Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ ДАРЫҒАН ӨМІР

ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ ДАРЫҒАН ӨМІР

Бір күні кезекті семинардың алдында қағаздарымды реттеп отырсам, орта бойлы бір кісі кіріп келді. Жайдары жүзінен бақыттың лебі есетіндей. Келген бойда: Ұстаз, қолыңыздан сүйсем рұқсат па? – деді. Негізінде кісінің қолымнан сүйгенін бұрыннан қаламайтын едім. Жігіттің көңілін жықпайын деп: – Қаласаң қолымнан емес бетімнен сүй. Ол да қапсырып құшақтаған бойда бетімнен сүйді. Я, жігітім не үшін қолымнан сүйгің келді?

Қонағым ағынан жарыла кетті.

-Ұстаз, осыдан нақ үш жыл бұрын сіздің семинарыңызға қатыстым. Білесіз бе? Менің өмірім тап сол күннен бастап толықтай өзгеріске ұшырады. Сол семинардан кейін бақытты отбасым бар. Сізге алғыс айтып, қолыңызды сүйгім келді.

-Соншалықты не айтып едім?

-Үш жыл бұрын жұмыс барысымен қалаға келіп, сіздің бір семинарыңызға қатысу нәсіп болды. Семинарыңызды қорытындылай келе: Адам өмірінің ең маңызды кезеңі балалық шағы. Балалық шақтың қызығына тойып өспеген сәбидің алдағы өмірінде бақытты болуы екі талай. Қандай да бір ата-ананың ең басты міндеті, ойын баласының ойынға қалауынша қандыра білуінде. Бұл әрбір әкенің басты міндеті – деген болатынсыз.

Сәл үнсіз тосылып, есіне әлдеңелерді түсіргендей:

-Осы сөздеріңізді естіген сәтте терең ойға шомылдым. Әке болып баламды қандай қуанышқа бөледім? Бұндай сұраққа бұрын соңды бас қатырмаппын да. Ойлап қарасам өмірімде баламды қуантуға, ойнатуға немесе көңіл бөлуге еш әрекет жасамаппын. Тоғыз жастағы ұлым мені көре сала, ынжырғасы түсіп, көзіме көрінбеуге тырысады. Не үшін менен құтылуға асығатынын білемісіз ұстаз?

-Не үшін?

-Өйткені баламды көрісімен :

Үй тапсырмасын орындадың ба? – деген сұрақтан бастайтынмын.

Ұлым ынжырғасы түсіп, төмен қарап орындамаған түр танытады. Ашуға булығып, ауыр сөздер айтып… Арғы жағын айтуға аузым да бармайды. Терең күрсінді. Семинар біткесін жол бойы ойландым. Автобуста мүлде ұйықтай алмадым. Содан не керек үйге келіп, әйеліммен ақылдасуды жөн көрдім. Кешкісін балам ұйықтағасын жұбайымды үстел басына шақырып: Бүгін мен керемет бір семинарға қатыстым. Бала тәрбиесіне қатысты көп пайдалы кеңестер алдым. Түсінгенім біз баламызға жақсы ата-ана бола алмай жүрген сыңайлымыз. Мейлі сабағын оқымаса оқымай-ақ қойсын. Ең бастысы балалық шақтың қызығынан құр қалмаса деймін. Қалай ойлайсың? – дедім. Әйелім:

– Сен не деп отырсың? Қанша уақытыңды құртып барғандағы естігенің осы бос сөздер ме? Оқымаса оқымасын, дегенің қай сасқаның? Оқиды! Оқуға міндетті! Басқа балалардан қай жері кем бұның? – деп түсіне алмады. Алайда әйеліме кінә тақпаймын. Қандай ана өз баласының жаман болғанын қаласын.

-Содан не болды?

-Әйелімді үш күн жүріп әзер көндірдім. Ақырында не істесең де өзің білші деген жауап алдым. Кешкісін жұмыстан келгесін баламнан әдеттегіден бөлек көңіл-күймен: Бүгін достарыңмен көңілің қалағанша асыр салып ойнай алдың ба? – деп, сұрадым. Ол да жоқ мағынасына келетін ишарат білдірді. Жылдам жұмыс киімін ауыстырып: Олай болса неге ойнамасқа деп, баламды аулаға алып шықтым. Біздің сыртқа шыққанымызды көрген баламның достары да жинала кетті. Сол күні кешкі алтыдан қас қарайғанға дейін көшеде ойнадық. Жаңылмасам сегіз-тоғыздар шамасында үйге кірдік. Бір керемет күн болды. Үсті-басымыз шаңға малынғасын екеуміз бірге душ алдық. Жуынып болғасын баламды сүртіндірдім. Өмірімде бұрын соңды мұндай керемет күн өткізген емеспін.

Жұмыстан келгесін әрдайым кешкісін екеуміз ойынға шығуды әдетке айналдырдық. Бұрын балам менен қашушы еді, енді міне асыға күтіп отыратын болды. Осылай әр күніміз жалғаса берді. Жетінші немесе сегізінші күні балам екеуміз сырттан келіп, жуынып, үстін құрғатып жатқанымда, балам қолымнан қысып ұстап: Әке, мен сізді өте қатты жақсы көремін! – деді.Тілім байланып сөйлей алмадым. Жүзімді жас жуып кетті. Өксік көмейіме тақалып, үнсіз жылай бердім. Ұстаз білесіз бе?

-Нені айналайын?

-Менің қандай жаман әке болғанымды. Өмірімде бауыр етім баламнан әлгі сөзді алғаш рет естідім. Егер өмірден бала жүрегінен шыққан жылы сөзді ести алмағанымда қандай ғапыл күй кешер едім.

-Олай демегін! Ең бастысы дер кезінде мәселені ушықтырмай реттей алыпсың. Кейбір кісілер әлі күнге қаталдық танытып, бала көңіліне қаяу түсіреді. Сөзіңді бөліп жібердім ренжіме, әрімен қарай не болды?

-Бір күні баламның сынып жетекшісі ата-ана жиналысына шақырды. Әйелімді бірге баруға көндіруге қанша тырыссам да, онымнан ештеңе шықпады. Мұғалімдердің, одан қалса басқа ата-аналардың шағымынан әбден шаршаса керек. Жалғыз баруға тура келді. Жиналысқа кешігіп келдім. Не де болса шағымды ең соңынан естиін деп, артқы орындыққа отырдым. Жиналыс бітті, ата-аналар сынып жетекшісімен жеке-жеке жолығып жатыр. Бәрі жұмыстарын бітіріп кетті, кезек маған да келді. Алдыңғы партаға жайғастым.

Сынып жетекшісі бетіме қарап жымиып:

Айтыңызшы сіз балаңызға не істедіңіз? – деді. Мен де сасқалақтап:

-Үлгерімі мүлде жаман ба? – деппін.

-Сіз айтыңызшы құпия болмаса, расымен балаңызға не істедіңіз?

-Қандай да бір ата-анадан менің баламның үстінен шағым түсті ме? Әлде үлгерімі мүлде нашар болғаны ма?

-Жоооқ! Мүлде олай емес. Керісінше аз уақыттың ішінде балаңыздың сабақ үлгерімі, тәртібі, тіпті мінезіне дейін күрт өзгерді. Бұрын сабағына селқос қарайтын, күніге сыныптағы достарын ренжітіп ескерту алатын. Айтыңызшы қандай амалға бардыңыз?

-Мен жылаған күйі тапжылмай отырып қалдым. Қолымнан келген жалғыз нәрсе ол да жылау. Құдайым-ау балапанымды өз қолыммен қор қылып жүрген екенмін ғой. Егілген бойда үйге келдім. Жылай-жылай көзім жабылуға аз қалған болатын. Есікті ашқан әйелім жас жуып кеткен жүзімді көріп: – Не болды, үлгерімі мүлдем нашар ма? – деп сұрағанда, қолымнан келгені әйелімді құшақтап алып жылай беріппін.

-Ұстаз, сізге алғысым шексіз. Маған бақытқа жетудің жолын сіз көрсетпегенде бүгінгі отбасымның жағдайы қалай болар еді? Сол күннен бері бақытты шаңырақ аясында өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осы себепті салем беріп, қолыңыздан сүйіп кетуді жөн көрдім. Сізге Алла разы болғай!

Жаман аке.

Мен мақтаншақ ұстазбын. Иә, сыныбымның белсенділігімен мақтанатынмын. Ата-аналарымның ұйымшылдығымен мақтанатынмын. Оқушыларымның аудандық, облыстық, републикалық сайыстардан бас жүлде алып келгендігімен мақтанатынмын. Сыныбымның мектеп бойынша білім сапасы ең жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрғандығымен мақтанатынмын. Бірақ… Оқу жылының аяғына таман өзім жұмыс істейтін мектепте оқитын ұлымның сыныбына, ата-аналар жиналысына бас сұқтым. 3-сыныпта оқитын ұлым жуас, момын ешқандай проблема тудырмайтын болғандықтан бұл жаққа көп ат басын тірей бермейтін едім. Ұстазына сенемін. Жоғары санатты ауданда беделі бар тәжірибелі ұстаз болғандықтан сол кісінің сыныбында оқығандығының өзі мен үшін мақтаныш еді…

Ал мен…. мен жасыратыны жоқ, оқушыларымды жан-жаққа жарыстарға, олимпиадаларға сүйреп солардың жеңісіне мәз болып, жетістігіне қуанып жүрген едiм…

Жиналыс басталып кетті… Мен ұлыммен мақтанамын, себебі ол тәртіпті, себебі ол үлкенді сыйлайды, себебі ол…

Ұстазы екі қораптың бірінен алып ата-аналарына балаларының жазған хаттарын таратып жатыр, бәрі мәз. Біреуі әкесімен атқа мінгенін жазыпты, біреуі анасымен роликке барғанын жазған, тағы сол сияқты қуанышқа толы бала тілімен жазылған хаттар. Мен бірақ хат алмадым. Сұраулы жүзбен қараған көзқарасымды аңағарған сынып жетекшісі қасыма жақындап келіп «екінші қораптағы хатты ешкімге көрсетпеуімді өтініп еді» деді. Мен ұлымның жазған хатын сол қораптан таптым. Жалғыз хат. Жалғыз тілек. Жалғыз өтініш. «Шіркін… шіркін, әкем маған көңіл бөлсе, менімен әңгімелессе, маған ұрыса бермесе…» көзім қарауытып кетті. Ештеңе сездірмеген болып өтірік жымиып отырмын. Менің ішкі жан-дүниемде не болып жатқанын сол жерде тек әріптесім (сынып жетекшісі) ғана сезіп тұрған еді. Сынып жетекшісі жиналысқа мықтап дайындалғаны көрініп тұр. Келесі бір балалармен жасаған рефлексиясы «Теңеу» деп аталады екен. Ұлымның жазғаны «Мен анамды мейірімге теңеймін, себебі ол әрқашан маған мейірімді қамқор болып жүреді, маған ұрыспайды. Ал әкемді НАЙЗАҒАЙға теңеймін. Әкем ашуланғанда найзағай сияқты шатырлап кетеді». Тағы да үнсіздік. Жиналыс аяқталды. Үйге келе жатырмын. Тамағыма өксік тығылып, іштей ұлымнан кешірім сұрап келемін. «Кешір, балам, жаман әкең жұмыс деп, өзінің балаларына көңіл бөлмейтін тасжүрек болып бара жатыр екен. Осыны көре алған, сезе алған кішкентай жүрегіңнен айналдым…»

Үйге кірісімен алдымнан жүгіріп шыққан ұлым (жиналыстан келгенімді білетін) сұраулы көзбен жүзіме қарады. Өтірік күліп басынан сипап келесі бөлмеге өтіп кеттім. Ешкімге ештеңе айтпадым тек барлығын іспен дәлелдеуге тырыстым. Балаларыммен алысып ойнап, кешкісін ертегі айтып ұйықтатып, солармен жарыса тамақ жеп, балаларыммен балаша қуандым, шаттандым. Көп ашыла бермейтін үлкен ұлым ұйықтауға кетіп бара жатып құшақтап бетімнен сүйіп бөлмесіне жүгіріп кетті. Бұл құшақтағанынан баламның әкесіне деген нағыз махаббатын, нағыз сезімін енді сезінгендей рахат сезімде ерекше күйге бөленіп отырып қалдым.

Оқу жылының басында алтыншы сыныптың жетекшісі өз шәкірттерінің алдында тұрды. Ол балаларға бір рет көз тастады да, барлығын бірдей жақсы көретінін және оларды көргеніне риза екенін айтты. Бұл, әрине, жалған болатын , өйткені алдыңғы қатарда мұғалім жақсы көрмейтін бір бала бүрісіп отыр еді. Басқа оқушылар сияқты онымен де былтырғы оқу жылында танысқан. Сол кездің өзінде-ақ ол баланың өз сыныптастарымен ойнамайтынын және киімінің лас екенін, ешқашан жуынбағандай иіс шығатынын бақылаған болатын. Уақыт өткен сайын мұғалімнің бұл оқушыға деген көзқарасы нашарлай түсті. Оның жазба жұмыстарын қызыл қаламмен шимайлап, екі қоятын жағдайға да жетті.

Бір күні мектептің оқу жөніндегі орынбасары алтыншы сынып оқушыларының мінездемесіне талдау жасауды тапсырды, мұғалім сүйкімсіз оқушының мінездемесін ең соңына қалдырды. Ол баланың мінездемесін қолына алған кезде төбесіне мұздай су құйып жібергендей болды.

Бірінші сыныпта оқытқан мұғалім: «Бұл көзі нұр шашқан керемет бала. Үй тапсырмасын таза және ұқыпты орындайды. Оның мұғалімі болу да үлкен мәртебе», – деп жазыпты.

Екінші сынып мұғалімі ол туралы: «Ол ғажап оқушы, оны жолдастары да сыйлайды, алайды отбасында проблема бар: мамасы айықпас дертке шалынды. Шамасы оның үйдегі өмірі өлім мен күреске айналған сияқты», – деген екен.

Үшінші сынып мұғалімі: «Анасының өлімі оған өте ауыр тиді. Бала барынша тырысады, бірақ әкесі оған еш көңіл бөлмейді. Егер бір шара қолданылмаса, оқуы нашарлап кетуі мүмкін», – деп мінездеме беріпті.

Ал төртінші сынып мұғалімі: «Баланың оқуға құлқы жоқ. Достары да жоқ.

Сабақ үстінде жиі ұйықтап қалады», – депті.

Мінездемені оқып болған мұғалімнің жүрегі сыздап кетті. Жаңа жылда барлық оқушылар оған жылтырақ қағазбен оралған сыйлықтар әкеліп құттықтап жатқанда, ол бала мыжылған қоңыр қағазға оралған түйіншекті қолына ұстатты. Кейбір балалар күле бастағанда, мұғалім түйіншекті ашып ішінен бір көзі жетпейтін білезік пен түбінде азғантай ғана қалған иіссуды алып шықты да:

-Қандай керемет білезік! – деді де, құтыны ашып, әтірден аздап үстіне септі.

Оқушылардың күлкісі сап тыйылды.

Сабақ соңында бала жанына келіп, ақырын ғана:

-Бүгін сізден менің анамның иісі шықты, – деді.

Бала шығып кеткен соң мұғалім ұзақ жылады. Осы күннен бастап ол тек математиканы, әдебиетті оқытып қана қоймай, балаларды мейірімділікке, жанашырлыққа оқыта бастады. Біршама уақыт өткеннен кейін сүйкімсіз оқушысы өмірге орала бастады. Оқу жылының соңында ол үздік оқушылардың біріне айналды. Мұғалім оқушылардың барлығын бірдей жақсы көрем деп айта бергеніне қарамастан, шындығында ол тек қана бір баланы жақсы көретін.

Бір жыл өткеннен кейін ол өз қағаздарының арасынан хат тауып алды. Ашып қараса, бала «Сіз менің өмірімдегі ең керемет ұстазсыз!»,-деп жазған екен.

Тағы да бес жыл зулап өте шықты. Бұл кезде мұғалім басқа сыныпқа ауысқан еді. Сөйтсе бұрынғы оқушысы өзінің ең жақсы ұстазы болып қала беретінін жазған екен.

Тағы да төрт жыл өткеннен кейін мұғалім өз оқушысынан хат алды. Онда өзінің колледжді жақсы бітіріп, университетке түскенін бітіргенін және өміріндегі ең жақсы көретін ұстазын сағынып жүргенін айтыпты.

Уақыт зулап өтіп жатты. Күндердің күнінде мұғалім өз оқушысынан тағы бір хат алды. Оқушысы университетті жақсы бітіргенін, әкесінің екі жыл бұрын қайтыс болғанын және жақында үйлену тойы болатынын хабарлапты. Бала өзінің сүйікті мұғалімін өз тойында ата-анасы отыратын жерден көргісі келетінін айтты. Әрине, мұғалім қуана келісті.

Той болатын күні ол баяғы бір көзі жоқ білезікті киіп, байғұс баланың есіне түсіретін иіссуды сатып алды. Алдынан жүгіріп шыққан бала мұғалімін құшақтай бергенде, мамасының иісі есіне түсіп:

-Менің осы өмірге керектігімді сезінуге, өз күшіме сенуге мүмкіндік бергеніңіз үшін сізге өте ризамын, – деді даусы дірілдеп.

Мұғалімі көзіне жас алып:

-Қателесесің, керісінше, сен мені бәріне үйреткен. Сенімен жақын танысқанға дейін мен қалай мұғалім болу керек екенін білген жоқпын…, – деді.

Н.ҚАДЫРОВ.

Пікір жазу