Сайрам ауданы, Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан «Green school» инновациялық жайлы мектебінде мектеп басшылығының ұйымдастыруымен «Білім көрмесі» өтті.
Көрме мақсаты: оқушылардың алған теориялық білімін іс-тәжірибеде қолдана алу дағдысын көтеріп, білім мен ғылымға деген махаббатын ашу, жас ғалымдар мен өнертапқыштарды тәрбиелеу.
Көрмеге 1-11 сынып оқушылары толық қатыстырылып, физика, математика, логика, информатика, BILIM.IQ, химия, биология, география, қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, орыс тілі, кәсіби бағдар, қаржылық сауаттылық, психология, бастауыш сынып пәндерінен жобалар жасады.
«Білім көрмесі» 8 сынып оқушыларының жасаған ракетасын аспанға ұшырумен бастау алды.
Көрмеге аталған мектептің физика пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен 4 ракета жасап шығарылды. Оқушылардың өз қолымен жасаған ракетасы ешқандай газсыз, бензинсіз тек су мен ауаның көмегімен ғана аспанға қалықтап ұшып, 50 метр биіктікті бағындырды. Әрі қарай көрме тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен ұлттық спортымыздың бірі – садақ атумен жалғасты. Физика пәні бойынша Абишев Жанагер «Электр құбылыстары» тақырыбында магнит өрісінің күш сызықтары тәжірибелік жұмысын және батареяға қосылған электржелдеткішін көпшілік алдында қорғап, ұсынды.
7 сыныптар «Моторсыз машинаны ұзақ қашықтыққа жүргізу» мақсатында өз жобаларын қонақтарға көрсету арқылы физика пәнінің ғылымға негізделген тәжірибелік пән екендігін дәлелдеп берді. Икрам Асылжан ауа қысымы арқылы жұмыс жасайтын су зымырандарының жұмыс жасау принципін түсіндірсе, Жұмалы Ерасыл өзінің медициналық шприцтермен жұмыс жасайтын «Гидравликалық эксковаторын» таныстырды. Керімбек Ұлдана мен Құлынбет Алина су бөтелкелерінен жасалған «Герон субұрқағының» макетін көрсетті.
Білім көрмесінде математика пәні бойынша Жұмабек Жұлдыз бен Үсен Сабина өздері жасаған «Фигуралар» атты еңбегін жұрт назарына ұсынды. Амантай Жалғас және Ақнияз Һабиб өздерінің «Цилиндірлік тоқ көзін жинау» еңбегімен, керемет идеясымен келген адамдарды тәнті етті.
Химия пәні бойынша 7 сынып оқушылары Әскер Нұрәлі мен Орынбасар Абубәкір «Көмір қышқыл газының бөлінуі», 8 сынып оқушылары Байдалы Қасымхан мен Ержанұлы Рамазан «Химиялық жыландар» және «Жасанды бу» атты демонстрациялық тәжірибелер көрсетті. Бұл тәжірибелер оқушылардың химияға деген қызығушылығын күшейтті. 8 сынып оқушылары Байбол Гулдана мен Артық Тоғжан «Ньютондық емес ерітінді», 9 сынып оқушылары Ахмедиярова Жаңылсын мен Смаил Хадиша «Вулкандық лава», 10 сынып оқушылары Аманбай Пернехан мен Сейман Бақнұр «Үй жағдайында қышқылдық ортаны анықтау» және «Отты көпіршік», 11 сынып оқушылары Усипова Зейнеп пен Олжабек Нұрдана «Оттек газын алу» атты химиялық тәжірибелер көрсетті. Әр түрлі тәжірибелік жұмыстар оқушылардың химия ғылымына деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жасалынды.
Биология пәні бойынша Төребек Кәусар және Салимбай Алуа «Табиғи экожүйе, Су айналымы», Дүйсенбай Инабат және Бермаханбет Жаннұр «Қан қысымын өлшеу», Ташқара Алмат «Газды сусындардағы қант мөлшері», Сұлтанәлі Әбілқасым, Өтей Шыңғыс «Жүректің құрылысы», Ембай Мұхамедияр мен Рысбаев Нурмухаммед «Асқорыту механизмі», Жандарбек Жанерке «Салауатты өмір салты» ( Бой мен салмақ реттілігі), Мустахим Абубакир және Алдамберген Шаттық «Өсімдіктердегі ксилема және флоема қабаттары» атты жобаларын қорғады.
География пәні бойынша Дербис Рамазан «Жанартаудың атқылауы» атты ғылыми жобасын қорғады.
Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәндерінен Төлепбек Шынар инновациялық технологияларды пайдаланып ұлт зиялылары жайлы мәлімет беретін QR кодын көпшілікке ұсынды, ал Усенбаева Айман алғаш жылқыны қолға үйретуші Ботайлықтардың тұрғын үйінің 7 бөліктен тұратындығын кішірейтілген макеті арқылы түсіндірді. Мұсахан Нұршуақ пен Жайлаубай Әділет қазақтың ұлттық киімдерінің сипаты мен шығу тарихы, олардың пайдасы мен ерекшеліктерін көрсетіп, баяндады. 11 сынып оқушысы Қабыл Ғазиза дүние жүзі тарихынан Ұлы Рим империясының тарихы, архитектурасы мен технологиясы жайлы ретроспективті фото-суреттерін көрсетті.
Қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша Абенова Мереке «Абай өлеңдеріндегі жүрек түрлері», Жақыпбек Айбек «Қазақ танымындағы жылқы малы», Нұрманқұл Сұңқар «Ақ және қара сөздерімен тіркескен фразеологизмдік тіркестер», Алипбеков Құдайберген «Қазақша комикстер арқылы оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын ояту», Кенжебай Нұрсұлтан «Қазақ пен қоңыр», Оспан Аян «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің ерекшелігі» атты тақырыбында ғылыми жобаларын қорғады. Манат Досым мен Қаратай Балым Міржақып Дулатовтың өмірі мен шығармашылығын qr кодты буклеттермен таныстырды. Алмасұлы Темірлан мен Құдайберген Алихан Ыбырай Алтынсарин туралы кинолента жобасын қорғады.
Ағылшын тілі пәнінен Шертай Айжан мен Сұлтанғалиұлы Асқар “Peculiarities of British, American and Australian English”, Қуатбек Амина мен Керімбай Дилназ “False friends”, Қайсар Кәусар “Big Ben” атты тақырыптарда ғылыми жобаларын қорғады.
Орыс тілі пәні бойынша Алтынбек Зухра «О чем рассказывает почерк?», Александр Айя «Интернет-мемы в изучении русского языка» атты ғылыми жобаларын қорғады.
Психология бойынша АРТ-терапия, нейрожаттығулар, «Өзіңді таны» атты психологиялық тест, адам бойындағы интуицияның қаншалықты деңгейде жұмыс жасайтынын анықтауға арналған тесттер жинағы жүргізілді.
Білім көрмесіне бастауыш сынып оқушылары да белсене қатысты. Олар табиғи материалдардың көмегімен «Алтын күз», «Күз – береке», «Қазақ ауылы», «Green school – менің мектебім» тақырыбындағы композициялар, математика-логикалық тапсырмалар, адам ағзасы макетін және үй жағдайында пластелин дайындау жобаларын көрсетті.