Азаматтық белсенді Валерий Карпусевич Алматыдағы психиатрия орталығына тексеруге жіберілді. Полиция «бұл – тергеу барысындағы қажеттілік» десе, әйелі «қоғамдық белсенділігі үшін қысым жасау» деп санайды.
Астаналық азаматтық белсенді Валерий Карпусевичтің желтоқсанның 10-ынан бері Алматыдағы Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығында тексеруден өтіп жатқаны белгілі болды.
«Желтоқсанның 8-і күні Сәтпаев қаласында қоғамдық істермен шұғылданып жүрген Валерий Геннадиевичті (Карпусевичті – ред.) полиция Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің сұрауы бойынша ұстап, Шымкентке жіберген. Онда өткен сот белсендінің жүйке жүйесінде қандай да бір ауытқу бар-жоғын анықтау үшін Алматыдағы психиатрия орталығына жіберген. Желтоқсанның 10-ынан бастап ол сонда жатыр» деп хабарлады Азаттыққа оның әйелі Елена Прейзнер жұма күні.
«АЛАЯҚТЫҚ» БАБЫ
Желтоқсанның 20-ы күні Азаттыққа түсініктеме берген Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің подполковнигі Нұрлан Асқаров Валерий Карпусевичке қатысты екі қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Қылмыстық кодекстің 177-бабы (алаяқтық) бойынша 2011 жылы, одан кейін 2013 жылы екі бірдей іс қозғалған. Соның негізінде тергеу жүріп жатыр. Ол Алматыда жүйке ауруына шалдыққандар есебінде тұрады. Шымкетте сот-психиатриялық сараптама тағайындап едік, біздегі эксперттер «біз анықтап бере алмаймыз» деген соң Алматыға жібердік. Шымкенттегі Еңбекші ауданы сотының қаулысының негізінде еріксіз түрде Алматыға жібердік» деді Асқаров.
Полиция өкілінің сөзінше, Карпусевичтің атына Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылының «оншақты» тұрғынынан «өздеріне ақша алып, қайтармағаны» туралы арыз түскен.
«Қазір екі іс біріктіріліп тергеу өтіп жатыр. Шамамен бір аға созылатын сараптамадан кейін іс сотқа жібереледі» деді тергуші.
Аталған бап бойынша құқық қорғаушы айыпты деп танылса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«ЖАЛҒАН ІС»
Азаматтық белсендінің әйелі полиция өкілінің айтқандарымен келіспейді. Оның сөзінше, Карпусевичке қарсы іс «толығымен қолдан жасалған». Елена Прейзнер күйеуінің 1991 жылдан бері қарапайым азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып келе жатқанына назар аудартады. Оның «полиция, прокуратура және басқа органдардың бассыздығынан зардап шеккендерге» кеңес беріп келгенін айтады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Валерийге Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Жаңадәуір және Ғани Мұратбаев ауылдарының тұрғындары көмек сұрап хат жазған. Онда тұрғындар өз ауылдарына бөлінген қаржының өздеріне жетпей қалғаны жайлы айтқан. Соның негізінде Валерий ауылдарға барып, тұрғындардан жауап алып, соның барлығын видеоға түсіріп Астанадағы прокуратура мен президент әкімшілігіне жіберді. Бұл, әрине, оңтүстік қазақстандық құқыққорғау органдарына ұнамаған болуы керек. Себебі содан кейін-ақ, сол ауыл тұрғындарының бірі арыз жазыпты-мыс. Ақыр аяғында сол әйелдің арызының негізінде іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр, – дейді Елена Прейзнер.
47 жастағы азаматтық белсенді Валерий Карпусевич – Алматы тұрғыны, соңғы 8 жыл бойы Астанада тұрып жатыр. Ол әлеуметтік проблемалар көтеріп, ара-тұра жергілікті тұрғындар ұйымдастыратын наразылық шараларына қатысып жүрген.
Соның бірі – Карпусевичтің жетекшілігімен 2009 жылы Астанада бір топ әйел сол кездері қызметінен алынған ҰҚК басшысы Амангелді Шабдарбаевты қолдап өткізген шара туралы Азаттық жазған болатын.
2012 жылы Карпусевич Астанада көп балалы аналардың баспанаға қол жеткізу құқығын қолдап, наразылық акциясына қатысқан.