Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

Өнегелі ұстаздар шәкірттеріне әрқашан әділдіктің, білімділіктің, тазалықтың дәнін егеді, ізгілікке баулиды. Ұстаз болашақтың алтын көпірі, тірегі мен жүрегі екені алашқа аян. Ұрпақтың ұлы болуы, заман талабымен білім арнасына қосылып, өмір белесін бағындыру- тікелей ұлағатты ұстазбен ұштасып сабақтасатыны белгілі. Шәкіртті қия-шыңға шарықтататын да, білімнің қайнар көзімен сусындатып, жастардың ұшқыр ойына ұтымды сөз қосатын да – ұлы ұстаз.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жол – бекемдік пен білімділікті қажет ететін даңғыл жол. Мұғалім саналы шәкіртті ұядан баптап ұшыру үшін – терең тарих пен кемел келешекті ойлап, санамен таразылап білім бергені абзал. Осындай өнегелі ұстаздардың бірі – Сауран ауданы, Бабайқорған округі, «Бабайқорған» жалпы орта мектебінде 17 жылдан бері ұстаздық қызметін атқарып келе жатқан қазақ-тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлмира Зубайраева. Гүлмира апай 2005 жылы Түркістан қаласында қазақ-өзбек инженерлік гуманитарлық және техникалық университетін тәмамдаған. Гүлмира апайымыздың ұстаздық жолында жетістіктері де аз емес.

Білім беру саласында жас жеткіншектердің тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, қоғамдық жұмыстарда үздік жетістіктерге жетіп, өз қызметін жоғары деңгейде атқарып келгені үшін «Дарабоз» II Республикалық байқауында үздік шәкірт дайындағаны үшін алғыс хат, «Qurmet-AB» Қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығынан «Ұлы дала ұландары» атты республикалық энциклопедиясына атсалысқаны үшін алғыс хаты және көшбасшы оқу-әдістемелік орталығының сертификаты, республикалық «Үздік мұғалімнің үздік сабағы» сертификаты, «М.Балақаев оқулары, Білім, ғылым және өндірісті интеграциялау концепциясы» секілді жеткен жетістіктері мен мадақтамалары бар.

«Біз ұстаздар қауымы жан жақты болуымыз қажет. Оқушылардың екінші анасымыз. Орыстың ұлы педагогы, педагогика ғылымының және орыс халық мектебінің негізін қалаушы К.Д.Ушинский айтқандай мұғалім тек өз пәнінен сабақ беріп қана қоймауы керек, сонымен қатар тәрбиеші, адал, әділетті, шыншыл адам болуы керек. Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат болып табылады. Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады. Қазіргі заман талабына сай әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талабқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса сабақ мәнді де, қонымды өтеді. Болашақта өркениетті елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Сол білімді біз ұстаздар баланың бойына сіңіріп өсіруіміз қажет», – деп есептейді ұстазымыз.

Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт.

«Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», демекші ұстаздар әрбір оқушыны шабыттандыра алуы керек. Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болу керек. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі болады. Мұғалім ұғымының өзі өзгеге үлгі болуға үйретеді. Мұғалім тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеу керек. Топтан бөлек, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс жасау басты талап. Өйткені, әркімнің қабілеті әртүрлі. Ал, топтық жұмыс кезінде бірін кем, бірін артық көрмегені абзал дей ойлаймын», – дейді.

Бүгінгі таңда мұғалімдерге тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Мұғалім өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса сол ортада көшбасшы бола білу керек. Қоғамды соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны жөн. Көштің басын бастау әрине қиын, дегенмен бұл жаңа дамыған дәуірдің талабы. ХХІ ғасырдың кез келген адам баласына қояр талабы осы. Дегенмен әрбір адамға қалам ұстатып, әріп үйретуші мұғалімнің әмбебап болуы әлдеқайда маңыздырақ.

«Мектеп-жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін мекеме, білім беру жүйесінің негізгі буыны. Бабайқорған жалпы орта мектебінің директоры Асқар Бекжанов пен оқу ісі меңгерушісі Гаухар Бабаева бастаған ұжымда білікті де білімді мамандар жұмыс атқарады. Бұл мектепте қазіргі таңда 654 оқушы білім алып жатыр. Өнер, спорт және интеллектуалды орталықтарда өткен олимпиадалардан жүлде алған оқушылардың жетістіктері жетерлік. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген жастарда аз емес.

Оқушылардың арасында белсенділік танытып жүрген 11 сынып оқушысы, жас ақын Рахман Асет. Өзінің өлең шумақтарын шығарып, өлең оқудан облыстық деңгейдегі байқауларда бақ сынап жүр. Оның «Арнау» деп аталатын өлең жолдары жазылған кітабы да шығып үлгерген. Сонымен қатар, ауданаралық жарыстардан жүлделі орын алып, облыстық байқауларға қатысып жүрген 10 сынып оқушыларынан құралған «Асыл» би тобы бар. Ауыл мектебі спорттан да қапы қалмаған. Көкпардан облыстық жарыстарға қатысып, бірінші орын алып жүрген 11 сынып оқушысы Нұргелді Лесбек деген спортшы жігітіміз бар. Еліміз бойынша ең үздік көкпаршы атанды. Сондай-ақ, асық атудан 8 сынып оқушысы Айдын Утеген деген оқушымыз екі жыл қатарынан Сауран ауданы бойынша екінші орынды жеңіп алды», – дейді Гүлмира апай.

Ұстаз – мектеп тұлғасы, шәкірт – өмір жалғасы, демекші бүкіл ғұмырын жас ұрпаққа білім беріп, келешегіне бағыт-бағдар беріп жүрген Гүлмира ұстазымыз шәкірттерінің білімін, қабілетін жоғары бағалайды. Білімді де, білікті, ел басқаратын шәкірттеріңіз көп болғай! Шәкірттеріңіздің бойына ұялатқан тәрбиеңіз бен таусылмас біліміңіз өз нәтижесін бергей. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде.

Ш.ҒАЙБУЛЛА.

Пікір жазу