Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ОЗЫҚ ҮЛГІДЕГІ БІЛІКТІ ҰСТАЗ

ОЗЫҚ ҮЛГІДЕГІ БІЛІКТІ ҰСТАЗ

Бүгiнгi әңгiмемiздiң желiсi қазаққа келiн болған қарашай ұлтының қызы туралы болмақ. Қарашай қызы Лида жеңгемiзге жолығып, әдемi сыр-сұхбат құрдық. Өмiр жолына тереңiрек үңiлiп, бүгiнгi жастарға тәлiм-тәрбие берерлiк нәр алуға тырыстық.

– Қазақстанға жер аударылып келген  қарашайлардың қатарында менiң әкемнiң де ата-аналары болған. Кейiн елдерiне қайтуға рұқсат берiлгенде,  туыстарына ермей Жамбыл қаласында   қалып қойған әкем Магамед  қазақ қызына үйленiптi. Өмiрге 9 ұл-қызды әкелген анамның есiмi Озипа. Менiң қазақ жiгiтiне тұрмысқа шыққаныма әкем қарсы болмады, ал, анамның қатты қуанғаны әлi есiмде. Есiмiн Сұлтан деп қойған iнiме де анам қазақ қызын алып берiп, қанына тартқаны бар. Алайда, әкем 1989 жылы бүкiл отбасымен елiне көшiп кеттi. Ресейдегi Ставрополь өлкесi, Қарашай-Черкес автономиялық республикасы бiздiң атамекенiмiз, – деген Лидаға «қазақ жiгiтiн ұнатып жар болдыңыз ба?» деген сауалымызды қоя отырып, бүгiнгi өмiр тынысы жайлы да айтуын өтiндiк.

– 1963 жылы  Жамбыл облысы, Құлан (бұрынғы Луговой) ауданында туылдым. Ендi қазақ елiнде өсiп жетiлгеннен кейiн, кiшкентайымнан бастап бала тiлiм үш тiлде шықты, ана тiлiмiз қарашай тiлiмен қатар қазақ, орыс тiлдерiн де бiлiп өстiм. Бұл сiрә, бiздiң жанұяның үш тiлдi қатар меңгергенiнен болар. Отбасымызбен дастархан басында бiр қазақ отырса бәрiмiз де қазақша сөйлесемiз, ал, бiр орыс отырса бәрiмiз де орысша сөйлейтiнбiз. Әкем Магамед «Қазақ халқы мақал-мәтел, нақыл сөздермен сөйлейдi. Бiр мақалының өзi жетедi, ақылы бар адамға» – деп айтып отыратын. Өзi де мақал-мәтелдердi шырайына келтiре отырып әңгiмелескендi ұнататын.

Он жылдық бiлiмдi алғаннан кейiн Алматы қайдасың?! деп тартқан жастардың бiрi болдым. Алматыдағы шет тiлдер институтына түсiп, ағылшын тiлiнiң маманы болу жолында болсам, бұл кезде Темiрхан Тұрсыматұлы Аппаз дене шынықтыру институтының студентi болатын. Екеуiмiз  ақ арманмен табысып, бiр-бiрiмiздi ұнатып, 3 курста оқып жүргенде отау құрдық. Бұл 1984 жыл болатын. Оқуымызды тастамай, сырттай бөлiмге ауыспай, қатар-құрбыларымыздан қалмай, екi балалы болдық. Сөйтiп, оқуымызды тәмамдап, қолымызға екi баламызды ұстап жолдасым Темiрханның әке-шешесiнiң үйiне келдiк. Темiрхан өзi 5 ағайынды, 4 ұл мен 1 қыз. Ата-енем екеуi де өте жақсы жандар болатын. Менi қарашай ұлтының қызы деп жатсынбай, туған қыздарына қарағандай мейiрлi жүзбен қарады. Қарашаңырақта бiздi қалдырды, ата-енемнiң қолында болдық. Енемнiң  қайтыс болғанына  он жылдан асты. Ал, атам одан ертеректе өттi өмiрден. Ендi, ол кiсiнiң маған жасаған жақсылығын айтып жеткiзе алмаспын. Атам өте парасатты, түсiнiгi мол, кең пейiлдi болатын. Ешкiмге ұқсамайтын ерекше мiнездi жан едi. Бұлай деуiмнiң себебi де бар. Өйткенi, бүгiнгi менiң озық үлгiдегi, бiлiктi, санатты ұстаздар қатарынан көрiнуiм атамның арқасында деп бiлемiн, – деп көзiне жас алып, атасын еске алған Лида Магамедқызы әрi қарай әңгiме тиегiн ағытты.

-Мұғалiмдер арасында өткен республикалық конкурстың жеңiмпазы атанып, Қазақстаннан 3 мұғалiм АҚШ-ның Техас штаты, Хьюстон қаласына жолдама алып, iс-тәжiрибе алмасуға баратын болдық. Алайда, конкурстан жеңiмпаз атанғаныммен менiң ол жаққа бара алмасым белгiлi едi. Ауруханада қатты ауырып жатқан атамды дәрiгерлер үйге шығарып, ендi аз-маз күнi қалды дегендей, айықпас дертке шалдыққанын жеткiзген болатын. Сонымен, ол жаққа баруды жылы жауып қойған болатынмын. Сөйтсем, атам молданы шақыртып алып, сөйлесiптi, өз ризалығыммен келiнiмдi жолынан қалдырмай жiберсем болады ма,-деп. Молда «болады, ол өз ырқыңыз ғой» деп айтқан. Мен бұл болған жайды кейiннен бiлдiм ғой.

Содан атам менi шақырып алып, барып кел,-дедi. Болашағыңа балта шаппайын, мақсат-мұратыңа жет, -деп ақ батасын бердi. Жолдасым Темiрхан қарсы болып тұрса да, атам айтқан бетiнен қайтпай, барып келсiн,-деген сөзiнен қайтпады. Үйде атлас картасы бар болатын, соны алдыртып, жаңағы мен баратын жердi көрiп, шетелге бара жатқанымды мақтан тұтқан сезiмде ақ батасын берiп шығарып салды. Сөйтсем, мен Алматыға жеткенде атам қайтыс болыпты, бiрақ ешқайсың айтпаңдар,-деп енем де қатты тапсырыпты туған-туыстардың барлығына. Қырық күндiк асына бiр-ақ келдiм…

Атамның ана дүниеге кетiп бара жатса да, үрiм-бұтағының өсiп-өнгенiн, биiктен көрiнгенiн қалаған ер мiнезiнiң арқасында мен Америкада 1 ай болып келдiм. Хьюстон қаласында оқыдық, iс-тәжiрибе алмастық. Сертификатқа ие болдық. Одан кейiн мұғалiмдердiң республикалық III-съезiне делегат болып қатыстым Астана қаласында өткен. Бүгiнгi таңда жоғары санатты ұстазбын. Қаламыздағы Некрасов атындағы мектеп-гимназиясында жоғары сыныптарға ағылшын тiлi пәнiнен сабақ беремiн. Жыл сайын өтетiн ҰБТ-тiң аппеляция комиссиясының құрамындамын. Мiне, осылай менiң бүгiнгi жеткен жетiстiктерiмнiң бәрi де әуелi Құдайдың, одан кейiнгi жерде атамның арқасында деп бiлемiн,-деп атасының жақсылығын айтып, рухына тағзым еттi Лида.

Халқымызда «адамның күнi адаммен» деген нақыл сөз бар. Осыған жайшылықта онша мән бермеймiз, бiрақ ойлана қарасақ адамдардың қарым-қатынасына байланысты үлкен мағына жатыр. Осынау қатынастардың сәндi, жарасымдылығы өзара сыйластыққа, мәдениеттiлiкке, адамгершiлiкке байланысты. Онсыз жақсы қарым-қатынастан дәмелену де орынсыз. Қазаққа келiн боп түскен Лида Магамедқызы  енесі  жайлы да айта отырды.

-Енем Тұрсынкүл отбасы татулығының ұйытқысы болатын. Алғаш келiн болып түскенде көп нәрсенi бiле бермейтiнмiн. Тiптен маған самаурынға шай қою азаптың азабы болды. Оның үстiне оны көтерiп үйге кiргiзудi айтсаңызшы. Үй шаруасындағы тiрлiктердiң көбi қиын тигенi бар. Қолда сиыр, ұсақ малдар да болды. Енем өте таза, пысық жан болатын. Сол пысықтыққа менi де үйретiп алды ғой 2-3 айдың iшiнде. Сиырды да сауатын болдым, күбi пiсiп май алып, құрт жаюды үйрендiм. Текемет, киiз, түктi кiлем тоқуды үйрендiм енемнен. Бүгiнде ойланып қарасам, үйренгенiм көп. Қазақ халқының салт-дәстүрi көп әрi бәрi де орын-орнымен келедi ғой. Қонақ күту, келген қонақтардың алдына қандай жiлiктердi қою, осының бәрiн мен бүгiнде жiлiк шаққандай шағып бере аламын. Әсiресе, енем «ыдыс аяғың өте таза болсын, келген қонағың ыдыс табағыңа қарап iшедi асыңды» деп айтып отыратын. Енемнiң бiлмейтiн нәрсесi жоқ болатын, ол кiсi бау-бақшаға да жақсы қарайтын диқаншы болатын. О, баста қолда екi келiн бiрге тұрдық, өзiмнен кейiнгi қайным мен келiнiм де енемнiң қолында болды. Кейiн олар еншiлерiн алып, Қызылорда қаласында тұрды. Сол уақытта екi келiн бiрге тұрғанымызда енемнiң бiзге көрсеткен өнегесi мол болды. Балаларымызға да бiрге қарадық, қайсымыздың қолымыз бос болса, «сенiкi, менiкi» демей, үйдегi тiрлiктердi тезiрек бiтiруге тырысатынбыз.

Лида Кубанова әңгiме арасында бүгiнгi таңда өзi еңбек ететiн Некрасов атындағы мектеп-гимназияда бiрге iстейтiн мұғалiмдердiң бәрi де ұлағатты ұстаздар,-дей келiп, оларға деген өзiнiң алғысын «Түркiстан» газетi арқылы жеткiзгiсi келетiнiн айтты.

– Менiң достарым барлық ұлт өкiлдерi арасында да бар, сонда да болса қазақ достарым көбiрек әрине. Негiзi бiздiң Некрасов атындағы мектеп-гимназияның бүкiл мұғалiмдер ұжымы өте ұйымшыл,-дейдi ол.

Халқымыздың өмiрiне тез төселiп,  қазақтың ибалы келiнi атанған Лида Магамедқызының қазақы салт-дәстүрдi үнемi жадында сақтап  жүретiндiгi әрине, көңiлiмiздi қуантты. Өмiрлiк жары ретiнде қазақ жiгiтiн таңдап қана қоймай,  өзi сүйiп қосылған қосағының ата-баба салтын сақтап, оны өзiнiң күнделiктi өмiр тiршiлiгiнде ұстаным ретiнде қабылдаған Лида Кубанова бүгiнде ерi Темiрхан Аппаз екеуi өмiрге әкелген Толқын, Меруерт, Индира есiмдi қыздары мен ұлдары  Жантөреден тараған   немерелерiнiң ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Л.САРЫБАЕВА.

Пікір жазу