Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АРДАГЕР ҰСТАЗ

АРДАГЕР ҰСТАЗ

Ұстаз… Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымнаақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз — өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне бел буған періште.Ұстаз — бұл қасиетті мамандық иесі, менің арманым бойынша, өте қайырымды, ешкіммен ешқашан сөзге келмейтін, сабақ барысында оқушыға деген қол үшін аямайтын адам…

Ұстаз деген кім? Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам. Ұстаз болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі, ол дәрігер сынды жас түлектердің болашағына жауапты. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Ата-анамыз біз өмірге келген күннен бастап: жүріп-тұруға, оқуға, санауға, жаза білуге, қоғамдық орындарда өзімізді қалай ұстау керек екендігін үйретеді. Алайда ата-ананың үйде берілген тәрбиесі жеткіліксіз, өйткені олар балаға өзінің нәрестесі ретінде қарайды. Ата-анамыздан кейінгі ақылымен бөлісер, ар-ұятты бойғы сіңірер бірде-бір адам болса, ол – ұстаз. Ал мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарайды.

Әр оқушының пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі. Егер оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылық болса, ол сабақтың қаншалықты қызық болғанымен де баланың оны білуіне құлқы болмайды, сабақты оқығысы да келмейді. Мұғалімдер өз елінің жас болашағына тәлім-тәрбие береді, бұдан тек қана баланың өмірі қалыптаспайды, сонымен қатар бұл ұлттың, елдің қоғамы қалыптасады. Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына үлкен әсер етеді.

…Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.

Бүгінгі мақаланың кейіпкері саналы өмірінің 40 жылын ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі қызмет еткен ұстаздардың бірі – Мавлуда Абуталипқызы туралы болмақ.

Мавлуда Абуталипқызы Исмаилова 1950 жылы 7 қарашада Шорнақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Абуталип Исмаилов 50 жыл білім саласының дамуы жолында еңбек етіп, Т.Айтжанов атындағы (бұрынғы Фрунзе) мектебінің директоры, директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарған.

Мавлуда Абуталипқызы әкесінің ұстаздық жолын таңдап, Ташкенттегі Низами атындағы педагогика университетін бітірісімен әкесі еңбек еткен Тұрсынхан Айтжанов атындағы мектепте 1967 жылдан бастап биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарыпты. Иә, «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, өзі он жыл білім алған білім ошағында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан. Алғашқы жылдары бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарса, кейіннен өзінің мамандығы биология пәнінен сабақ берген. Өмірлік жолдасы Батыр Ғұламов 1944 жылдың тумасы, колхозда ветврач кейін мақта бригадирі қызметін атқарған.

Мавлуда Абуталипқызы құдай қосқан қосағы Батыр Ғұламов екеуі 4 ұл мен 2 қызды дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген мерейлі отбасы иелері. Тұла бойы тұңғыштары Шәукат (1970 ж.) 45 жасында өмірден озыпты. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде артында қалған 2 ұлы мен бір қызы жетіліп, өсіп-өніп отыр. Одан кейін қыздан үлкені Сайра (1972 ж.) Ташкентте шет тілдері университетін бітіріп, қазіргі таңда Америкада өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Екінші қызы Рысжан (1973 ж.) Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық университетті бітіріп, бүгінде білім саласында еңбек етеді. Көп балалы ана.

Одан кейінгі ұлы Фархад (1976 ж.) жеке кәсіпкер, жеке шаруа қожалығы бар. Егін шаруашылығымен, диқаншылықпен айналысады. Кенжелері – егіз ұлдары Тайыржан мен Зайыржан (1981 ж.) екеуі де жеке кәсіпкерлер. Тайыржан отбасымен Алматы қаласында, ал, Зайыржан Ташкентте тұрады. Екеуінің де жиһаз цехтары бар.

Жақсы жолға түскен арбаның алдыңғы дөңгелегінің кейінгіге әсеріндей, үйелмелі-сүйелмелі бір үйдің балаларының бірінің артынан бірі білім қуып, талаптанып, ізденіп, әділдік пен адалдықтың қазығына байланып, үлкен арман жолымен жүріп келе жатқандығы мерейді тасытады. Мавлуда апаның ұл-қыздары білім саласында, жеке кәсіпкерлікте ел игілігі жолында үлкен абыроймен еңбек етуде.

Бүгінде осынау ұл-қыздарынан 21 немере, 7 шөбере сүйіп отырған Мавлуда Абуталипқызы мен Батыр Ғұламов бақытты қариялардың бірі әрі бірегейі болып отырған жайлары бар.

Осы орайда, егіз ұлдарының бір жерде жүрмей, екі елде еңбек етіп жатқандары туралы қойған сауалымызға Мавлуда апа:

Мен уәде беріп, сол уәдемді орындаған жанмын. Зайыржанға келінді Ташкенттен алдым. Құда-құдағиымның жалғыз қызы. Егіз ұлдарымның тойын бірге өткіздім. Сонда жалғыз қыздарын қимай тұрған құдаларыма қарап мен: «Бір үйім Ташкентте болады. Құдайқаласа балам осы жерде еңбек ететін болады» деп айтқан едім. Сол сөзімді періштелер әумин деген екен. Сол жақтан жұ-мыс шығып, бүгінде жекекәсіпкер болып еңбек етуде. Сауданың арқасында егіз ұлдарым екі жаққа барып жайғасты. Екеуі де үйлі-жайлы. Өз қатарларының алды деп ойлаймын. Еліміз аман, заман тыныш болсын. Артымда қалсын бәрі, – деп жауап берген апаға ене мен келін қарым-қатынасы жайлы сауалымызды қоя отырдық.

– Мавлуда апа, келін болып түскен қайын жұртыңыз жайлы айта отырсаңыз?

– Алғаш келін болып түскенімде үйде екі енем бар еді. Енемнің туған абысыны да біздің үйде тұратын. Екі ене, қайынатам, бір қайын ағам, бір қайным, екі қайын сіңліммен бірге 12 жыл бірге тұрдық. Қайынатам да, өзімнің туған әкемде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, екеуінің де орден, медальдары көп болатын.

Жастай келін болдым. Мен үйде сиыр саумағанмын. Мұнда келін болып түскенімде үйде 2-3 сиыр болды. Сол сиырларды сауып үйрендім. Екі енемнен үйренгендерім көп болды. Білмегенімді екі енем үйретті.Адамның жүрген ортасы да тәрбиелейді екен. Мектеп ұжымы да мені тәрбиеледі деп айтсам болады. Пендеміз ғой. Кейде келіндер қайын жұртын жамандайды. Сонда біздің ұжымдағы кейбір апайлар: «Неге сіз атаңыз бен енеңізді жамандамайсыз? – дейтін еді. Мен оларға: «Менің қайынатам мен енем жаман емес, жақсы жандар. Өзіме жақсы», – деп ешқашан жамандаған емеспін. Өйткені, үй болатын адам жамандамайды. Мен ата-енелерімнің ақ батасын алған адаммын. Құдайқаласа біреуден алды, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Аллақаласа ұл-қыздарымның рахатын көріп жатырмын. Өйткені, ата-ананың көрер рахаты – ұлдары мен қыздары өзімен өзі тыныш өмір сүрсе, өз күндерін өздері көріп отырса сол екен рахаты дегеніміз. Мен өзім осылай ойлаймын. Тілегіміз оң болсын.

Т.Айтжанов атындағы мектеп қазақ-өзбек аралас мектеп. Менің қазақ сыныбында еңбек ететін достарым өте көп. Былтырғы жылы 70 жылдық мерейтойымды үйде өткіздім. Сонда достарым әрі әріптестерім – қазақ сыныбының мұғалімдері көп келді. Сонда соны көрген құда-құдағиларым: «Барлық қазақ сені жақсы көреді екен. Достарың қазақ екен», – деп қайран қалғаны бар. Барлығы: «Сені қатты сыйлайды, құрметтейді», – екен деді. «Мен оларды қатты сыйлаймын, құрметтеймін» деп жауап бердім оларға. Осы ынтымақ-бірлігіміз нығайып, арта берсін. Қазақ мектебінде жұмыс істегендіктен қазақ тілінде сауатты жазамын. Сонымен қатар, қазақ тілінде таза акцентсіз сөйлейтінмін.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, тілім өзбекшеге кетіп қалып жатыр. Әйтпесе, мектепте жүргенімде қазақ тілінде таза сөйлейтінмін. Маған ешкім қазақша үйреткен емес. Бірақ, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді жастығымның астына қойып, көп оқитынмын. Білмеймін, жаныма жақын болды. Бір күні қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қазақ тілінде жазылған кітабын оқып отырып, әкемнен: «қаралы сұлу» сөзінің мағынасын сұрағанмын. Жетінші сыныпта оқитын кезім. Сонда әкем: «Әй қарағым-ай сен де қайдағыны тауып аласың. Қаралы сұлу деп өмірде жесір қалған әйелді айтады, – деп түсіндірген болатын. Сол әдеби кітаптарды көп оқығандықтан ба әйтеуір, қазақ тілінде сауатты жазып, оқитын болдым.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

жалғасы бар…

Пікір жазу