Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Ұлт ұстазы және әлемдік тіл білімі

Ұлт ұстазы және әлемдік тіл білімі

Әлемдік тіл ғылымының ғылым ретінде қалыптасып дамуы талай жүз жылдықтарды қамтиды.

Оның әрбір кезеңінде тіл білімінің әр алуан мәселелері шешілді, тіл теориясының әрқилы сұрақтары әртүрлі тілдердің деректері бойын­ша шешімін тапты. Әлемдік тіл білімінің негізгі теориялық қисындарын табу мен танудың тұжырымды жауаптары атақты Әл-Фараби зерттеулерінде философиялық тұрғыдан талданды. Әлемге белгілі ұлы ғалым, екінші ұстаз трактаттарында тіл білімінің басты қағидалары мен тіл философиясына қатысты ғылыми ірі тұжырымдар жасалды. «Ғылымның шығу тегі туралы» еңбегінде барлық жаратылыстану ғылымдарының бастауы Тілден деген кемел ойдың айтылуы бүгінгі ғылыми таным үшін маңызды.

М.Қашқари «Лұғатында» түркі тіл­дерінің жүйесі салыстырмалы-тарихи бағытта алғаш рет зерделеніп, морфо­логиялық құрамы мен лексиколо­гиялық дамуы туралы тұңғыш рет ғылыми анық­тама берілді.

ХХ ғасыр басында Қазақ даласында «Алаш» ұранының дауысы ұлы даланы шын мәнісінде жаңғыртты. Бұл дауыс мың жылдық тарихы бар далалық өркениеттің ізін анықтап, танытып, танып, сол арқылы оянуға шақырды. Оянудың басты жолы – білім жолы, ғылым жолы, мәдениет жолы екені ұсынылды. «Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жал­ғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбір­шік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмса­ла­ды. Мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл сөздің аяғына жалғау қо­сылып өзгерілетін тіл, мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл сөз түбірімен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түрік тілінің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей, аяғына жалғау қосып өзгеріледі, деп қазақ тілі­нің әлем тілдеріндегі орнын анықтаған Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің қол­даныстағы әдеби тіл екенін барынша ғылыми негіздеп, тұңғыш рет қазақ тілін – зерттеу нысаны ретінде ұсынды. Яғни А.Байтұрсынұлы зерттеулері арқылы қазақ тілінің тілдік деректері жалғамалы түрік тілдерінің бірі ретінде ғылыми айналысқа түсті. Бұлай деуіміздің мәні тереңде. Ауызекі сөйлеу тілі барынша дамыған деп танығанымызбен, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулеріне дейін, қазақ тілінің ғылыми жүйесі, грамматикалық құрылымының негізі, қалыптасқан басты заңдылықтары мен қағидалары ашыл­мағаны, өзіндік ерекшелігі мен белгілері сараланбағаны анық еді. Ахмет еңбектері негізінде әлем қазақ тілінің басты дыбыс­тық ерекшелігімен, грамматикалық құры­лымындағы заңдылықтарымен, мор­фологиялық құрамымен, лексикалық бас­ты құндылықтарымен, орфографиялық сипатымен танысты десек артық болмас. Қазақ тілінің басты грамматикалық ерекшеліктерін жазу үшін ғылыми стильде таныту үшін ғылыми метатіл керек еді. Ал қазақ тілінде мұндай метатіл жасалмағаны былай тұрсын, нақты ғылыми деректерді танытатын терім сөз де болмағаны рас еді. Қазақтың жалпақ сөзінен пән сөздерін саралап алып, оның ғылыми негізін, уәжін таңдап, талдап, саралап алу да – Ахмет зерттеулеріне тән. Ең бастысы, үш нәрсені ерекше бөліп көрсетеміз:

1) Ахмет зерттеуі арқылы қазақ тілі – тіл ғылымының зерттеу нысанына айналды; 2) Ахмет зерттеулерінің нәтижесінде қазақ тілі білімінің ғылыми метатілі жасалды; 3) ұлттық діл мен дүниетанымға негізделген ұлттық терім сөз (пән сөздер) жүйесі жасалды.

«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», дейді А.Байтұрсынұлы. Яғни біріншіден тіл – адамның адамдық белгісі; екіншіден сол белгінің ішіндегі зоры; үшіншіден, жұмсайтын қаруының бірі. Қарапайым сөзбен өрнектелген бұл ғылыми ақиқат­ты біз В. фон Гумбольдт идеяларымен байланыстырар едік. Бәрімізге белгілісі, Гумбольдт ілімі тіл ғылымына үзілмей­тін энергия әкелді. Жалпы тіл білімі мен тіл философиясының негізін қалаушы В. фон Гумбольдтың философиялық, лингвистикалық зерттеулері негізінде түзіл­ген ғылыми көзқарастары мен тіл зерт­теу тәсілдерінің жиынтығы – АДАМ идеясы екені белгілі. Гумбольдт тео­риялық әдіснамалық негізіне тілді зерт­теудің антропологиялық ұстанымы алынған. Осыған сәйкес тілді зерттеу адам­ның ой-санасымен, ойлау қабілетімен, мәдениетімен және рухани өмірімен тығыз байланысты болуы қажет деп есептеуі арқылы еуропалық лингвистика ғылымын алға оздырды. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-Құралда» «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», дейді. Далалық дүниетанымда тіл туралы ой оздырған тағылымды ойлар мол. Алайда Ахмет әлемдік ойға ат ізін бұрып, адам баласының басты белгісі – тіл және оның ең зоры екенін алға тартады. Ахметтік ілімнің антропологиялық ұстанымы терең. Екіншіден, тіл – жұм­сайтын қару. Қару болғанда да қарым-қатынас құралы. Ғалым оқулықтарының «Тіл – құрал» аталуының да маңызын осыдан деп түсінеміз. Адам баласының қоғамда өмір сүруінің басты кілті де, сыры да – тілде. Бұл ілім Гердердің тіл табиғаты мен шығу тегінің, тіл мен ойдың, ой мен «халық рухының» байланысы туралы идеяларына, сонымен қатар Шлегелейдің тілдердің типологиялық (морфологиялық) жүйесі теориясына жақын келеді деуге толық негіз бар. Ахмет те «Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз жазу заманы: жазумен сөйлесу – ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», деп жазады. Адамды адам ететін күш – тіл. Адам өзінің тілдік қабілетін оята отырып, басқалармен тілдік қарым-қатынас жасау барысында, әр кезде өз күшімен өз тілін жасайды. Тіл – өлі жеміс емес, тудырушы процесс, өзі де туынды. Гумбольдтың пікірінше, тіл – адам рухының қызметі, адам жанының тереңінен шығып, оның бүкіл болмысына тарайтын халықтық қуат. Тіл – аяқталған іс не зат емес, ол – қызмет. Тілде рухани өмірдің нәтижелері ғана емес, өмірдің өзі көрініс табады. Ал Ахмет үшін «сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу», «жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу» маңыз­ды. «Қай сөз қандай орында қалай өзге­ріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатындай дағдысын білу» маңызды. Бұл қазақ ұлтының сөйлеу тілінің шешен де көсем болуына деген кірпияз көзқарасы да. Тілдің шынайы анықтамасы тек генетикалық анықтама болуы мүмкін. Тіл – адамның бүкіл іс-әрекетінің негізі болатын адам рухының ең басты қызметі. Тілді халық дүниетанымының айнасына балаған Ахмет Байтұрсынұлы «халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жыл­дап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәм халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады», деп жазады.

Ал тілдің дүниеге келуі, Гумбольдтың пікірінше, ұғым мен дыбыстың тұтас­тығынан шығатын, дыбысты ойдың тірі көрінісіне айналдыратын жиынтық үде­ріске байланысты болады. Синтездің өзі екі логикалық жүйелі байланысы бар кезеңнен тұрады: 1) тұлғаланбаған дыбыс пен ойды бөліп қарастыру, айтылатын дыбыс пен тілдік ұғымды қалыптастыру; 2) осы екеуін тұтас бірлікке айналдыру. Тілдік жасалу және туындау ұғымдарымен тығыз байланысты тағы бір ұғым бар, ол – тілдік тұлға туралы ұғым. Гумбольдтың ойынша, тілдік тұлға – рухани бірліктегі жеке тіл бөліктерінің жиынтығы. Кез келген тілдің тұлғасы – сол тілде сөйлеуші адам­дардың рухани қасиеттерімен байланыста болатын қайталанбайтын жаратылыс. Гумбольдт «ішкі» және «сыртқы» тілдік тұлғаны бөліп қарастырды. «Ішкі тілдік тұлғаның» туындауы түбегейлі қағидаттарға байланысты болғандықтан, тіл құрылымының бүкіл ерекшеліктерін айқындайды, ал сыртқы тұлға – (дыбыс, грамматика) ішкі тұлғаның көрінісі. Гумбольдтық осы ой ұшқыны Ахметте қазақ тілі деректері арқылы нақтыланып, жаңаша өріледі. Өзі жаңадан жазып отыр­ған «Тіл құралдың» бастапқыда қа­зақы танымға таң болып көрінетінін, біраз жатырқау да болатынын, «өйткені бұл қазақта бұрын болмаған зат екенін» тап баса тани келе, ең бірінші – сөйлеу мен сөйлемді айыру, сөз бен сөздің буы­нын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыруды аса маңызды санайды. Бұл аталған үш мәселе әлемдік тіл теориясындағы аса күрделі де оқшау ғылыми мәселелер. Бұл – тілдің ішкі бірлігі арқылы тұтаса, сабақтаса да салаласа танылатын тұтастық. Бұл – тіл танудағы үлкен ғылыми ойды шоғырландырған, күрделі ілім қалыптастыратын теориялар еді. Ғажабы сол, Ахмет Гумбольдтың «ішкі» және «сыртқы» деген қағидасын да өзіндік жүйемен қолдана білген. Мәні – ортақ, идеясы – бір, қолданысы – ерекше. Қазақ сөзіне жалғанатын қосымшалар­­дың беретін ішкі мағынасына қарай «бірі сөз­дің тұлғасын өзгертсе де, ішкі мағына­сын өзгертпейді, екіншісі сөздің тұлға­сын да, мағынасын да өзгертеді. Сондық­тан бастапқысы тысқарғы, соңғысы ішкергі жалғау деп аталады. Яки, екі ғалымның да айтпағы сыртқы тұлға – дыбыс, грам­матикалық мағына, ішкі тұлға – сөздің ішкі мағынасы, сөздің ішкі болмысындағы мән. «Екі түрлі жалғаудың тысқарғысы сөйлегенде, жазғанда сөздерді бір-біріне қиындастырып тізу үшін қажет, ішкергісі бір мағыналы сөзден екінші мағыналы сөз шығарып, сөзден сөз туғызып, көбейтіп, тілді байыту үшін қажет».

 

Пікір жазу