Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
Сайрамда аудандық жас бишілер байқауы ұйымдастырылды
Сайрам ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен №47 жалпы орта мектебінде «TuranBalaFest» үздік өнерпаздар телебайқауының «Би, заманауи би (ұжым және жекелей)» номинациясы бойынша аудандық би байқауы өтті.
Байқау халық биі және халық стиліндегі би – әлем халықтарының билері, қазақ биі; қазіргі заман биі – эстрадалық би, аралас би номинациялары бойынша өтті.
Байқау қорытындысы бойынша №1 Сайрам балалар саз мектебінің «Ақкербез» би тобы, №61 С.Базарбаев атындағы негізгі орта мектебінің «Балдаурен» би тобы және №62 М.Анартаев атындағы жалпы орта мектебінің «Байшешек» би тобы облыстық кезеңге жолдама алды.
Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде түлкібастық оқушылар I орын иеленді
Жақында Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жаратылыстану-математика цикл пәндері бойынша XVI Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңі өтті.
Олимпиадаға 17 аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінен 47, мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 22 оқушы, жалпы 69 оқушы қатысты. Ал Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарынан 137 оқушы мектепішілік, аудандық кезеңге 42 оқушы, ал облыстық кезеңге жүлдегер атанған 3 оқушы қатысты.
Олимпиаданың негізгі мақсат-міндеттері: орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында математика, физика, химия және биологиядан дарынды оқушыларды анықтау үшін кәсіптік бағдар мен болашақтағы интеллектуалдық дамуына қолайлы жағдай жасау; жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету; тұлғаның өзін-өзі жетілдіруіне және дамытуына жағдай жасау.
Олимпиада қорытындысы бойынша облыстық кезеңге М.Ломоносов атындағы МГ-ның оқушысы Абдрахманова Айғаным І орынды, ал А.Асқаров атындағы ЖОМ оқушысы Купбай Әсел арнайы «Алғыс хат» иеленді.
Ордабасы ауданында “Біртұтас тәрбие бағдарламасы” бойынша семинар-кездесу өтті
Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген ұлт сапасын көтеру бағытындағы жұмысты үйлестіру, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәрбие жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмасын, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы нақты тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ленгір қаласындағы №7 IT мектеп-лицейінде республикамыз бойынша жүзеге асырылып жатқан біртұтас тәрбие бағдарламасына арналған кездесу өтті.
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басшысы Меруерт Медетбекова, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Анар Тәңірбергенова, Түркістан облысы білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Клара Оспанова, Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев, Төлеби, Түлкібас және Қазығұрт аудандарының педагогтары, басқа да азаматтар қатысты.
Кездесу барысында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көпшілікпен тиімді кері байланыс орнатылды.
Отырарда жас тарихшылар танымдық зерттеу жүргізді
Отырар ауданы, Жамбыл мектеп-лицей базасында білім беру ұйымдарындағы 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық байқауының аудандық кезеңі болып өтті.
Байқау туған жер тарихына қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамытуға, өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты қалыптастыру, өзінің туған өлкесінің тарихын және құндылықтарын мақтаныш сезімге бағыттау мақсатында өткізілді.
Байқауға 30 мектептен 77 оқушы қатысып, бақ сынасты. Екі кезеңнен тұратын байқауда оқушылар туған өлкенің тарихын зерттеуде танымдық қызығушылығы артып, маңызын терең сезінді. Облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаз оқушыларға сәттілік тілейміз!
Арыста информатика пән бірлестігінің апталығы басталды
Арыс қаласының білім бөліміне қарасты №32 Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектебінде информатика пән бірлестігі апталығының ашылуы өтті. «Цифрлы Қазақстан, заманауи технологиялық прогрестердің дамуы» тақырыбында өткен апталық мақсаты — информатика сабақтарында және сабақтан тыс іс-шараларда оқытудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың білім алуға қызығушылығын арттырыру, ой-өрісі мен таным белсінділіктерін жан-жақты жетілдіру.
Іс-шара барысында оқушылардың STEAM білім беру бойынша 3D принтерінен дайындап, шығарған жұмыстары және робототехника пәні аясында жасалған роботтардың жұмысы көрсетілді. Оқушылар экран арқылы қойылған сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар алды.
Келестік ауыл мұғалімі Түркияда тәжірибе алмасты
Келес ауданына қарасты Ащыкөл ауылындағы №62 Н.Шойбеков атындағы жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Феруза Шаншарова Ыстамбул қаласындағы «Gelisim» университетінде «Etkili Iletisim» яғни, «Тиімді оқыту» — атты семинарға қатысып келді. Семинарды PSD Доктор Чагла Илхом өткен.
Сонымен қатар педагог «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсын 1 ай көлемінде оқып, 8 сынып математика пәнінен «Мәтінді есептерді шешу» тақырыбында авторлық бағдарлама жазған. Ол бұл жұмысты оқу жылының жазғы демалыс уақытында жеке ізденісінің арқасында жасақтаған.
— Математика пәні мұғалімі болып 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Категориядан қайта өтетін болған соң, жазда жеке ізденісімнің нәтижесінде «Авторлық бағдарлама жазудың әдістемесі тақырыбында тренерлік» курсының сертификатына ие болдым. Сол курсты оқып жүргенде «Тәлімгер» ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Медет Қондыбайдан Түркия елінде өтетін семинарға қатысуға ұсыныс алдым. Семинардан алған әсерім өте күшті, әрі пайдалы болды, — дейді Феруза Абдумаликқызы.
Өмірінің ширек ғасырын ұстаздық жолға арнаған Феруза Абдумаликқызы шет мемлекеттегі семинардың арқасында жаңа достар арттырып, жастармен пікірлесіп, тәжірибе жинақтағанын жеткізді.
-Түркиядағы сапарымыз өзінің сондай жылылығымен, шынайылығымен ерекше болды. Себебі, тобымыздың жартысы жастар, жас педагогтар, ал жартысы «әдемі жастағы» тәжірибелі (қай жағынан алсақ та) мен сияқты әріптестер болды. Жастар бізді өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарастарымен өзгертті дей аламын. Жылдам ойлау, шешім қабылдау, өз еңбегіңді бағалау, тіпті әдемі киіну жалғастыра беруге болады.
Жаңа форматтағы жас мұғалімдермен пікірлесу «Босфор» бұғазының жағасында тұрып өз тәжірибең жайлы ойлану, болашаққа бағдар жасау керемет әсер сыйлады, — деген мектеп мұғалімі Түркия елінде өткен семинар арқылы өмірге, жұмысқа жаңаша көзқарас қалыптастырғанын атап өтті.
Ерекше білім алатын оқушылар өнер фестиваліне қатысты
Жетісай қаласының Мәдениет сарайында аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес «Біз біргеміз!» жобасы аясында ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар арасында өнер фестивалі өтті. Фестивальға 73 мектептің білім алушылары қатысты.
Аталған іс-шара шеңберінде балалар ән айтып, би билеп, мәнерлеп өлең оқудан сайысқа түсті. Балалардың өнері әділ қазылар тарапынан өз деңгейінде бағаланып, жүлделі орындарға ие болды.
Фестиваль соңында барлық білім алушыларға сый-сияпат және үздік өнер көрсеткені үшін мадақтама таратылды. Қатысушылар өнерлі өрендерге жылы лебіздерін білдірді.
“Шығармашыл ұстаз — білім мен тәрбиенің бұлағы” атты шеберлік сағат өткізілді
Арыс қаласының білім бөліміне қарасты №1 Е.Молдабаев атындағы мектеп интернатында көпжылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздар, пән мұғалімдері және бірлестік жетекшілерінің қатысуымен «Шығармашыл ұстаз — білім мен тәрбиенің бұлағы» тақырыбында шебер сынып өтті.
Мақсат — балаларды білімге қызықтыра отырып, болашағын жоспарлауға көмектесіп, нарық заманында белгілі бір кәсіпке бағдарлап, бағыттау. Ұстаздық жолында еліміздің болашағына үлес қосып, сапалы білім, саналы тәрбие алған шәкірт бойындағы табиғи дарынына қанат бітіру, оқушының жан дүниесін түсініп, өнерге баулу.
Шебер сынып барысында мұғалімдер тақырып бойынша презентация қорғап, өз тәжірибелерімен бөлісті.