Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Ауылдағылардың күбісіз күні жоқ…

Ауылдағылардың күбісіз күні жоқ…

Бүгінде ел арасында айран ұйытып, күбі пісетіндер де азайып қалды-ау… Бүгінгі заман – жаңа технологияның заманы. Ауылды жерлерде мұндай жұмыстарды қазір неше түрлі техникамен-ақ атқара беретін болған. Күбілер сұраныстың жоқтығынан көп үйде қаңсып тұр. Ағаштан аспап жасайтын шеберлердің өзі де күбіге арнайы тапсырыс бергендерге жасап бермесе, оны алдын-ала дайындап қоймайтындарын айтады. Өйткені, күбі жасау оңай емес, әрі ұзақ уақыт алады. Мәселен, қайыңнан жасалатын күбіге шикізат бірнеше жыл бұрын дайындалып, кептіріліп қойылуы керек. Қажетті ағаштарды жонып, күбінің пішінін келтірген соң төрт жерден темірмен құрсаулайды. Түбін қалың етіп, ішін қойдың не жылқының майымен майлайды. Қара танымаса да аталарымыздың  майланған ағашқа сұйықтық сіңбейтіндігін білгендігіне еріксіз таң қаласыз.

Дегенмен, күбінің де түр-түрі бар. Қымыз күбі аласа әрі жуан болса, айран күбі жіңішке, биіктеу болады. Жоғарыда бүгінде ауылдағылардың күбінің орнына түрлі техникаларды пайдаланытынын айттық. Алайда, ол техникалар айран күбінің орнын ауыстырса, ауыстыра алатын шығар, бірақ қымыз күбінің орнын ешқашан ауыстыра алмайды. Қымыз күбінің атасы ғашық болып қала береді. Атасы демекші, аталарымыз қымыз күбіні емен, қайың, арша сынды ағаштардан жасаған. Оларды алдын-ала кептіріп, арнайы күбі жасау үшін жылдап дайындаған. Осындай өз ісінің хас шеберлерінің бірі Нұрғали Үсіпов ағамыз Төлеби ауданы, Алатау ауылында тұрады. Ер-тұрман, астау, күбі және басқа да заттарды аса ыждаһаттылықпен жасайтын шебердің қолынан шыққан дүниелерді базардан табу мүмкін емес. Қымыз күбі – ауыл халқы үшін таптырмайтын дүние. Оны осы Нұрекеңдей шеберлерге ғана жасату қажет.

Бүгінде ел ішінде ағаштан ою ойып, темірден түйін түйетін хас шеберлер де азайып бара жатыр. Төлеби ауданында бие байлап, қымыз баптаумен айналысатындар көп. Ауылдағы ағайынның негізгі кіріс көзі де осы қымызға тікелей байланысты. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен саумал ішуге арнайы келетіндердің қарасы көп. Таудағы дәрілік шөптермен қоректенетін биелердің саумалы расында да бал татиды. Сондықтан да «Төлебидің бал қымызы» деп бекер атамаған. Ал, сиыр сүтін айранға айналдырып, одан май, құрт, ірімшік  айыру да – негізгі кәсіптердің бірі. Осы қымыз пісу үшін де, май түсіру үшін де күбінің қызметі орасан. Күбіде піскен қымыздың дәмі тіл үйіреді. Ауылдағылардың күбісіз күні жоқ. Қымыздың бабына келуі де, майдың тез түсуі де күбіге тікелей байланысты. Ауылдағы ағайын Нұрғали шеберге күбіні алдын-ала тапсырыс беріп жасатады. Оның қолынан шыққан күбіні көрмеге қою үшін таяуда Астанадан бір кісілер арнайы келіп, сатып алып кетіпті.

Шебердің айтуынша, күбіні арша ағашынан жасаған дұрыс. Өйткені, арша берік және арасы қаңсымай ұзақ уақытқа жарайды. «Көбіне ондай ағаштар кездесе бермейді, бүгінде кепкен қарағай, қарағаш, емен ағаштарын пайдаланып жүрмін. Көктем, жаз айларында күбіге сұраныс көп болады. Біздің ағайында бір жаман әдет бар, күбіні пайдаланып болған соң қайтып керек болмайтындай болып, қораға тастай салады. Қыс бойы қаңсып тұрып, кейде суыққа ағаш қақ жарылып, жарамай қалады. Сол үшін де күбіні қалай сақтау керектігін сатып алған әрбір тұтынушыға айтып отырамын. Қымыз күбісін киікотымен ыстап, ішін  маймен майлап тұрған абзал» дейді шебер.

Нұрғали ұста ағаштан есік-терезе де жасайды. Бүгінде ол шәкірт тәрбиелеуге ниеттеніп жүр.

А.Жахияқызы.

Пікір жазу