Мақсат-арманы орындалып, жанына жақын, ұнамды мамандықты меңгеріп, отбасын құрып, өмірін жалғастыратын саналы бала-шаға өсіріп, өз ортасына сыйлы, абыройлы болса, артынан жақсы сөз ерсе – ол кемеліне жеткен нағыз бақытты жан саналады ғой. Сондай жанның бірі – Төлеби ауданының құрметті азаматы, ел ағасы атанған Әуесбек Тұрдалиев еді. Ол 1952 жылы маусым айында Алатау баурайындағы шұрайлы Қаратөбе ауылында туған.
Әкесі Тойбек Мәмбетбаев ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше еңбек етті. Оның көзін көрген ауыл адамдары әлі күнге кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отырады. Тойбек ата ашаршылықты да, соғысты да, қуғын-сүргінді де көрген. Соның бәріне мойымай, қиындықты табандылығымен, еңбекқорлығымен жеңіп шыққан. Адал еңбегімен, өнегелі ұрпағымен артында өшпестей із қалдырды. Ол қандай із десеңіз, 1930 жылдары шалғайдағы тау етегіндегі ауылды одақ көлеміне танытқанының өзі не тұрады?! «Совет» іріленген ұжымшарында бас зоотехник, «Красный Боец» ұжымшарында зоотехник-селекционер болған Тойбек ата қара мал тұқымын асылдандыру ісімен тиянақты айналысып, нәтижесінде тауарлы-сүт фермасындағы асыл тұқымды бұқалармен будандастырған сиырлардың сүт өнімі артып, бұл шаруашылық сүт өндіруден еліміз бойынша алдыңғы орынға шығады. Шаруашылықтың қара мал басын үш мыңға, жылқыны мыңға, қой санын 20 отарға жеткізіп, Тойбек атамыз бұрын-соңды болмаған рекорд орнатады. Жаны ауыл табиғатымен егіз Тойбек ақсақал тау басында пайда болған бір шөкім бұлтқа қарап-ақ шаруаларға шөп, егін орағына, мал-жанға, той-жиынға қатысты кеңестерін айтып отырады екен. Ол кісінің айтқаны айна-қатесіз келетінін ауылдағы көзін көрген інілері, бүгінгі қариялар әлі күнге жыр қылып айтып отырады. Міне, осындай бастаған ісін соңына дейін жеткізетін еңбекқор қарияның ұрпағы да ата салған сара жолмен жүріп келеді.
Тойбек атамыздың ұлы Әуесбек Тұрдалиевтің өмірі мектепті, одан кейін жоғары білім алғаннан кейін былайша өрбіді: 1973-1989 жылдары Ленин ауданындағы «Күйік» кеңшарында есепші, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, Леңгір ауданындағы «Бірінші Мамыр» кеңшарындаы, «Совет» ұжымшарында, облыстық қаржы-шаруашылық басқармасында бас есепші қызметтерін абыройлы атқарды. Ал, 1989-1994 жылдары Төлеби ауданына қарасты «Ақжар», «Бірінші Мамыр» кеңшарларының директоры болды. Бұрынғы жауапкершілік енді барынша өсе түсті, бүкіл ауданның тыныс-тіршілігіне тығыз араласуға тура келді. Бұл қызметте де ол адал еңбегімен, біліктілігімен, жауапкершілігімен, табандылығымен көзге түсті. Кеңес үкіметі тұсында бар саналы ғұмырын, жастық жалыны мен күш-қайратын ауданымыздың өсіп-өркендеуіне арнады. Ол ұжымшар-кеңшарларда істеген жылдары шаруашылықтар егін, мал шаруашылығы саласында қарышты алға жылжып, еліміздің қамбасын астыққа, қорасын малға толтырып, әлеуметтік құрылыс нысандарының салынуына өз үлесін қосты десек артық айтпағандық болар еді. Өркендеп өсіп келе жатқан шаруашылықтарды бір бағыт пен ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Қажырлы еңбектің арқасында ауыл-селолар көркейе түсіп, аудан экономикасы өркендеп, халық тұрмысы едәуір жақсара түсті. Соның басы-қасында Әуесбек Тұрдалиев жүрді. Жемісті іс-тәжірибесінің арқасында беделі өсіп, өңірдегі сыйлы азаматтың біріне айналды, бірнеше мемлекеттік наградалармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Төлеби ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Бұл оның осы өңірге сіңірген адал еңбегінің әділ бағасы еді.
Еліміздің тәуелсіздігін жариялап, мемлекет тағдырын өз қолына алуы бір жағынан зор мақтаныш, қуаныш сыйласа, екінші жағынан, үлкен тарихи жауапкершілік жүктеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін едәуір қиындықтарды басынан өткеріп, нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Міне, осындай ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде – 1994 жылдан 2015 жылға дейін Әуесбек Тұрдалиев облыстық «Жәрдем» қорының президенті, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде бөлім бастығы, Қаржы бақылау комитетінің ОҚО бойынша инспекциясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарып, облысымыздың нарықтық тығырықтан, экономикалық тоқыраудан шығуына уақытпен санаспай үлес қосты.
Зейнет демалысына шықса да үйде қарап отырмады. Облыстың қоғамдық жұмыстарымен айналысты. «Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, өз білімі мен тәжірибесін партия жұмысын нығайту жолына арнады.
Ол туған өлкесіне, кіндік қаны тамған ауылына жиі ат басын бұрып тұрды. Ауылдағы ағайын-жұртпен байланысын үзбей, қолдан келгенше үлкенге іні, кішіге аға болып қамқорлық жасады. Қандай қызметте жүрсін өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, әділдікті, тазалықты сүйетін, пенделікке жол бермейтін жаны таза ағаларын ауыл халқы да жақсы көріп, құрмет тұтты. Әуесбек көке «Еңбегің адал, пейілің таза, досың сенімді болсын» деген ұстанымда өмір сүрді. Марқұм, асыл жары Зина анамыз екеуі отбасындағы балаларын да солай адалдыққа, әділдікке, еңбекқорлыққа тәрбиеледі, тиянақты, сапалы білім берді. Өмір шіркін әрқашан уайымсыз, қайғысыз, біз ойлағанымыздай бола бермейді ғой. Төтесінен келген дерт балаларының аяулы анасын алып кетті. Өзі де қария жасына келіп, ой-пайымымен, іс-әрекетімен замандастарына жақсы, әдемі қартаюдың жолын көрсетіп кетті. Таяуда 71 жасқа қараған шағында көз жұмды.
Құдайға шүкір, перзенттері де жарыса өсіп, ержетіп, жоғары білім алып, жүрек қалауындағы мамандықтарын игеріп, бұл күндері әртүрлі салада абыроймен еңбек етуде. Немере-шөберелері де жас толқындай жайқалып өсіп келеді.
Д.ХАНГЕЛДІ.
Төлеби ауданы.