Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан

Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.

«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.

Қазіргі жастардың көпшілігі кітап оқымайды. Үйдегі немерелеріме: «кітап оқыңдар» деп айтып отырамын. Өйткені, кітап – тіл байлығы. Дүние танымын күшейтеді. Сонымен қатар, қазақ тілінде ән айтқанды да жақсы көремін. Әсіресе, ұлы ақын Абайдың әндерін жақсы айтамын. Шәмші Қалдаяқовтың әндері адамды өзіне тартып тұрады. Тыңдай бергің келеді. Әсіресе, «Цыган серенадасы» әнін қосылып айтып отырамын. Сондай-ақ, Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әнін де сүйіп тыңдаймын. Қарашаңырақтағы Фархад ұлымның келіншегі Гүлнар келінім қазақтың қызы. Біз Гүли деп атаймыз. Келінім екеуміздің қазақша сөйлесіп, пікірлесіп отыратын кездеріміз жиі болады, – дейді Мавлуда апа.

– Мавлуда апа үйлеріңіздің ауласына кіргеннен жайнап тұрған гүлдерді көрдік. Оларды кім өсіреді? Өзіңіз ба, әлде келініңіз бе?

– Бұрын гүлдерді үйде өсіретінбіз. Үйдің іші жағалай гүлдер толы болатын. Қазір енді далада парникте өсіріп жатырмыз. Мен биолог маманы болғандықтан гүлдердің қыр-сырына үңіліп, көп жылдан бері гүлдің қаншама түрін өсіріп келемін. Былтыр пандемия кезінде қатты ауырдым. Сонда дәрігерлер: «кислород алыңыз», – деді. «Кислород менің ауылымда, үйімде көп» деп айттым. Үйге келгеннен соң бақшаның ішінде таза ауада көп жүріп, тез сауығып кеттім.

– Биологиядан сабақ берген кезіңізде осы өсірген гүлдеріңізден теориялық тәжірибе көрсетіп, оқушылардың осы пәнге деген қызығушылықтарын аша алдыңыз ба?

-Биологиядан сабақ өткен кезде ботаникадан, зоологиядан, анатомиядан, жалпы биологиядан қамтып, залда ашық сабақтар өткізгенмін. Ата-аналар қатысып отыратын. Сонда ата-аналар: «биология деген пән ашылыпты» деп айтыпты. Бұл, сірә, бұрын биология пәнінің ашық сабағына қатыспағандықтан болған пікір, – деп ойлаймын. Сонда «Балықтар әлеміне жұмбақ саяхат» атты ашық сабақ өткіздім. Ашық сабаққа қатысқан ата-аналар мен ұстаздарды, оқушыларды түрлі сахналық көріністермен, көрнекі құралдармен балық әлеміне саяхат жасатқанмын. Бір сағат емес, 2-3 сағатқа ұласқан ашық сабақты барлығы ұйып, аяғына дейін көрген болатын.

Анатомиядан сабағыма кірген мұғалімдер: Мавлудадан үйренеріміз көп екен» деп айтып отыратын. Сонда өзбек тілі, қазақ тілі, орыс тілі үшеуіне анаграммалар түзіп, кроссвордтар құрып, «Ас қорыту жүйесі» тақырыбында сабақ өткенмін. Осындай бағыттағы ашық сабақтарды көп өткізетінмін. Оқушылардың оқуға, әсіресе биология пәніне деген құштарлықтарын аша алдым деп айта аламын. Қазіргі таңда мұндай ашық сабақтарды өткізіп жатқан мұғалімдерді көрмедім. Осыған қарным ашады.

– Мавлуда апа мектеп өмірінен есіңізде қалған оқиғаны айтып берсеңіз? Жаныңызға батқан оқиға болды ма?

– Бастауышта оқу ісінің меңгерушісі болып істедім деп айтып өттім әлгінде. Сол уақытта киім киісі, жүріс-тұрысы нағыз педагогқа лайық мұғалім бар болатын. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Бірде маған мектеп директоры бастауыш сыныптардың соның ішінде 4-сыныптың мұғалімдері математикадан сабақты қалай өткізіп жатқанын тексеруді тапсырды. Төртінші сыныптардың сабақтарына бірінен кейін біріне кіріп жатырмын. Соның ішінде мен өзім киім киісіне, жүріс-тұрысына қызығып жүретін мұғалім сабақты мүлде өткізе алмады. Төртінші сыныпқа «Өлшем бірлігі» тақырыбындағы сабақты жоспарлаған екен. «Сіз артқы партаға барып отырыңыз, мен өтейін сабақты», – деп, оқушыларға апайларының сәл мазасы болмай тұрғанын айттым. Не керек, сол күнгі сабақты мен өткіздім. Сабақ біткен соң ол мұғалімге: «Ертең әбден дайындалып келіңіз. Дайындалып келген сабағыңызға кірейін» дедім. Ертесіне келсем, дайындалған, көзінде жас толы… Бірақ сабақты қалай өткізуді білмейді. Бұл күні де сабақты мен өткіздім.  Амал жоқ, мектеп директорына айтуға тура келді. «Мына қыз сабақты мүлде өткізе алмайды. Басқа сабақты берсе берсін, математикадан сабақ беруге басқа мұғалімді қоюымыз керек. Балалардың барлығы сауатсыз», – деп айттым.

Мектеп директоры: «Сабағына өзім кіріп, көрейін», – деді. Содан мектеп директоры екеуміз тағы кірдік сабағына. Сабақты дұрыс түсіндірмейді. Айтқанының бәрі қате. Содан мектеп ұжымының талқысына салдық. Сонда: «Айналайын, мен саған қызығып қарап жүретінмін. Бірақ, соншама ата-ана саған балаларын сеніп тапсырып отырғанда оларға математика пәнінен үйретуің керек. Мен саған өкпелемеймін. Сенің ұстазыңа өкпелеймін. Өйткені, сенің фундаментің, қаланған кірпішің жоқ. Егер ренжімесең математика сабағын басқа мұғалімге беру керек», – дедім. Еңіреп жылады. Сол кездері енесі де ауырып жүрген болатын. Кейін енесі көп ауыра бергеннен соң жұмыстан шығып кетті. Оның жұмыстан шығып кеткеніне мен қиналып жүрдім. Кесірім тиіп кетпеді ма? Сол мұғалімнің дұрыс сабақ бере алмағанын бекер айттым ба, – деп. Мектептен мен шығарып жібергендей күй кештім…

Арада көп жылдар өтіп, зейнеткерлікке шыққан кезім болатын. Бір күні кішкентай немеремді жетектеп көшеде жүргенмін. Жанымнан әуенін айқайлатып қойған, іші жастарға толы жеңіл автокөлік өтіп барып, кері қайтып келді. Ішінен бір топ жігіттер шығып, жылы амандасты. «Апай, кешіріңіз, біз сізді танымай қалыппыз. Жүріңіз қайда барасыз апарып тастаймыз», – деді. Солар, сол мұғалімнің сыныбының балалары екен. «Апай сондағы өткен сабағыңыздың бәрі миымызда қалды. Сол 3-4 күн өткізген сабағыңыз, сіздің дауысыңыз миымызда жатталып қалып қойды», – деп айтқанда, өзімнің дұрыс шешім жасағанымды түсіндім, – деген Мавлуда апа: «Шыдамды, сабырлы болсаңдар өмірдегі барлық қиындықты жеңуге болады. Мамандықты жүрек қалауымен таңдаңыздар. Сонда өздеріңіз сүйіп таңдаған мамандықтың майталманы атанасыздар,-деп өмір тәжрибесінен түйген ақыл-кеңесін жеткізді.

Өнегелі ғұмырында қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Мавлуда Абуталипқызы – шәкірттерінің табиғат сұлулығына деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан. Әсіресе, осы іспен айналысу мақсатында көп іс-шаралар тындырғанын әңгімелесу барысында көзіміз жетті. Табиғатқа енжар қарамаған жан тірі табиғатқа сүйіспеншілік танытып, гүл өсіру, тал егу, жерді көгалдандыру жұмыстарымен айналысуға жас жеткіншектерді тәрбиеледі. «Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Мавлуда апаның да шәкірттері бүгінгі күнде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде.

Бүгінгі күнге дейін бау-бақша егіп, ағаштар мен гүлдердің түрлерін өсіріп, немерелеріне білгенін үйретуде.

«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам-бақытты», – деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Мавлуда Абуталипқызы – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже, ұлағатты ардагер ұстаз.

Жан жағы ұрпағымен жайқалып отырған Мавлуда апамызға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.

Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу