Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҰЛАҒАТТЫ АРДАГЕР ҰСТАЗ

ҰЛАҒАТТЫ АРДАГЕР ҰСТАЗ

Мемлекеттегі бейбітшілік және келісім, оның қауіпсіздігі және тұрақтылығы этносаралық қарым-қатынастың орнықтылығына, төзімділікке және оң бағытталғандығына көбіне көп байланысты. Жастарда патриотизмді, азаматтықты, дінге төзімділікті және халықтар достастығы сезімін қалыптастыруда көп ұлтты мемлекет шеңберінде дамып жатқан ұлттық қатынастар мәнді әсер етеді.

Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудағы теориялық негізінің және тұжырымдамалық алғы шартының айқындаушы компоненттерінің бірі – санына қарамай, әрбір этнос бүкіл адамзат үшін орасан құндылық, оның баға жетпейтін игілігі және бірегей бөлігі деген қағида болады.

Қазақстан Республикасы бабалардан қалған және жалпы адамзаттық дәстүрлерді сақтай отырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беретін өз дамуының сарабдал саясатын таңдады.

Ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты насихаттау, оны халыққа түсіндіру, соның негізінде қоғамдық пікірді қалыптастыру Қазақстан дамуының негізгі кепілі бола алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында этнос аралық татулықтың маңыздылын баса айтып өткен еді.  «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай  түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді.  Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның  мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі  қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз.  Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет»,- деген болатын.

Түркі халықтарының рухани орталығы Түркістан қаласының тарихи өлке, киелі мекен екені белгілі. Қай кезеңді алып қарасақ та, мұнда бірнеше ұлт өкілдері бірлік пен ынтымақтастықта күн кешіп келеді. мамандардың зерттеуінше Түркістан қаласында әсіресе қазақтармен қатар  өзбек, түрік ұлтының өкілдері көбірек қоныстанған.

Нина Василийқызы Украинская қаламыздағы Н.Төреқұлов атындағы (бұрынғы Никитин) жалпы орта мектебінде 33 жыл бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарған ұлағатты ұстаз. Дана халқымыздың «Сыры кетсе де сыны кетпеген» деген қағидалық теңеуі биылғы 9 мамыр күні 86 жасқа келетін Нина Васильевнаға арналып айтылғандай. Иінін тік ұстап, бізді күлімсіреп қарсы алған Нина әжейге қарап осындай ой түйдік.

– Мен 1936 жылы 9 мамыр күні Ресей елінің Ленинград қаласында дүниеге келдім. Зұлмат соғыстан кейінгі қиын жылдар болатын. Қазақ еліне мені өмірлік жолдасым Геннадий Украинский алып келді. Бұл 1958 жыл болатын. Бізді жатсынбай қарсы алған қазақтарға мың алғыс айтамын. Қазақ халқы қонақжай, кеңпейілді, бауырмал болады. Маған осы қасиеті қатты ұнайды. Леонид, Сергей есімді екі ұлым бар. Жолдасымның өмірден өткеніне біраз жыл болды. Мен үлкен ұлым Леонид пен келінім Любаның қолында тұрамын. Келінім Люба қаламыздағы №31 балабақшада тәрбиеші болып істейді. Екінші ұлым Сергей Ресейде тұрады. Қазақ еліне, халқына мың алғыс айтамын, – деп өз өміржолын бір сәт ой елегінен өткізген Нина әжей қазақ еліне келгеніне өкінбейтінін, қайта осындай кең өлкеде тұрып жатқанын мақтаныш ететінін жеткізді.

Біздің елдің салт-дәстүрі орыс халқына да әсер бергендей. Олай деріміз, көбіне ұлдары үйленісімен бөлек тұрады деп еститінбіз. Ал, Нина әжей үлкен әулеттің басын құрап отырған қария. Үлкен ұлы Леонид еңбегінің зейнетін көріп отырған 66 жасқа келіпті. Леонид пен Любаның екі қызы мен бір ұлы бір-бір шаңырақтың иелері. Нақтырақ айтар болсақ, Нина әжей ұлы Леонид пен келіні Люба, немересі Геннадий мен немере келіні Анжелика барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан бақытты отбасылар. Нина әжейдің шөбересі София да мектеп жасына жетіп қалыпты.

Осы арада тағы бір риза болғанымыз Нина әжейдің ұрпағын жалғастырып отырған келіндерінің ұйыған айрандай игі тірліктері. Екеуі де ұршықтай иіріліп, үй-тірліктерін ширақ қимылдарымен атқарып жатқандары. Люба да, Анжелика да қазақ тілін жетік меңгеріпті. Әсіресе, Анжеликаның қазақы мақал-мәтелдерді қолдана отырып сөйлегеніне таңғалысымызды жасырмадық. Біздің таңданысымызды байқаған Анжелика: – Таңданудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен Түркістанда туылдым. Ал, Түркістанда туып-өскен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін жақсы біледі. Қаламыздағы гуманитарлық-техникалық колледжде білім алдым. Қазіргі таңда жаңадан ашылған «Зерек» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етудемін. Тіл білгенімнен тек жақсылық көріп келемін. Қазақ тілін терең деңгейде білетіндіктен, менің болашағыма жақсы әсерін тигізетініне сенімдімін. Болашағымның қазақ тілінде екенін де білемін. Сол себепті, орыс болғаныммен жаным – қазақ. Жүрегім «қазақ» деп соғады.

Мен әр ортаға оңай сіңісіп кете аламын. Менің ойлау қабілетім қазақша. Өйткені, менің ортам қазақтілді болды. Достарым қазақтар болды. Қазір екі тілді де қатар ұстап жүре аламын. Өзге тілдерді үйрену маған қиын соқпайды, – дейді Анжелика.

– Тәуелсіз Қазақстан елінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Көпұлтты елде тұрып жатқан біз – өте бақыттымыз. Және ұлтаралық ешқандай мәселелер қозғалып жатқан жоқ. Аллаға шүкір, тіл көзден сақтасын. Қазақ елін өзіміздің Отанымыз деп мақтан тұтамыз. Менің ойымша, бұл мейрам – менің елім, менің Отаным деген әрбір адамға патриоттық сезімді оятуға ықпалы көп. Шыны керек, бұл мейрамды асыға күтеміз. Себебі, бұл мереке өте маңызды, әрі адамның жүрегінде мәңгілік сақталады. Сонымен қатар мерекені әрдайым дәстүрге айналдырып, «Рухани жаңғырумен» байланыстырсақ. Сондай-ақ мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орындарында осы мейрамның маңыздылығына қатысты көптеген насихаттар жасалса, игі бастама болар еді. Өйткені әрбір жастардың бір-біріне деген көзқарастары жат болмаса деп ойлаймын. Жастар біздің болашағымыз. Ертеңгі елді басқаратын да осы – жастар. Халықаралық ынтымақ, бірлік күні болған соң, бір-бірімізге деген достығымыз, бірлігіміз, ауызбіршілігіміз арта берсін және болашақта ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін деп тілейміз, – деп Қазақ еліне алғыстарын жеткізді Нина әжей мен келіндері.

Ұлы Абайдың «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетімен сан ұлтты бір арнаға тоғыстырған қазақ жері бейбітшілік ме­ке­­ніне айналған. Осынау бейбітшілік мекеннің жергілікті халқымен татулығы жараса бақытты ғұмыр кешіп, екі ұлынан 5 немере 1 шөбере сүйіп отырған Нина әжейге жүз жасаңыз, – деген ақ тілегімізді айттық.

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз.

Қазіргі және келешек ұрпақтың басты міндеті – бір-біріне деген ықыласты қатынастар, төзімділік және көпұлттылық кемшілік емес, керісінше, мемлекеттің артықшылығы болып табылатын Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан әрбір халықтың тілі мен мәдениет құрметтеу арқылы осы бейбітшілікті аялау және сақтап қалу болып табылады.

 

 

 

Пікір жазу