргендер де болды. Айтайын дегенім, бізді алтын бесік ауылдың көркеюі үшін қолынан келгенін аямайтын, жұмыс десе жанып тұрған жастардың көп екендігі қуантты. Сайып келгенде, мұны да біздің, яғни аға буынның үмітінің ақталғаны деп білеміз.
Рас, жас кезімізде біз де жалындап тұрдық, өзімізге тән қызығушылықтарымыз болды. Сол әрекетімізбен біраз белестерді де бағындырдық. Жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген соң ұзақ жыл аудандық комсомол, кәсіподақ комитеттерінде нұсқаушы, кейіннен ұжымжар төрағасының орынбасары қызметтерін атқардым. Азды-көп жинаған тәжірибемізді жастармен бөліссек, олар оны кәдесіне жаратып жатса, аға буын ретінде біздің қоғамға тигізетін пайдамыз да сол болмақ.
Сөздің реті келген соң айта кетейін, соңғы кездері жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында мемлекет тарапынан көптеген қолдау жасалуда. Биыл ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 пайызбен несие берілмек. Өзім тәжірибе ретінде қолданып көрген жобаны көпшілікпен бөлісе кеткенді жөн көріп отырмын. Бөдене жұмыртқасы мың бір дертке дауа екені белгілі. Балаларым мен немерелерім ағзаға пайдалы тағамдарды тұтынса екен деген ниетпен бөдене өсірдім. Оның тұрақты тұтынатын «Восток» деп аталатын жемі бар. Құрамында сүйектің ұнтағы мен балықтың майы және түрлі дәрумендерге бай жемдер болады. Алғашқыда әр қабын үш мың теңгеден Өскеменнен алдырып жүрдім, кейіннен ол Тараз қаласында да өндіріле бастады. Сол жемді жеген бөдене тез оңалады әрі жұмыртқаны да көп береді. Бөдене асырау үшін анау айтқандай үлкен қораның керегі жоқ, аядай кетекте үш-төрт қабат етіп сөре жасап, соған бағуға болады. Оның Техас тұқымдасы етті болып келсе, жапондық пен эстондығы көп жұмыртқалауға бейім. Күтімі жақсы болса әрқайсысы күніне бір жұмыртқадан береді. Бұл – бір. Екіншіден, биогумус жасау арқылы да көл-көсір пайдаға кенелуге болады. Мұның да шығыны көп емес, кәдімгі малдың малағы болса жетіп жатыр. Сондай-ақ, бизнес бастағысы келетіндер жеміс-жидек қалбырлайтын, алма-өрік кептіретін цех ашуына болады. Әлі есімде, жетпісінші жылдары біздің іргеміздегі Рабат ауылынан Байдәулет есімді бір кісі келіп, есік ауласындағы мәуелі ағаштардың жемісін жинап кететін еді. Сөйтсек оны қақ жасайды екен. Үйіне барғандар көріпті, ауыл-елді аралап жинап келген жемістерін қамыстан тоқылған шиге кептіріп, кейіннен үлкен қалаларға апарып сатады екен. Қазір де сол кәсіпті жандандыруға болады. Жазда жеміс-жидектің бағасы арзан болады. Тіпті, тау етегіндегі жабайы алмалар мен жеміс-жидектерді де теріп алып, қақ жасап, қысқа қарай одан компот қайнатып, түрлі тәсілдермен кәдеге жаратып жатса, елге де, өзіне де көптеген пайда келтірген болар еді. Бұл жобаларды жүзеге асыратын болса мемлекет тарапынан да қолдау болары анық.
Иә, «Ынтымағы жарасқан елдің ырысы көбейеді» деген сөз бар. Сол айтқандай, елдің ертеңі үшін бір үйдің баласындай біріге алатын, әрнәрсені әріден ойлап, көпшілікпен бірге оңтайлы шешетін ауыл тұрғындары алдағы сайлауға да сергек қарап, дайындалып жүр. Елге қызмет етуге мүдделі жастарды біз де қолдаймыз. Ендеше, еліміздің ертеңі үшін әр ауыл, тіпті әр адам осылайша әрекет ететін болса, көп ұзамай- ақ кең-байтақ Қазақстанымыз көш басынан көрініп, заман талабына сай көріктеніп-көркейе беретініне сеніміміз кәміл.
Ш.ДОСМЫРЗА,
Сарапхана ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.