Күллі Дешті-Қыпшаққа даңқы асқан жауынгер жырау Доспамбет отызға толмаған шағында Астрахань түбіндегі қанды ұрыстың бірінде қаза табады. Жарық жалғандағы соңғы сапарына аттанғалы жатқан Доспамбеттің қаралы хабарды қайран жұртына жеткізушілерге қарата айтқан «Озушылар, озмаңыз!..» деп басталатын толғауы:
Бұрынғылар түскен жүрі жол
Бұрылып соған түсті дегейсіз!..- деп аяқталатын еді. Кеудедегі соңғы үміттің солатын, соңғы демнің сөнетін сәтін бұдан артық қалай түсіндіресіз?! Немесе адам ғұмырымен өзектес екітүрлі егіз сапардың біріншісі соңына таяғанын дәл осылай байсалды баяндайтын қандай сөз бар?…Аяулы ұстазым Сапарбек Ергөбектің «бұрынғылар түскен» соқпаққа бағыт бұрғанын естігеннен кейінгі ауыр күрсіністен арыла алмай біраз жүрдім. Тек менің ғана емес-ау, бұл қаза қалың жұрттың көкірегін қорғасындай езіп, қабырғасын қайыстырып кеткенін білемін…
Мен Сапарбек ұстазбен ең алғаш Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің қазақ тілі кафедрасының дәлізінде амандасқаным есімде. Ақтөбеден алғаш рет ұзап шығып, бірінші курсқа келгенде Мейірхан (Ақдәулетұлы) ағаның: «Түркістанда Құлбек Ергөбек деген мықты бар. Көрсең Мейірхан ағам сәлем айтты де» деген сәлемдемесін жеткізсем деп сол кісіні іздеп жүрген кезім еді. «Құлбек ағаның туған бауыры екен» дегенді естіп, телефон нөмірін сұрауға барған бетте алдымда жанарынан жап-жарық сәуле төгіліп тұрған болмысы биік, толқындаған ақ шашы артқа жайылған кең маңдайлы, періште пейілді адам тұрды. Бірақ мен өмірімдегі ең аяулы адамдарымның бірімен жолығып тұрғанымды білмейтін едім…
Дәріс
Кейіннен бағыма орай, ағайымыз бізге бірнеше сабақтан дәріс оқыды. Ең алғашқы дәрісте тобымдағы барлық білімгердің ата тегін, сол рудан шыққан батыр мен ақынды түгендеп бергенде, «адам осынша шежірені, тарихты қалай жаттап алады екен» – деп аңырып қалғаным бар. Ол аздай көне түркі тарихынан бастап хандық дәуір тұсындағы айтулы оқиғалардың бәрін әсерлеп отырып әңгімелейтін. Бір күні жыраулар поэзиясы, одан қалды өзінің ең сүйікті тақырыбына айналған «зар заман ақындары» жайлы әңгіме бастады. Ағайдың «абыздай ауыр ойланып» бастаған сөзі екі-үш сағатқа еркін жететінін көріп, үзіліс дегенді ұмытқан едік. Үзілісі былай тұрсын, бөлмеге басқа топтың білімгерлері келіп, «қазір осында сабағымыз бар еді» демейінше орнымыздан тұрар ойымыз болмайтын.
— Сендер қазақтың әдебиеті мен тілін ғана оқымайсыңдар, бұл — Қазақтану ғылымы! Қазақ қай жерде сүрінді, қай кезде сүйінді соның бәрін білулерің керек!..-деген дауысы құлағымнан кетпейді. Қазақтың қайғысын жанымен сезген, көрген адамның күрсінісі еді ғой бұл. Желтоқсан оқиғасында алаңдағы өрімдей қыздардың, өспірім ұлдардың қалай қиянат көргенін жаны жылап тұрып жеткізгенде жүрегіміз езіліп, еңсеміз еңкіш тартып тұратын. Қасым сұлтан мен Кенесарының қиын да қилы тағдырын, Махамбеттің Баймағамбетке айтқан батыл сөздерін дәл олай тебіреніп айтатын адам жоқ шығар. Әр дәрістің соңында сөзін сабақтай келе, уақыттың да біршама болғанын аңғарып «бірді айтып, бірге кетеміз-ау» – деп күлімдеп отырушы еді. Араб, парсы әдебиетінен басталған әңгіме желісі Теодор Драйзердің «Америка трагедиясына» бір-ақ жалғасып, одан әрі өмірімде естімеген неше түрлі әдеби шығармалар мен тұлғаларға ауыса беретін еді…
Сапарбек ағайдың әрбір дәрісі — шәкірттерінің көңіл күнделігіне жазылған өмір сабағындай өзекті еді. «Жолдастар!» деген жып-жылы шырайынан шуақ төге қарағанда тура туған әкең мейірленіп тұрғандай бойыңды бір қамқорлық билейтінін айтсаңшы!..
Тәлім
Студенттік шақтың бір басына жетерлік еркелігі де ерекше болатыны рас екен. Сабаққа құлықсыз болсам бармай қалатын қылық шығардым. Жарты сағат жаяу жол жүруге ерінген осы күндерде Сапар ағай айтқан «Аласапыран», «Махамбеттің жебесі», «Алтын орда» секілді романдарды құшақтап жатақханада жататынмын. Кейде «апайлардан ұят болмасын» деп төбе көрсетіп қою үшін сабаққа баратынмын. Сондай күндердің бірінде топтағы қыздар «Сағыныш сыбыры» деген шағын жыр жинағым шыққанын сүйіншілеп ағайға ұстатып жатты. Жан баласына жабырқап қарамайтын ұстазым әдеттегідей жылы шыраймен:
—«Сағыныш сыбыры» деген атының өзі қандай әдемі, ә! Оқырманның қолынан түспейтін кітап болсын! — деп риясыз тілегін ақтарып жатып мұқабадағы өмірбаянға қарап:
—Сенің ауылыңның аты Көрпе ме? Көрпе деген шөптің аты ғой(сол кезге дейін ондай өсімдік барын өзім де білмегем) — деп, ауылымның атауы неден пайда болуы мүмкін деген сауалға жан-жақты жауап беріп тастады да:
— Дәурен, болашақта, мысалы, Ана жайлы өлең жазсаң, өз анаң мен Отан —ананы байланыстырып жазуға тырыс, жарай ма?! Сонда сенің жырың үлкен дүниеге айналады. Осы нәрсе есіңде болсын! —деді. Менің есіме Сағи ақынның туған жер туралы өлеңдері түсе кетті:
Мен жығылып қала ма деп абайсыз,
Туған далам келе жатты бірге ұшып…
Немесе:
Ардағым, арман қуып мен кеткелі
Қанша рет көктем келіп, жер көктеді?!
Бір кезде бөбегім деп тербетіп ең,
Келесің әлі күнге тербеп мені…
Сапар ағай нұсқаған үлкен дүние осындай болса керек. Кейін ағай айтқандай ғажап өлең жазу менің ойымнан кетпей қойды. Тек бұл ғана емес, Ұстаздың ұлағатты ойлары, айтқан әрбір әңгімесі шәкірттердің көңіліндегісін анық танып, дәл әрі дұрыс болжайтын еді. Мұндай ұстаздан тағылым алған шәкірттің өкініші бар дегенге сенбес едім. Өкініштісі сол — ғапыл ғұмырдың, «бәлкім бағалай алмағаныңды біліп, суық кейіп танытып өтетін қатал уақыттың»(Сапар ағайдың сөзі!) құрбаны болатынымыз. Әйтпесе, әлі де оқу залында жарқылдап, жайнаң қағып отыратын сол бір абзал адаммен баяғыдай емен-жарқын жүздесер едік қой!..«Өмірді өкпемен өткізуге болмайтынын» білсем де, бәрібір бір сағыныштың бебеулейтіні белгілі. Қалай дегенмен де, мен сол күні Ричард Бах айтқан: «сені үйреткен адам емес, сен үйренген адам — саған ұстаз» деген нақылды жаныммен түсіндім…
Өнеге
«Өзгені тәрбиелеу үшін алдымен өзін тәрбиелеу керегін» бәрі білсе де, бәрінің қолынан келе бермейтіні анық. Ұстазымыздың жары, аяулы апайымыз Нағима Қошанова ағайды еске алып отырып «балаларына бір рет те дауыс көтергенін көрген емеспін»-деген еді. Сапарбек Ергөбектің әкелік, азаматтық орыны да айрықша. Өзі биік бағалайтын жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Доспамбеттің тағы бір сөзі ойға оралады:
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Хас сұлудың өзі еді…-дегендей, Сапарбек Ергөбектің жары Нағима апайымыздың да ұстаздығынан бөлек адамгершілігі мен ақ пейілі қандай! Кабинетке кіргеннен сымбаты сүйсінтіп тұратын сүйікті ұстазымның әр жолғы костюмі мен келісті жүріс-тұрысынан өзінің де, Нағима апайымыздың да ұқыптылығын аңғару қиын болмайтын. Қатар кетіп бара жатқан қос ұстазымды көріп қатты риза болғанда: «шіркін, ұстаз болса, жанұя болса —осындай болар ма еді!..» деп іштей көңілім толып тұрушы еді! Мұндай әні мен сәні жарасқан ғажап адамдар текті ұрпақ тәрбиелейтініне күмән қалмайды ғой. Тіпті біздің өзіміз де осы жандардың құдды бір кенжесіндей еркелеп, еркін жүрдік. Тым босаңсып кеткен күндері «өй, тіпті сендер сабақты қойыпсыңдар ғой?»-деп жылы жымиятын ол кісі. Бәлкім, өзі айтқан: «Адам баласы қамшының сабындай қысқа ғұмырды бір-бірінің көңілін қалдырып, қадір қашырумен өткізеді»- деген сөзді бар болмысымен бойына сіңіріп, содан сабақ алған болса керек. Кеудесі алып қазынаға айналған асыл жанның айтқан әрбір әділ сөзін, биік болмысын аз дүниеге сыйдыру қиын. Әлі талай ұрпақтың өміріне өнеге болатын Шырақтың шоқтығы биік! Сіз нағыз ұстаз едіңіз, Сапар ағай!..Бірақ, пенденің ең үлкен ұстазы — уақыт екенін сіздей ұққан адам аз ғой. Берлиоз айтқан бір сөзді көркін қашырмас үшін сол күйінде келтіргім келіп тұр: «Время — это великий учитель. Как жаль, что он убивает всех своих учеников». Осыған ұқсас сөзді сіздің «Көңіл күнделігіңізден» оқып ем:
«Әттең, бір қапы дүние-ай… Сенің опасыздығыңды, арсыз алдамшылығыңды, жалған, өтпелілігіңді біле тұра адамзат баласы саған қайта – қайта алданады ғой. Құдды бір шығыс ақыны көп жырлайтын, отқа ғашық болып, өзін сол отқа тастап, опат ететін пәруана көбелек күй кешіп… Солай жалғаса береді. Иә, солай…»
Д.ТІЛЕУХАН.