Созақ ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында Қазақстан халықтары тілдері мерекесіне арналған «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» тақырыбындағы онкүндік өтті. Ұжым мүшелеріне ой салған бұл игілікті іс «Мен елімнің болашағын қалай көремін және ол үшін не істей аламын?», тақырыбында Г.Петровтың «Ақ лалагүлдер мекені — Финляндия» кітабы бойынша оқырмандар конференциясы еркін әңгіме пікірталас ретінде ұйымдастырылды.
Конференция барысында «Г.Петровтың «Ақ лалагүлдер мекені — Финляндия» кітабы сізге қаншалықты ұнады?», «Снелманның әрекетін қалай бағалайсыз?», «Шығарманы оқу барысында таңғалдым», «Финляндия елі мен қазақ халқының ұқсастығын аңғардым» деген сұрақтарына жауап алынып, қай пікірдің көпшілікке ұнағанын анықтады. Келесі кезекте Финляндия елі бойынша дайындалған бейне баян көрсетіліп, Фин мектептеріндегі өзгеше 9 фактор жайлы таныстырылды.
Пікірлесудің келесі бөлімінде кітаптан берілген үзінділер бойынша «Ойлан, Жұптас, Бөліс», ПОПС формуласы әдістерімен оқырмандарға үзінділер беріліп, олар мәтін бойынша талдау жасады.
Петров Григорий: “Финляндия — ақ лалагүлдер мекені”.
Снелман жазғы демалыстарда жан-жақтағы мұғалімдердің басын қосып, екі-үш апталық семинарлар ұйымдастырған. Бұл семинарларға жүзден астам мұғалімдер қатысқан. Алғашқы кезде семинарға өз еріктерімен қатысатындар саны аз болған. Өлкенің шалғай жерлерінде қыс бойы жұмыс істеп, шаршаған мұғалімдер шынтуайтында өз мамандықтарына көңілдері тола қоймайтын. Тіпті, кейбірі «Бұл семинарлар тағы қайдан шықты? Мұғалімдерге семинар беру дегенді кім ойлап тапқан?» — деп күңкілдейтін.
Снелман бұның бəрін білетін, бірақ, оларға ашуланбайтын. Жазғы демалыс семинарында мұғалімдерге ол: «Достарым, сендердің міндеттеріңнің ауыр екенін білемін. Алыс жерлерде қиыншылықтарға қарамастан, жанкештілікпен жасап жатқан еңбектерің халық тарапынан өз бағасын алмай жатыр. Материалдық жағдайларың да мəз емес. Бірақ, қолдан келер шара бар ма? Естеріңде болсын, біз халқымызды рухани ояту үшін жасалып жатқан істің əлі басында ғанамыз. Білім ордасының алғашқы қарлығаштарымыз. Ұлтымыздың сауатсыздығын жою жолында ауыр жүкті көтеруге тура келеді. Халқымыздың жарқын болашағы үшін жанкештілікпен еңбек етіп, тіпті, керек болса, осы жолда құрбан боламыз. Себебі, біздің алға қойған мақсатымыз осындай жанкештілікті қажет етеді. Сізді де осыған шақырамын.
Ұстаздық сынды ұлғатты істі рухы мықты, көңілі ояу, ұлтын сүйетін нағыз шеберлер ғана істей алады. Осы орайда, еліміздің маңдайалды ілім адамдары сендерге бес-алты семинар беруге келісті. Сендер олардың айтқан ақылдарын тыңдап, білімдерінен пайдаланыңдар. Өз мектептеріңе барған кезде шəкірттерге семинарлардан үйренгендеріңді айтып, түсіндіріңдер. Осылайша олардың бойында білімге деген құштарлықты оятыңдар» — дейді. Снелманның жалынды сөздерін естіген мұғалімдердің көбісі жігерленіп, халық арасында жайлаған сауатсыздық пен надантықты жою жолында оған көмек қолын созып, бірауыздан қолдау көрсетіп, ізінен ереді. Бұл ұстаздардың əрқайсысы біраз уақыт өткен соң, өздерінің тұрғылықты мекендерінде мықты мəдени-рухани күш орнатты. Көп ұзамай-ақ, Финляндияның əр-əр жерінен ұлтының жарқын болашағы үшін өз басын бəйгеге тігетін жігерлі, асқақ рухты жүздеген Снелмандар шықты. Снелман мұнымен тоқтаған жоқ. Ол сүйікті өлкесі – Суомидің рухани тұрғыда оянуын тек қана мұғалімдерден күтіп, қол қусырып отырмады. Ол денсаулық, суда жəне өзге де саланың мамандары жиналыс жасап жатыр деп ести қалса, сонда барып, оларға:
«Халықты ұмытпаңдар! Сендер бəрің де халықтан шықтыңдар. Туған халқымыздың кем-кетігін, қателігін жөндеудің жолын қарастыруға бірге атсалысайық! Халқымыздың рухын ояндырып, мəдениетімізді жоғарылату үшін қандай шара қолдануға болады, соны ойластырайық!» — деп, оларды да туған өлкелерінің дамуына үлес қосуға шақыратын (қазақ тіліне аударған Əлия Ибрагимова).
Ісшара барысында оқырмандар «Қазақтың Снелманы», «Қазақстан мен Финляндия елдеріндегі білім беру мен тәрбиенің ұқсастығы мен айырмашылығы», «Елдің әл ауқатының дамуы мен бақыты кімнің қолында?» деген тақырыптарда постер қорғауда «Бес саусақ» әдісін, Венн диаграммасын, «ТТ» әдісін пайдаланып өте құнды пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде ұжым мүшелері осындай игілікті шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пән әдістемелік бірлестігіне ризашылықтарын білдірді. Оқырмандар конференциясына қатысқан белсенді мұғалімдер ең бағалы сыйлық кітаптармен және «Кемел болашаққа бағыттаушы», «Рухани тізбек жалғаушысы», «Өмірден мән іздеген тұлға», «Аманат жүгін арқалаған ұстаз», «Жаңалыққа жаны құмар жан», «Қуатты ойдың иесі» атты номинациялармен марапатталды.